Әйелмен әлем әдемі
6 наурыз күні аудандық мәдениет үйінде «Мейірім мен парасат әлемі – Ана» тақырыбында арулар мерекесіне арналған салтанатты жиын өтті. Аталған басқосуда аудан әкімі Айтбай Жандарбеков өмірге сәуле сыйлаған асыл жандарды, ардагер аналар мен бірқатар сала мамандарын облыс әкімінің құттықтауымен және аудан әкімінің алғыс хатымен марапаттады.Аталған тақырып аясында безендірілген сахна жүректі қуанышқа толтыратын махаббат маусымы – көктем мезгілінің лебін сездіріп тұр. Аудан халқының осынау айтулы шараға жиналудағы мақсаты бір. Ақ жаулығын кір шалмаған, жүрегінен мейірім төккен, ұлт пен ұрпақтың бесігін тербетіп, тәрбиесін түзеген нәзік жандар қауымын мерейлі мерекесімен құттықтау, олардың қасиетін даралап, ұлы істерін ұлықтау.
Салтанатты шараның алғы сөзін аудан әкімі Айтбай Насриддинұлы алып, асыл әжелерді, ардақты аналарды, аяулы аруларды ауданның барлық ер-азаматтарының атынан айтулы мерекемен құттықтады.
– Аналарды ардақтап, қадір тұтудың шектеулі мерзімі жоқ. Десек те, көктемнің күнін көрікті ететін 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні жыл көлеміндегі ерекше күн екені даусыз. Қадірлі аналар қауымы! Бүгінгі басқосуды пайдалана отырып, сіздерге жүректеріңіздің кеңдігі, әлемді жарқын, қайырымды, сұлу ете алатындарыңыз үшін және ер азамттарды жарқын істерге жетелейтіндеріңіз үшін алғыс айтамын. Барлық бастамаларыңызға табыс, мықты денсаулық, бақытты отбасы амандығын тілеймін. Туғандарыңыз бен жақындарыңыздың махаббатына бөленіп, көркем жүздеріңізден күлкі кетпесін. Төрт мезгілдің төресі – көктем мерекесі құтты болсын! – деді аудан басшысы.
Бұдан кейін аудан әкімі өңірімізге еңбегі сіңген ардагер аналар мен бірқатар сала мамандарына облыс әкімінің құттықтауын және аудан әкімінің алғыс хатын ұсынды. Аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Найла Әбілқасымқызы, мәдениет саласының ардагері Нағима Құрманбекқызы, мемлекеттік қызмет саласының ардагері Қалия Ертішқызы, білім саласының ардагері Райхан Сейітжанқызы, баспасөз саласының ардагері Сәуле Құрманбайқызы, Шиелі кенті әкімі аппаратының «Арман мәдениет үйі» КМҚК директоры, аудандық мәслихат депутаты Нұргүл Тәңірбергенқызы т.б сан түрлі саладағы 36 әйел облыс әкімінің алғыс хатын иеленді. Ауыл шаруашылығы саласының ардагері Мәрия Рүстемқызы, «Өскен өңір» газетінің баспасөз маманы Күләш Жұмабайқызы, «РУ-6» ЖШС-нің жылумен жабдықтау және кәріз учаскесінің химиялық су тазарту аппаратшысы Надира Айдарәліқызы, Шиелі аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің балалар кітапханашысы Перуза Жақсылыққызы т.б 35-ке уық әйелдер қауымы аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Марапат иелері құрметке бөленіп, қонақтар естелік суретке түсті. Жиын барысы әрі қарай мерекелік концертке ұласты.
Бесігін тербер ана барында, адамзаттың бәрі бақытты. Ал тіршілік өзегін келешекке жалғап, өсер ұрпағына құндақтағы шағынан ізгіліктің дәнін еккен әйелдер қауымы әрқашан бақытты болуға лайық.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ








