Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АНА – ӨМІР. АРУ – ШУАҚ. ӘЙЕЛ – НҰР.

АНА – ӨМІР. АРУ – ШУАҚ. ӘЙЕЛ – НҰР.

7 наурыз күні аудандық мәдениет үйінде «Ана – өмір. Ару – шуақ. Әйел – нұр» тақырыбында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесіне арналған салтанатты жиын өтті. Аталған басқосуда аудан әкімі Нұржан Ахатов өмірге сәуле сыйлаған асыл жандарды, ардагер аналар мен бірқатар сала мамандарын облыс әкімінің құттықтауымен және аудан әкімінің алғыс хатымен марапаттады.
Аталған тақырып аясында безендірілген сахна жүректі қуанышқа толтыратын махаббат маусымы – көктем мезгілінің лебін сездіріп тұр. Аудан халқының осынау айтулы шараға жиналудағы мақсаты бір. Ақ жаулығын кір шалмаған, жүрегінен мейірім төккен, ұлт пен ұрпақтың бесігін тербетіп, тәрбиесін түзеген нәзік жандар қауымын мерейлі мерекесімен құттықтау, олардың қасиетін даралап, ұлы істерін ұлықтау.
Салтанатты шараның алғы сөзін аудан әкімі Нұржан Ахатов алып, асыл әжелерді, ардақты аналарды, аяулы аруларды ауданның барлық ер-азаматтарының атынан айтулы мерекемен құттықтады.
– Аналарды ардақтап, қадір тұтудың шектеулі мерзімі жоқ. Десек те, көктемнің күнін көрікті ететін 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні жыл көлеміндегі ерекше күн екені даусыз.
«Мен өзіңді теңдесі жоқ құдірет деп түсінем, сендік қызу мың есе артық жердің тарту күшінен» деп ақындар жырлаған. Тарих қойнауында қалған қаншама айтулы оқиғаларда да аналарымыздың ерен еңбектері мен ержүрек батырлығы жатыр, елбасына күн туған кезде елі үшін, баласы мен ері үшін жанкешті тірліктерден өшпес із қалдырды. Қазіргі таңда да әйелдер қауымы өмірге ұрпақ әкеліп, шаңырақты шаттыққа бөлеп қана қоймай, қоғамның қай саласында болмасын, ер азаматтармен қатар жүріп, егеменді елімізді дамытуға аянбай еңбек етіп келеді.
Ауданымызда өмірге ұрпақ әкеліп, тәрбиелеп өсіруде үлгі-өнеге болып жүрген алтын құрсақты аналар жеткілікті. Солардың ішінде 975 «Алтын алқа», 1581 «Күміс алқа» иегері бар.
Сондай-ақ сіздер біздің өңірді көркейтіп, білім, денсаулық, кәсіпкерлік, ауылшаруашылық сияқты сан салаларда ауданымыздың оза шауып, асығы алшысынан түсуіне өз үлестеріңізді қосып келесіздер. Сол үшін де сіздер бар жақсыға, құрметке лайықсыздар!
Қадірлі аналар қауымы! Бүгінгі басқосуды пайдалана отырып, сіздерге жүректеріңіздің кеңдігі, әлемді жарқын, қайырымды, сұлу ете алатындарыңыз үшін және ер азамттарды жарқын істерге жетелейтіндеріңіз үшін алғыс айтамын. Барлық бастамаларыңызға табыс, мықты денсаулық, бақытты отбасы амандығын тілеймін. Туғандарыңыз бен жақындарыңыздың махаббатына бөленіп, көркем жүздеріңізден күлкі кетпесін. Төрт мезгілдің төресі – көктем мерекесі құтты болсын! – деді Нұржан Сәбитұлы.
Бұдан кейін аудан әкімі өңірімізге еңбегі сіңген ардагер аналар мен бірқатар сала мамандарына облыс әкімінің құттықтауын және аудан әкімінің алғыс хатын ұсынды. Марапат иелері құрметке бөленіп, қонақтар естелік суретке түсті.
Жиын барысы әрі қарай мерекелік концертке ұласты. Аудан өнерпаздары көрерменге әннен шашу шашып, Мәдениет саласының үздігі Әділбек Тәшімов қос домбыраны күмбірлетті. Кішкентай балақайлардан құралған топ ана туралы әндерден попурри орындап, кеш қонағы Наркенже Серікбаева аудан жұртшылығына ыстық лебізін білдірді. Толы зал бірге орындаған «Ана туралы жырмен» жалғасқан концерт «ана» деген ұлы есімге арнап соғылған қошеметпен аяқталды.
Бесігін тербер ана барында, адамзаттың бәрі бақытты. Ал тіршілік өзегін келешекке жалғап, өсер ұрпағына құндақтағы шағынан ізгіліктің дәнін еккен әйелдер қауымы әрқашан бақытты болуға лайық.

Таслима ТЕМІРБЕКҚЫЗЫ
12 наурыз 2024 ж. 124 0