АШЫҚ ФОРМАТТАҒЫ ДИАЛОГ
Қай кезеңде болсын, ел басқару – тек қызмет емес, аманат. Сыр бойының сан ғасырлық шежіресін бойына сіңірген Шиелі ауданы – талай тарихи белесті артта қалдырған, тамыры терең, тағдыры күрделі өңір. Бұл топырақта бабалардың ізі, аналардың ақ батасы, ел қорғаған ерлердің рухы бар. Осындай киелі мекенде ел басқару – тарих алдындағы жауапкершілікпен тең.Бүгінгі таңда аудан тізгінін ұстаған Айтбай Жандарбеков тұрғындарды жеке қабылдап, олардың көкейіндегі сауалдарға жауап берді. Мұның тереңіне үңілсек, ғасырлар бойы қалыптасқан дала демократиясының жалғасы, халық пен билік арасындағы алтын көпірдің үзілмегенін көруге болады.
Қазақ қоғамында хан да, би де қараша халықтың сөзін тыңдаған. «Тура биде туған жоқ» деп әділдікті ту еткен жұрт биліктен ең алдымен әділет күтті. Ауыл ақсақалдары мен игі жақсылар бас қосқан жиындарда елдің мұңы айтылып, ортақ шешім табылатын. Бүгінгі жеке қабылдаулар – сол дәстүрдің заманауи үлгісі.
Қабылдау барысында тұрғындар тұрғын үй, жер, тұрақты жұмыс, әлеуметтік қолдау мәселелерін көтерді. Ол тек жай ғана өтініштер тізімі емес, әрқайсысының артында тағдыр, үміт, ертеңге деген сенім тұр. Баспанасыз жүрген отбасының арманы, жұмыс іздеген жастың үміті, әлеуметтік қолдауға зәру жандардың жанайқайы – мұның бәрі қоғамның шынайы келбетін айқындайды.
Сыр өңірі – талай сыннан өткен өлке. Ашаршылық, соғыс жылдары, тоқырау кезеңі – халық бәрін бастан өткерді. Бірақ елдің бірлігі мен үміті өзгермеді. Қандай қиындықта да жұрт билік пен халықтың арасы алшақтамауын қалады. Өйткені елді сақтайтын – сенім.
Бүгінгі күні тұрғын үй кезегі, жер телімін бөлу, жұмыспен қамту мәселелері заң аясында кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Бұл – мемлекет пен қоғам арасындағы келісімнің көрінісі. Әрбір өтініштің мұқият қаралуы, заң талаптарына сәйкес сарапталып, нақты шешім қабылдануы – әділет қағидатының сақталғанын білдіреді.
Жұмыс сұраған азаматтарға аудан көлеміндегі бос жұмыс орындарының ұсынылуы, қоғамдық жұмыстар мен қайта даярлау курстарына жол ашылуы – әлеуметтік саясаттың нақты тетігі. Бұл тек уақытша қолдау емес, азаматтың өз өмірін өзгертуіне мүмкіндік беру.
Бүгінгі қоғам – ақпараттық қоғам. Азаматтар аудан әкімінің жеке қабылдауына eGov.kz порталы немесе e-Otinish жүйесі арқылы жазыла алады. Осы арқылы биліктің қолжетімді болуын, ашықтықтың жаңа кезеңін көре аламыз.
Кеше ел ағалары ат үстінде жүріп ел сөзін тыңдаса, бүгін заманауи технологиялар арқылы халық үнін есту мүмкіндігі бар. Уақыт өзгерді, бірақ елдің мүддесіне қызмет етудегі мақсат өзгерген жоқ.
Аудан әкімінің жеке қабылдауы – есеп беру емес, жауапкершілікті сезіну алаңы. Әрбір азаматтың мәселесін тыңдау арқылы билік қоғамның тынысын аңғарады. Ал халық өз сөзінің ескерілгенін көргенде, сенімі нығаяды. Апта ортасында Айтбай Жандарбеков өткізген жеке қабылдау – жүйелі жұмыстың бір парасы ғана. Алдағы уақытта да осындай кездесулер жалғасып, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағытындағы шаралар тұрақты түрде жүзеге асырыла бермек. Халықтың үніне құлақ асу – әділетті қоғам құрудың негізі. Ал ашық диалог пен нақты іс-қимыл – сол мақсатқа бастар сенімді жол.
С.БАХТИЯРҚЫЗЫ








