ҰЛТ РУХЫН ҰЛЫҚТАҒАН ҰЯ
Қазақ үшін мектеп – тек білім ордасы емес, ұлттың жадын, рухын, ертеңін сақтайтын киелі мекен. Ал сол мектептің тарихы ел тарихымен астасып жатса, оның әрбір жылы, әрбір ұстазы мен түлегі тұтас бір дәуірдің шежіресіне айналады. Шиелі ауданы, Бәйгеқұм ауылындағы №251 Мұхтар Әуезов атындағы орта мектеп – дәл осындай тағылымы терең, тамыры тарихқа кеткен білім ордасы.Бұл мектептің іргетасы 1939 жылы №18 бастауыш мектеп ретінде қаланды. Сол бір қилы кезең – соғыс алдындағы ауыр жылдар, ел тағдыры таразыға түскен уақыт еді. Бар-жоғы екі мұғалім, он бес оқушыдан басталған шағын мектептің тағдыры бүгінгі таңда жүздеген шәкірттің үміті мен арманын арқалаған іргелі оқу орнына айналуы ауыл жұртының білімге деген шексіз құрметінің айқын дәлелі.
Алғашқы жылдары мектеп тізгінін ұстаған Н.М.Березин, одан кейінгі М.С.Ступенькова, Б.А.Добромыслов, Б.Тоқбаулин сынды азаматтар қиындыққа мойымай, білім шырағын сөндірмей алып жүрді. 1953 жылы жеті жылдық, 1957 жылы №401 темір жол мектебі болып қайта құрылуы заман талабына сай дамудың көрінісі. Әр кезеңде мектепке жетекшілік еткен А.Исмаилов, Б.Арипов, Б.Жанаева секілді басшылар бұл ұжымды жаңа белестерге жетеледі.
1960-1970 жылдар – мектеп тарихындағы ерекше серпін кезеңі. 1962 жылы сегіз жылдық, 1965 жылы орта мектеп мәртебесіне ие болуы ауыл балаларының үлкен өмірге жол ашуына мүмкіндік берді. Ал 1975 жылы қазақтың ұлы жазушысы, ой алыбы Мұхтар Әуезовтің есімінің берілуі – бұл білім ошағына артылған рухани жауапкершілікті еселей түсті. Әуезов есімі – терең ой, ұлт тағдыры, адамзаттық биік мұраттар деген сөз. Бұл атау мектептің бағыт-бағдарын айқындап берді.
Тәуелсіздік жылдарындағы қиын-қыстау кезеңде де бұл мектеп тоқырап қалған жоқ. 1997 жылы сол кездегі №50 орта мектеп директоры Ұ.Найманбаеваның аудандық «Өскен өңір» газетінде жарияланған Үндеуі ауыл жұртшылығын бірлікке үндеді. Бұл – баспасөздің қоғамдағы рөлін тағы бір мәрте дәлелдеген тарихи сәт еді. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген. Расында да, сол бір үндеу халықтың көзін ашты, құлағын түргізді, жүрегіне жігер берді. Сол кездегі аудан әкімі Ж.Тұрабаевтың жетекшілігімен, осы мектептің түлегі Темірхан Әлімқұловтың бастамасымен, аудан мекемелері мен мектептердің қолдауымен 1999 жылы жаңа ғимарат «Асар» әдісімен бой көтерді. Бұл – қазақы ынтымақтың, елдік сананың жарқын көрінісі.
Бүгінде бір кездері 15 оқушысы бар шағын мектепте 416 шәкірт білім алуда. 79 педагог еңбек етеді. Оның ішінде педагог-зерттеуші, педагог-сарапшы, педагог-модератор санатындағы ұстаздардың көп болуы – мектептің сапалы білім берудегі биік деңгейін көрсетеді.
Білім саласында ғана емес, олимпиадалық қозғалыста да мектеп оқушылары өзіндік қолтаңбасын қалдырып келеді. 2024-2025 оқу жылында жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңіне екі оқушы қатысып, жоғары жетістіктерге жетті. Орыс тілі мен әдебиеті пәнінен Әбдікәрім Жанайым Алдабергенқызы алғыс хатпен марапатталды, жетекшісі – Қалжанова Сәбира. Қазақ тілі мен әдебиетінен Мақсұт Еркеназ Әбдіхамитқызы 3 орынға ие болып, жетекшісі – Қуандықова Күміскүл. Ал Алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің мұғалімі Мұханбетжанов Бауыржан Тойжанұлы өз пәні бойынша ғана емес, тоғызқұмалақтан да аудандық және облыстық сайыстардың жеңімпазы атанды. Бұл – мектептің білім сапасының, ұстаздар мен оқушылардың талмай еңбектенуінің айқын дәлелі.
Биылғы оқу жылының алғашқы қоңырауы да ерекше салтанатпен соғылды. 1 қыркүйек күні өткен шараға аудан әкімі Айтбай Жандарбеков пен облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов қатысып, ұстаздар мен оқушыларға ақжарма тілектерін арнады. Білім саласына сүбелі үлес қосқан ардагер ұстаздардың марапатталуы – ұрпақтар сабақтастығының, еңбекті бағалаудың белгісі.
№251 мектептің тағы бір айрықша қыры – оның баспасөзбен етене байланысы. «Өскен өңір» газетімен үздіксіз шығармашылық байланыс орнатқан ұжым – сөз арқылы ойды тәрбиелеудің үлгісін көрсетіп келеді. Бұл – мектеп қабырғасында қалыптасқан азаматтық ұстанымның, қоғамдық белсенділіктің жемісі. Қорытындылай айтқанда, Бәйгеқұмдағы Мұхтар Әуезов атындағы мектеп – өткен мен бүгінді, білім мен баспасөзді, ұлт рухы мен заманауи ойды жалғаған алтын көпір. Осындай мектептер барда, Ахмет Байтұрсынов аңсаған ояу, ойлы, елін сүйетін ұрпақтың жолы жалғаса бермек.
С.БАХТИЯРҚЫЗЫ








