Топ-баннер
Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ШИЕЛІ ТӨРІНДЕГІ ШЫНАЙЫ ҚҰРМЕТ

ШИЕЛІ ТӨРІНДЕГІ ШЫНАЙЫ ҚҰРМЕТ

Қазақ қоғамында ана тақырыбы ешқашан ескірген емес. Себебі уақыт алмасқанымен, ұлттың өзегін сақтайтын құндылық өзгермейді. Ол – ана. Тарих беттерін парақтасақ, ел тағдыры сынға түскен әр кезеңде аналардың парасаты мен сабыры ұлтты аман алып қалғанын көреміз.
Жоңғар шапқыншылығы тұсында ел бірлігіне ұйытқы болған Қарашаш ана, ел билеген әулеттердің тағдырына ықпал еткен Айғаным, ұлы ойшылдың рухани қалыптасуына әсер еткен Зере – бәрі де бесік тәрбиесі арқылы тарихқа із қалдырды. Олар қару ұстамады. Бірақ ұлттың рухын ұстап тұрды. Олар мінберге шықпады. Бірақ ұрпақтың мінезін қалыптастырды.
Бүгінгі бейбіт күнде осынау рухани миссия өз жалғасын тауып келеді. Апта ортасында аудан әкімі Айтбай Жандарбеков көпбалалы аналарды арнайы қабылдап, мемлекет тарапынан берілетін «Алтын алқа» және «Күміс алқа» төсбелгілерін салтанатты түрде табыстады. Киелі Шиелі жерінде ұйымдастырылған тағылымды шара – ана еңбегіне көрсетілген құрметтің, отбасы құндылығын ұлықтаудың жарқын көрінісі болды.
Бұл жолы 33 ана марапат төрінен көрінде. Олардың сегізі – «Алтын алқа», ал жиырма бесі – «Күміс алқа» иегері. Осылайша ауданда «Алтын алқа» иегерлерінің саны 1031-ге, «Күміс алқа» иегерлерінің саны 1530-ға жетіп отыр. Бұл – тек статистикалық көрсеткіш емес, бұл – шаңырақтың шырайын кіргізіп, ұлт болашағын тәрбиелеп отырған аналардың ерен еңбегінің айғағы.
Тарихқа көз жүгіртсек, ел басына күн туған шақтарда аналар ер-азаматпен қатар иық тірестіре жүріп ұлтты аман алып қалды. Ашаршылық жылдары, соғыс кезеңінде, тоқырау тұсында да ананың төзімі мен сабыры қоғамды сақтап тұрды. Қазіргі бейбіт заманда да сол миссия жалғасып келеді – тек майдан даласы өзгерді. Енді күрес – рухани жұтаңдықпен, құндылықтардың әлсіреуімен. Ал бұл майданда да ананың рөлі шешуші.
Ананың әлдиі – баланың алғашқы мектебі. Ана мейірімі – мінездің іргетасы. Ана тәрбиесі – ұлттың болмысы. Сондықтан көпбалалы аналарды қолдау – жай ғана әлеуметтік саясат емес, бұл – ұлттық қауіпсіздіктің бір тетігі. Себебі саналы ұрпақ – мемлекет тұрақтылығының кепілі.
Салтанатты жиында аудан басшысы аналардың ел болашағын тәрбиелеудегі өлшеусіз еңбегін атап өтті. Бұл – ресми сөз ғана емес, қоғам мойындаған шындық. Өйткені бүгін бесік тербеткен ана – ертең ел тізгінін ұстайтын азаматтың ұстазы.
Марапат иелері өз кезегінде ризашылықтарын білдіріп, алғаусыз алғыстарын жеткізді. Қазақта «Ананың батасы – Алланың батасы» деген сөз бар. Бұл – ұлт санасында ананың мәртебесі қандай биік екенін айғақтайтын ұғым. Бүгінгі таңда жаһандану үдерісі күшейіп, құндылықтар алмасқан заманда ұлттық негізді сақтап қалудың бір жолы – отбасы институтын нығайту. Ал отбасының өзегі – ана. Ана аман болса – қоғам аман. Ана қуатты болса – мемлекет қуатты.
Кешегі Зере мен Айғаным тәрбиелеген ұрпақ қандай болса, бүгінгі алтын құрсақты аналардың перзенттері де сондай елжанды, парасатты, жауапты азамат болып қалыптасарына сенім мол. Ұлттың болашағы – бесікте. Бесіктің иесі – ана. Ендеше ананы ұлықтау – болашақты ұлықтау. Анаға көрсетілген құрмет – елдің ертеңіне салынған ең берік іргетас.

Сұлушаш БАХТИЯРҚЫЗЫ
02 наурыз 2026 ж. 30 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№16 (9383)

28 ақпан 2026 ж.

№15 (9382)

24 ақпан 2026 ж.

№14 (9381)

21 ақпан 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031