Топ-баннер
Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Алғыс айту – бірлігіміздің белгісі

Алғыс айту – бірлігіміздің белгісі

1 наурыз – Алғыс айту күні! Бұл – халқымыздың дәстүріне айналған мейірімділік және жанашырлық секілді асыл қасиеттерін күллі әлемге паш ететін күн. Осы күні саяси қуғын-сүргін жылдарында жер аударылып, сағым қуған сайын далаға жеткен көптеген халықтың көрген азабын жеңілдетуге, тартқан қорлығын сейілтуге үлес қосқан қазақ халқына алғыс айтылады. Жұма күні, Руханият орталығында «Алғысым шексіз» атты мерекелік кеш өтті. Оған аудан әкімінің орынбасары Б.Смағұлов, аудандық мәслихат төрағасы М.Тұрабаев, ақасақалдар кеңесінің төрағасы И.Байкенжеев қатысты.

Күнтізбеден ойып орын алған мереке 2016 жылдан бастап атап өтіліп келеді. Осы күнде адамдар бір-біріне, ата-аналарына, балаларына алғыс айтып, уақытын отбасымен және достарымен бірге өткізеді. Бір сөзбен айтқанда, алғыс айту күні – адамдардың бір-бірімен достық, туыстық, жағымды қарым-қатынас орнатуға бір қадам жасауы.
Мерекелік кештің шымылдығын аудан әкімі Б.Смағұлов ашып, тұрғындарға ыстық лебізін білдірді.
– Алғыс айту күнінде барша аудан халқына елімізді өркендету мен дамыту жолындағы жұмыстарға сүбелі үлес қосқаны үшін алғыс айтамын! Ел арасындағы тыныштықты сақтауда басым рөл атқарып, бір ауыз отты сөзімен тентектерді түзеген, аузы дуалы, абыз ақсақалдардың орны қашан да ерекше. Тал бесіктен ұрпақ тәрбиелеп, қоғам өміріне де араласа білген ақ жаулықты аналар! Ел экономикасының дамуында ерекше орын алатын кәсіпкерлік, өнеркәсіп, құрылыс, ауылшаруашылығы саласында қызмет атқарып келе жатқан кәсіпкерлерге, құрылысшыларға, диқандарға, қарапайым шаруа адамдарына, өз ісінің майталманы болған әрбір мамандық иелеріне зор ризашылығымды білдіремін! Ұрпақ тәрбиелеген ұстаздар мен ұлт саулығын ойлаған ақ халатты абзал жандарға да халыққа қалтқысыз қызмет жасағандары үшін алғыс айтамын! Жасампаз елдің жаңаруы мен дамуы жолында тың идеяларымен келіп, жалынды жастығымен жаңа серпін әкелген жастарға да алғыс айтамын! – деді.
Мерекелік кеште сан түрлі салада еңбек еткен ардагерлер мен сала мамандары, кәсіпкерлер мен қарапайым шаруа адамдары марапат мінберінен табылып, аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Ауданның әлеуетін арттыру жолындағы еселі еңбек еленіп, мерекелік көңіл-күй орнады. Өнерпаздар әннен шашушашты.
– Қазақ қай заманнан кеңпейілдігімен, өр жомарттығымен аты шыққан дана халық. Қазақстан сонау зобалаң заман жылдарында тағдыр тәлкегіне ұшыраған талай ұлтты өз бауырына басып, өзім деп қабылдаған ел. Барша қазақ еліне алғысым шексіз. Мереке құтты болсын, – деп лебізін білдірді кәріс ұлтының өкілі И.Цой. Сонымен қатар А.Карауылщиков те алғыс айтты.
Келесі сөз кезегін алған Нартай ауылы ардагерлер кеңесінің мүшесі А.Баукенұлы барша аудан тұрғынын 15 наурыз күні өтетін референдумға белсенді қатысуға шақырды. Сондай-ақ өңірдің өркендеуіне үлес қосып жүрген жандарды мерекемен құттықтады.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні «Мәңгілік ел» құру жолында бұл мерекенің маңызы басым. Сана тұрғысынан саралар болсақ «Алғыс айту күні» қазақстандық патриотизмнің, бірлік пен достықтың жарасымды мерекесі. Тіпті түсі бөлек, мұраты егіз тоғыспалы мәдениетімізді паш ететін күн. Ер етігімен, ат ауыздығымен су кешкен қиын қыстау шақта бар ауыртпалықты бірге көтеріп, мемлекет басшысының жетекшілігімен Тәуелсіз Қазақстан құру жолында аянбай тер төккен ел азаматтарының бір-біріне құрмет көрсету күні. Бұл күн еліміздегі барлық этностың әрқайсысы өзінің қайталанбас ұлттық бояуы қанық сан алуан мәдениетін көрсетіп, оның елдік өркениет жолымен қанат жайып, дамып жатқанын, бірлігі бекем біртұтас ел құрудың заманауи келбетін қалыптастырып жатқан Қазақстанды әлемге таныта беретін күн. «Руханият» ордасында өткен мерекелік кеш те дәл осы салтанаты келіскен ел екенімізді айшықтап тұрғандай.

Г.Әбдіғани
02 наурыз 2026 ж. 29 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№16 (9383)

28 ақпан 2026 ж.

№15 (9382)

24 ақпан 2026 ж.

№14 (9381)

21 ақпан 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031