18 ТАМЫЗ – ШЕКАРАШЫЛАР КҮНІ

Шекара қауіпсіздігі – Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздігінің ажырамас бөлігі. Оны жүзеге асырушы – Шекара қызметі, ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрамдас бөлігі ретінде мемлекетіміздің экономикалық және саяси мүдделерін күзетеді.
Халқымыз үшін қастерлі ұғым болып саналатын, ата-бабадан қалған жерді қорғау, мемлекеттік шекараны күзету – үлкен абырой, маңызды жауапкершілік. Бүгінде ҚР ҰҚК Шекара қызметі Қызылорда облысы бойынша Департаменті Шиелі шекара бөлімі осы жауапкершілікті өз деңгейінде орындауда. Атап айтсақ, Шиелі шекара бөлімі Қызылорда облысына қарасты Жаңақорған, Шиелі, Сырдария аудандары арқылы өтетін мемлекеттік шекара сызығын ішкі және сыртқы елдерден келетін шекара бұзушылардан күзетіп, қорғауды қамтамасыз етеді.
Биылғы жылдың қаңтар айынан бастап шекаралық кеңістікте шамамен 2,5 тоннаға жуық заңсыз, құрамында есірткі заттары бар өсімдік тәркілеп, заң бұзушыларды құрықтаған. Қазіргі таңда, аталған бөлімнің басшысы подполковник Ержан Махатов және бөлім бастығының орынбасары Дінмұхаммед Болатұлы және тылдық қамтамасыз ету бойынша басшы аға сержант Досбол Полатовтың бастамасымен еліміздің бастау алар нүктесі, яғни мемлекеттік шекарамызды 300-ге жуық әскери қызметкерлер күндіз-түні кірпік қақпай күзетуде.
Мерейлі датаға орай 18 тамыз күні аудандық «Арман» мәдениет үйінде «Шекара қызметі – азаттықтың алтын айбары» атты меркелік шара өтті. Шараға аудан әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұлов, Шиелі шекара бөлім бастығының ТИЖ жөніндегі орынбасары майор Расул Рафоиллоұлы және «Тәжік-Ауған» шекарасындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері мен мүгедектері Шиелі аудандық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғалымжан Балтабайұлы, сала ардагерлері мен мамандары, БАҚ өкілдері қатысты.
Патриоттық негізге бағытталған кәсіби мерекені аудан әкімінің орынбасары Б.Ысмағұлов ашып берді.
– Көршілес мемлекеттермен бейбіт аспан астында достық қатынаста ғана болу біздің елдің өмір сүру салтына айналса, басты күшіміз – бірлікте. Десе де, ұшқан құстың қанаты, шапқан тұлпар тұяғы талатын ұлан ғайыр атырап шебін шекарашылар жіті қорып, кірпік қақпай күзетуде. Сондықтан да олар қандай болсын құрметке лайықты. Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Шекара қызметі әрқашан ерліктің, антқа адалдықтың және әрбір азаматтың қауіпсіздігі үшін айрықша жауапкершіліктің символы болып қала береді. Қазақстандық шекарашылар қойылған міндеттерді жоғары деңгейде орындап, кәсібилігін, табандылығын және Отанға адалдығын көрсетіп келеді.
Мерекелік шарада аудан әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұлов сала қызметкерлерін аудан әкімінің алғыс хатымен марапаттап, құрмет көрсетті.
Отан тыныштығын күзету жолында еңбек етіп жүрген жандарға сый табыс етіліп, салтанатты шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты. Ел тыныштығына өмірін арнаған шекарашыларымыздың мерейі қашанда үстем болсын!
«Өскен өңір» ақпарат