Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » 18 ТАМЫЗ – ШЕКАРАШЫЛАР КҮНІ

18 ТАМЫЗ – ШЕКАРАШЫЛАР КҮНІ

Биыл Ұлттық қауіпсіздік қызметі Шекара қызметінің құрылғанына – 30 жыл. Қазыбек би айтқандай «Жерінің шетін жау баспасын деп найзаға үкі таққан» елдің шекарашылары бүгінде ел сенімі мен үмітін толықтай ақтап келеді. Алайда Отанды қорғап, күні-түні көз ілмейтін шекара қызметінің қиындығы айтпаса да ұғынықты.
Мерейлі датаға орай 18-ші тамыз күні аудандық «Арман» мәдениет үйінде «Ардагерлер ерлігі – ұрпаққа аманат» атты тәжік-ауған шекарасында соғыста болған ардагерлермен кездесу өтті. Шараға аудан әкімінің орынбасары Ерсұлтан Апетов, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жібек Баймұратова, Жас­тар ресурстық орталығының директоры Ержан Әбдеш, сала ардагерлері мен мамандары, БАҚ өкілдері қатысты.
Патриоттық негізге бағытталған кәсіби мерекені аудан әкімінің орынбасары Ерсұлтан Амантайұлы ашып берді.
– Көршілес мемлекеттермен бейбіт аспан астында достық қатынаста ғана болу біздің елдің өмір сүру салтына айналса, басты күшіміз – бірлікте. Десе де, ұшқан құстың қанаты, шапқан тұлпар тұяғы талатын ұлан ғайыр атырап шебін шекарашылар жіті қорып, кірпік қақпай күзетуде. Сондықтан да олар қандай болсын құрметке лайықты. Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Сан жылдар бойы білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғалып, 13 мың 294 шақырымға созылған шекараның біздің өңірге тиесілі бөлігі 600 шақырымға тең. Иә, еліміздің айбынды әскер түрлерінің қатарына кіретін шекарашылар күні лайықты аталып өтті. Отан тыныштығын күзету жолында еңбек етіп жүрген жандарға сый табыс етіліп, салтанатты шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты. Ел тыныштығына өмірін арнаған шекарашыларымыздың мерейі қашан да үстем болсын!

Сұлушаш БАХТИЯРҚЫЗЫ
22 тамыз 2022 ж. 1 164 0