Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Электр желісі заманауи құрылғыға ауысты

Электр желісі заманауи құрылғыға ауысты

– Көзіміз шайдай ашылды-ау! – дейді бүгінде Шиелідегі көпшілік жұрт. Ашылмағанда ше, әрине, ашылады! Үкіметтен 4.3 млрд қаржы сол сығырайған жарық қуатын күшейту үшін бөлініп, оған сонау Еуропаның қақ төріндегі техмагнат ел Германиядан арнайы заманауи құрылғы әкелінген жоқ па?!
Иә, осыған дейін аудандағы электр қуатының төмендігі күн тәртібіндегі түйінді мәселе болатын. Себебі Кеңес өкіметі кезіндегі халық санына сай жоспарланған электр торабы соңғы жылдары қарқынды өскен халық санына, әлеуметтік нысандар мен қатары күн санап артқан бизнес және өндіріс орындарының сұранысына толық қуаты жетпей жүрді. Жетпегенді жеткіземіз деп үйлерге қуат күшейткіш құрылғы орнатып, әбігерге түскендер қаншама?
Енді осы мехнаттың бәрі артта қалды десек те болады. Шиелі аудандық электр торабының толық жаңғыртудан өткен «Шиелі» қосалқы станциясының қуаты мамандардың айтуы бойынша 86 мыңдай тұрғыны бар ауданның алдағы 40 жылдық халық өсіміне дейін өз мүмкіндігін, қуат-күшін жоғалтпай қызмет көрсетуге қабілетті.
Яғни Шиелі халқы алдағы 40 жылда өсіп-өніп, қанатын кеңге жайып жатса да, электр қуатынан алаңсыз күн кеше бермек.
«Облыстық энергетика басқармасы» КММ-нің тапсырысы негізінде толықтай жаңғыртылған жоба жұмысын аудан әкімі Айтбай Жандарбеков жиі қадағалап отырды.
Айта кетейік, бұған дейінгі «Шиелі» қосалқы станциясы 1964 жылдан бері қызмет етіп келген еді.

Тұтынушыларға әсері қандай болады?
Енді аудандағы 19 021 тұтынушысы – оның ішінде 17 078 тұрғын үй және 1 943 мекеме – электр энергиясымен тұрақты әрі сапалы қамтамасыз етіледі. Бұған дейін кей кездері кернеудің тұрақсыздығы мен техникалық шектеулер байқалған болса, енді жаңа құрылғылардың арқасында желіге түсетін жүктеме оңтайлы бөлінеді. Бұл, әсіресе, ауылдық елді мекендер мен өндірістік кәсіпорындар үшін маңызды.
Энергетика – кез келген өңірдің даму негізі. Шиелі ауданында жүргізілген бұл жаңғырту тұрғындардың өмір сапасын арттырып қана қоймай, ауыл шаруашылығы, шағын және орта бизнес, білім беру мен денсаулық сақтау салаларына да оң әсерін тигізеді.
Аудандағы электр жүйесінің жаңғыруы – жай техникалық жоба ғана емес, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін маңызды қадам. Заманауи құрылғылардың орнатылуы – аудан халқын сапалы, тұрақты жарықпен қамтамасыз етудің кепілі. Айта кету керек аталмыш жоба рес­публикада алғаш болып, Шиелі ауданында жүзеге асып отыр дейді дерек көздер.

Нұрболат ПІРІМБЕТ
19 тамыз 2025 ж. 21 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№62 (9329)

19 тамыз 2025 ж.

№61 (9328)

16 тамыз 2025 ж.

№60 (9327)

12 тамыз 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031