Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Энергия тапшылығы артады

Энергия тапшылығы артады

Жылдан-жылға халық санының артуы, жаңа тұрғын үйлердің қатарласа бой көтеруі мен өнеркәсіптің дамуы электр энергиясын тұтынушылардың қатарын өсіріп отыр. Бүгінде елдегі энергия тапшылығы – 1,3 ГВт.

Энергия тапшылығы артады
Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Мемлекет басшысы да бұл мә­селеге көңіл аударып, «Қуат тапшылығы 2030 жылға қарай 6 гигаватқа жетеді. Бұл біздің экономикамыздың өсу қарқынының айтарлықтай баяу­лауына және тұрғын үй-ком­му­налдық саладағы жүйелі дағ­да­рыс­қа әкелуі мүмкін», деген еді.
Энергетика саласының сарапшысы Жақып Хайрушевтің айтуынша, бұған дейін жылдық 1,5–2 пайыз өсіммен шектелген жа­рық көзін тұтыну көрсеткіші биыл рекордтық межеге – 7 па­йызға жеткен. Ал елдегі жылу желі­лерінің тозуы 60 па­йыз­ды құ­райды. Желілердегі электр энер­гиясының шығыны 30 пайызға жетсе, заманауи электр жүйелеріндегі шығын – 10 пайыз. Үкіметтің ресми ақпа­ра­тына сүйенсек, экономика мен халықты сенімді энергиямен жабдықтауды қамтамасыз ету мақсатында таяу жылдары жаңа энергия қуаттарын кезең-кезеңімен енгізу және қол­да­ныс­тағы электр стансаларын жаң­ғыр­ту көзделеді.
Энергетика министрлігінің ұсынған мәліметтеріне қара­ғанда, биыл Екібастұз ГРЭС-1-де 1-энергоблокті қал­пына келтіру жобасын аяқ­тау жоспарланған. Көк­шетау, Семей, Өскемен қала­ла­рында жаңа ЖЭО салу мәселесі пысықталып, оңтүстік өңірлерде 2025–2026 жылдары аяқталатын газ өндіру жобалары іске асырылып жатыр. Жаңартылатын энергияның 15 пайыздық үлесіне қолжеткізу үшін 2030 жылға қарай «Total Energies», «Acwa Power» және «Masdar» стратегиялық инвес­торларымен ірі жобаларды жүзеге асыру жоспарланған. Сонымен қатар 2024 жылға 10 энергоблокті, 55 энергетикалық қазандықты және 45 турбинаны күрделі және кеңейтілген ағымдағы жөндеу, сондай-ақ жалпы ұзындығы 20,9 мың км электр беру желілеріндегі 423 қосалқы стансаны жөндеу жос­парда бар.
«Жалпы өндірілген электр энергиясы 112 млрд кВт/сағ көрсетсе, тұтыну – 115 млрд кВт/сағ. Жыл басынан бері жағдай түзеліп, профицит пайда бола бастады. Оны көрші елдерге беріп отырмыз. Нақты санмен айтсақ, тұтыну – 49,3 млрд кВт/сағ, өндірілген энергия 49,8 млрд кВт/сағ болып отыр. Профицит шамамен миллиардқа жуық. Әрине, энергия көп тұтынылатын кешкі уақытта тапшылық болады. Бірақ ол Ресейден алынған энергия есебінен жабылады», дейді Энергетика министрлігі Электр энергетикасын инвестициялау департаментінің басшысы Жалғас Шөгелбаев.
Кейінгі жылдары секторға салынған инвестиция көлемі артып, инвестициялық келісім шеңберінде 2028 жылға қарай қосымша 3,5 ГВт қуат алу, сондай-ақ теңгерімге сәйкес 2027 жылға қарай тұрақты профицитке қолжеткізу мүмкіндігін жоққа шығармайды маман.
Энергетиктер одағының басшысы Марат Дұлқайыров алдағы 2-3 жылда оңтүстік өңір­лердің электр энергиясынсыз қалу қаупі бар деген болжамын айтты.
«Қазақстан өзі өндірген энергиядан да көп тұтынады. Сондықтан профицит туралы айту артық. Біз қазір электр қуаты бойынша өте қиын тапшылыққа тап болдық. Оңтүстік өңірлерде халықтың 50 пайызы тұрады. Балқаштан төмен орналасқан 6 облыстағы тапшылық үлесі – 55 пайыз. Біз алдағы 2-3 жылда электр энергиясын шектеу мен өшіру секілді тапшылықтың салдарын тартатын боламыз», дейді Дұлқайыров.
Кейінгі 7-8 жылда энергия беру нысандарында толық жа­ңарту жұмыстары жүр­гі­зіл­меген. Елде энергети­калық жабдықтар мен активтердің ескіруі жоғары дәрежеде қа­лып­тасып, соның ішінде өнді­ру­­ші жабдық орта есеппен – 65 пайызға, электр желілері – 83 па­йызға, жылу желілері 80 па­йыз­ға тозған. Жүктеменің артуына байланысты жоспарлы жөндеу жұмыстары жиі өзге­ріске ұшырап, олардың мер­зімін ұзарту мен кейінге қал­ды­ру тұрақты үрдіске айналып, салдары төтенше жағдайға әке­ліп жатыр. Мысалы, 2021 жылы Екі­бас­тұз ГРЭС-1 және ГРЭС-2 электр энергиясының бұрын-соңды болмаған көп көлемін өн­дірген. 2023 жылы электр энергиясын тұтыну 115,06 млрд.кВт/сағ болып, 2022 жылмен салыстырғанда 1,9 пайызға өскен. Бұл ретте электр энергиясын өндіру 2022 жылғы деңгейде қалып, 112,82 млрд.кВт/сағ бол­ды. 2023 жылы жүктеме өскен кезде еліміздегі электр стансалары генерациясының төмендеуі байқалған. Талдауда анықталғандай, электр стан­саларының жиынтық белгі­ленген қуаты 24 ГВт болса, нақты қуаты 19,1 ГВт немесе шамамен 80 па­йызды құрайды. Жұмыс қуаты белгіленген қуаттың шамамен 65 пайызы немесе 15,4 ГВт болды. Бұл, әрине, желілердің тозуын жоғарылатады.
07 маусым 2024 ж. 124 0