Табиғаттың тартуы күн, су және жел
Сыр елінде жыл он екі ай жел соғып тұратыны барлығымызға аян. Оның жылдамдығы тұрақты түрде 10-15 км сағатқа жетеді. Күннің температурасы да жылдың басым бөлігінде жылы болатыны белгілі. Демек игерусіз жатқан қаншама шақырым аумаққа жел станциялары мен күн батареяларын орнатуға мүмкіндік бар. Ақыры жер шет елдіктердің пайдалануына берілмейді екен, ендеше егелік еткен жерімізге қамқорлық жасау керек шығар?!
Қазақстанда пайдаланылатын электр энергиясының 70% проценттен астамын көмір электр станциялары шығарады екен. Бұл станциялардың жұмысы еліміздің солтүстік шығысында өндірілетін арзан көмір есебінен қамтамасыз етіледі. Отандық экологиялық ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктер, ауаға тасталатын жыл сайынғы көмір қышқыл газы мөлшерінің 80% проценті осы станциялардың қызметі есебінен, олай болса олардан қоршаған ортаға келетін зияны айтпаса да түсінікті.Естеріңізде болса, ЭКСПО–2017 көрмесі барысында Қазақстан үкіметі 2020 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің ел экономикасындағы үлесін 3% процентке дейін арттыратынын мәлім еткен болатын. Бүгінде елімізде жаңартылу мүмкіндігі бар қуат көздерінен энергия өндіруді жолға қойған 97 кәсіпорын жұмыс істейді. Бұл кәсіпорындар өндіретін энергетиканың жиынтық қуаты – 1260 МВт. Оның ішінде күн электр станциялары өндіретін қуат көрсеткіші – 697 МВт, жел электр станцияларының үлесі – 336 МВт, гидро және биоэнергетика көрсеткіші – 224 МВт. Ал отандық электростанциялардың жалпылама алғандағы қуат көрсеткіші – 19 330 МВт. Демек жалпы өндірілетін қуат көзінің 6,5 процентін баламалы энергия көздері қамтып отыр. Дегенмен электр энергиясын тұтыну көрсеткіші жыл сайын өсіп келеді. Сарапшы мамандар, 2030 жылға дейін бұл көрсеткіш жыл сайын 2,5%-ға өсіп отырады деген болжам айтады. Бүгінде жұмыс істеп тұрған электр станциялары бұл қажеттілікті толығымен қамти алатыны күмәнді. Сондықтан күн мен желдің қуатын осы оңтүстік облыстарда тиімді пайдалану маңызды. Мысалға қазірдің өзінде Маңғыстау облысында «Бурное Солар-2» станциясы арқылы сағатына 46 млн КВт электр қуаты, ал Ақмола облысы, Ерейментау қаласындағы жел электр станциясының көмегімен 100 МВт электр қуаты алынады. Жалпы алғанда, қазір елде 12 жел және 20 күн электр станциясы жұмыс істейді. Біздің облысқа да міне осындай электр станциялары ауадай қажет. Бастысы станцияның көмегі мен электр энергия тапшылығы жойылып, тариф арзандайды. Әйтсе де таяқтың екі ұшы бар демекші идеяны іске асырудың қиындықтары да жетерлік. Жеріміздің географиялық ерекшелігі мен құрылғылардың бағасы баламалы энергетиканы дамытуға өзіндік кедергілер келтіруде. Мысалы қуаттылығы 1мВт жел генераторының бағасы 126 млн теңге, ал күн батареясының құны 50 млн теңгеге жуық. Бұндай ауқымды жоба үлкен инвесторлардың көмегімен ғана іске асады және де алғашқы жылдары табыс әкелмейтіні анық.
Мұндай жағдайда жергілікті өнертапқыштың ешбір баламалы қуат көзінен кем түспейтін құрылғысына жүгінбеске болмас. Мәселен 31 жастағы Марат Палмахов мәңгілік қозғалтқыш ойлап тапқан. Мәңгілік дейтін себебіміз құрылғы күн мен желдің қуатын қажет етпейді. Су көзі мен құяр сағасы болса жеткілікті. Құрылғының көмегімен шалғай елді мекендерді қуат көзімен қамту және биікте орналасқан егіс алқаптарын суаруға болады. Мараттың сөзінше құрылғының әлемде баламасы жоқ.
Марат Палмахов, өнертапқыш:
– Бұл менің 40-рет құрастырған нұсқам. Қателіктер мен сынамалар нәтижесінде электр энергиясын өндіріп қана қоймай, сумен қамтуға мүмкіндігі бар агрегат құрастырылды. Бір мезетте екі функцияны да атқара алады. Жарты литр сумен қуат өндіретін құрылғы ғылыми еңбек пен ептіліктің арқасында шындыққа айналды.
Сырбойылық шебер баламасыз құрылғыға патент алып, ірі өндіріске енгізуді жоспарлап жүр. Өнертапқыш ауа ластануына жол бермейтін экологиялық таза құрылғы қазіргі қолданыстағы алып қондырғыларды алмастыра алатынына толық сенімді. Ендеше жерлесіміз керемет құрылғысын патенттеп алса, миллиондаған қаражатсыз-ақ баламалы энергия алуға мүмкіндік тумақ. Сондай-ақ өнертапқышқа мемлекеттік деңгейде қолдау білдіріліп, құрылғысын өндіріске енгізуге мүмкіндік жасалса, құрылғы бүкіл Қазақстанның жетістігіне айналарына сенеміз.
Рамазан Әнәпия