Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ШИЕЛІГЕ ШЫРАЙ БЕРГЕН ИНВЕСТИЦИЯ

ШИЕЛІГЕ ШЫРАЙ БЕРГЕН ИНВЕСТИЦИЯ

Көз алдымызда түлеп жатқан өңір бар. Ол – Шиелі. Бүгінгі таңда бұл қасиетті өлке ел экономикасының ірі тыныс-тіршілігіне ұласқан, өндірістік әлеуеті күн санап артып келе жатқан маңызды өңірлердің бірі. Жақында Шиелі топырағына арнайы жұмыс сапарымен ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Мұрат Әбенов пен Мархабат Жайымбетов келіп, аудан аумағындағы ірі инвестициялық жобалармен және әлеуметтік мәселелердің шешілу барысымен танысты. Бұл сапар – жай ғана ­танысу емес, өңір ішіндегі елеулі өзгерістердің нақты көрінісін зерделеуге бағытталған жауапты миссия еді.
Олардың жанында облыстық партия филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов, аудан әкімі Айтбай Жандарбеков, аудандық мәслихат төрағасы Мұрат Тұрабаев және партияның аудандық филиалының төрағасы Болат Сыздық та болды. Бірге жүріп, бірге зерделеді. Бірге ой қорытып, ел болашағына қатысты нақты пікір айтты.

ЖАҢА ДӘУІР – ЖАҢА ИНФРАҚҰРЫЛЫМ
Депутаттардың сапары ең алдымен халықаралық маңызы бар «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автодәлізі бойындағы заманауи кешеннің құрылыс алаңынан басталды. Мемлекеттік қолдау ретінде жобаға Тұран ауылдық округі аумағынан 2 гектар жер телімі табысталған. «Эко Энерджи Плюс» ЖШС іске асырып жатқан бұл жоба – 1,5 млрд теңге көлеміндегі инвестицияны тартқан, сервистік қызмет көрсету мен газ құю бекетін қамтитын кешен. Қазірдің өзінде құрылыс алаңында 15 жергілікті азамат жұмыс істеуде. Ал кешен толық іске қосылғанда тағы 27 тұрғынға тұрақты жұмыс табылмақ.
Аудан әкімі Айтбай Жандарбеков бұл жобаның маңызын ерекше атап өтті:
– Жоба толық іске қосылғанда аудан бюджетіне жылына шамамен 200 миллион теңге салық түседі. Бұл – жергілікті экономиканың нығаюына, әлеуметтік нысандардың қаржылануына зор септігін тигізеді.

КҮННЕН ҚУАТ АЛҒАН КЕЛЕШЕК
Сапар барысында халық қалаулылары Еңбекші ауылдық округі аумағында бой көтеріп жатқан қуаттылығы 40 МВт күн-электр станциясының жұмыс барысын да назарға алды. Аумағы 80 гектарды қамтитын, құны 11,5 млрд теңге болатын бұл жоба – экологиялық тұрғыда таза энергияға көшудің жарқын мысалы.
Қытайлық China Huadian Corporation Ltd компаниясы қолға алған нысан үш кезеңнен тұрады. Қазіргі таңда алғашқы екі кезеңі – жол және қоршау құрылысы мен күн панельдерінің орнатылуы – аяқталып, қосалқы станция жұмыстары жалғасуда. Бүгінге дейін жоба аясында 55 жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылды.
Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов аталған жобалардың стратегиялық маңызын атап өтті:
– Мұндай ірі бастамалар мемлекет тарапынан кешенді қолдау тауып, толыққанды инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі қажет. Бұл – ел дамуының қозғаушы күші.

САЛМАҚТЫ ӨНІМНІҢ ОРДАСЫ
Сапардың тағы бір маңызды бағыты – еліміздегі ең ірі өндіріс орындарының бірі «Гежуба Шиелі Цемент Компаниясы» ЖШС болды. Зауыт жылына 1 миллион 100 мың тонна цемент өндіреді. Қазіргі таңда бұл өндіріс орнында 264 адам еңбек етуде, оның 85 пайызы – жергілікті тұрғындар.
Зауыт директоры У Чен Хуа мен делегация арасында өндірістің даму бағыттары, технологиялық жаңашылдықтар мен кадр саясаты жайында мазмұнды диалог өрбіді. Мұрат Әбенов зауыттың жуырда «Қазақстанның үздік тауары – 2025» өңірлік көрме-байқауында жеңімпаз атанғанын айта отырып:
– Бұл жетістік – сапалы өнім мен заманауи технологияның, үздіксіз еңбектің нәтижесі. Ұжымның ұйымшылдығы мен кәсібилігі – табыстың кілті, – деп жоғары бағасын берді.

ХАЛЫҚ ҮНІН ЕСТІГЕН ЖЕР
Сапар соңында делегация аудан тұрғындарын жеке мәселелерімен қабылдады. Көше жөндеу, ауыл инфрақұрылымы, спорт кешендерінің жағдайы сынды нақты мәселелер көтерілді. Депутаттар әрбір өтінішті бақылауға алып, тиісті органдарға жеткізетіндерін айтты. Бұл – жай уәде емес, сенім мен серіктестікке негізделген ұстаным.
Қоғамдық қабылдау – қағаз жүзіндегі науқан емес, жүрекпен тыңдай білудің форматы. Бұл – халық пен билік арасындағы алтын көпір.
Иә, Шиелі туралы айтқанда, бұрын оның шежіресін еске алатын едік. Енді – жобаларын. Бұрын еңбекші халқымен мақтанатынбыз. Енді жаңашыл бағытымен де мақтануға болады.

Сұлушаш МАДИЯРОВА,
сурет Б.Бәйімбет
06 шілде 2025 ж. 24 0

Қоғам

Форум – БАҚ назарында
08 шілде 2025 ж. 36

PDF нұсқалар мұрағаты

№48 (9315)

01 шілде 2025 ж.

№47 (9314)

28 маусым 2025 ж.

№46 (9313)

24 маусым 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031