МӘЖІЛІС ДЕПУТАТТАРЫ ШИЕЛІ АУДАНЫНДАҒЫ ІРІ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАРДЫҢ ЖҮЗЕГЕ АСУЫМЕН ТАНЫСТЫ

Алдымен делегация «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық автодәлізі бойынан салынып жатқан газ құю бекеті мен сервистік қызмет көрсету кешенінің құрылыс алаңына барды. Аталған жобаны «Эко Энерджи Плюс» ЖШС жүзеге асыруда. Жалпы құны 1,5 млрд теңгені құрайтын кешен іске қосылғанда 27 жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Мемлекеттік қолдау ретінде жобаға Тұран ауылдық округі аумағынан 2 гектар жер телімі табысталған.
– Жоба толық іске қосылғанда аудан бюджетіне жылына 200 млн теңгеге жуық салық түседі деп жоспарлап отырмыз. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде, 15 жергілікті тұрғын еңбек етуде, – деді аудан әкімі Айтбай Жандарбеков. Сапар барысында халық қалаулылары Еңбекші ауылдық округі аумағында салынып жатқан қуаттылығы 40 МВт күн электр станциясының жұмысымен де танысты. 80 гектар жерді алып жатқан нысанды China Huadian Corporation Ltd компаниясы салып жатыр. Жалпы құны – 11,5 млрд теңге. Жоба үш кезеңнен тұрады: жол және қоршау құрылысы, күн панельдері және қосалқы станция. Қазіргі таңда алғашқы екі кезең аяқталып, үшінші кезең жұмыстары жүргізілуде. Осы күнге дейін жоба аясында 55 жергілікті тұрғын жұмысқа тартылған. Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов:
– Мұндай ірі жобалар мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау тауып, толыққанды инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі қажет, – деді. Депутаттар жұмыс сапары барысында жергілікті тұрғындардың тұрақты жұмыспен қамтылуы, ауылдық елді мекендердегі әлеуметтік мәселелердің шешілу барысын көзбен көруді, сондай-ақ заңнамалық деңгейде қолдауды қажет ететін өзекті мәселелерді зерделеуді мақсат етті. Сапар соңында делегация «Гежуба Шиелі Цемент Компаниясы» ЖШС-нің өндіріс орнында болды. Зауыт директоры У Чен Хуамен кездесіп, өндіріс барысын талқылады. Жылына 1 млн 100 мың тонна цемент өндіретін зауытта бүгінде 264 адам жұмыс істейді, оның 226-сы – Қазақстан, 38-і – Қытай азаматтары. Жалпы жұмысшылардың 85 пайыздан астамы – жергілікті тұрғындар. Айта кетейік, жуырда өткен «Қазақстанның үздік тауары – 2025» өңірлік көрме-байқауында аталған зауыт жеңімпаз атанды. – Бұл жетістік – сапалы өнім мен заманауи технологияның, үздіксіз еңбектің нәтижесі. Ұжымның ұйымшылдығы мен кәсібилігі – табыстың кілті, – деді депутат Мұрат Әбенов.Осындай ауқымды жобалар мен ірі кәсіпорындар Шиелі ауданының өндірістік әлеуетін арттырып, өңір экономикасының тұрақты дамуына елеулі үлес қосуда.
@Шиелі ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі