«AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ АТЫНАН АУДАН ӘКІМІ ЛАУАЗЫМЫНА ҮМІТКЕР ҰСЫНЫЛДЫ
Жақында «AMANAT» партиясы Шиелі аудандық филиалының кезектен тыс XVLІІ конференциясы өтті. Конференция жұмысына арнайы «AMANAT» партиясы Шиелі аудандық филиалының төрағасы Болат Сыздық, облыстық мәслихат депутаты Дәулет Жұмбеков сонымен қатар, бастауыш партия ұйымының жетекшілері, партия белсенділері, партия ардагерлері, аудандық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының мүшелері мен «Жастар Рухы» жастар қанатының өкілдерінен 120 делегат қатысты. Аталған жиынның күн тәртібінде «AMANAT» партиясы Шиелі аудандық филиалы Саяси кеңесінің құрамына өзгерістер енгізу туралы және «AMANAT» партиясы» қоғамдық бірлестігінен Шиелі ауданының әкімі лауазымына үміткер ұсыну туралы мәселелері қаралды. Конференция жұмысын партияның аудандық филиалының төрағасы Болат Сыздық жүргізіп отырды. Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша «AMANAT» партиясы Шиелі аудандық филиалы Саяси кеңесінің құрамына делегаттардың дауыс беруімен өзгерістер енгізілді.Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша конференция жұмысына 3 үміткер ұсынылып, қатысқан делегаттардың ашық дауыс беруі нәтижесінде Шиелі ауданының әкімі лауазымына үміткер ретінде Айтбай Жандарбеков таңдалды. Ол аудандық сайлау комиссиясында тіркеуден өтеді. Жалпы конференцияның күн тәртібіне ұсынылған мәселелер толық қаралып, тиісті қаулылар қабылданды.