Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «Банк Центр Кредит» ашылды

«Банк Центр Кредит» ашылды

Қайсыбір елде тыныштық сақталып, бейбіт заман орнаса, ол жердегі халықтың жағдайы едәуір жақсарып, экономикасының қарқындап дамитыны дәлелдеуді қажет етпейтін дүние. Құдайға шүкір, бірлігі бекем, ынтымағы жарасқан қазақ даласында бүгінде қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын тыныш дәуір орныққан. Соның дәлелі шығар облыс, қала, аудан тіпті ауылдарда халыққа қажетті түрлі нысандар соғылып, ел игілігіне беріліп келеді. Соңғы үлгіде бой көтерген сол ғимараттардың табалдырығын аттай қалсаңыз қызметкерлер мен келушілерге жасалған жайлылық пен заманауи технологиялармен толықтай қамтылғанын байқайсыз. Бұл да болса, тәуелсіз Қазақстанның қатардан қалмай, ұлы нөпірге ілесіп келе жатқанының көрінісі емес пе?!
Сәрсенбі күні кент орталығынан бой тіктеген тағы бір жаңа ғимарат жұмысын бастап, келушілер үшін есігін айқара ашты. Жиналғандар бұл жолы тұрғындарға қысылғанда тығырықтан шығуға жәрдем беріп, кәсіп ашып күнелтемін деушілерге төменгі пайызбен несие үйлестіріп, күнделікті тіршілікке қажетті технологияларға жылдам әрі оңай қол жеткізуге мүмкіндік беретін «Банк Центр Кредит» акционерлік қоғамының №1 қызмет көрсету орталығының ашылу салтанатының куәсі болды. Бүгінде біздің бірқатар шаруаларымыз осы банктер арқылы бітетін болды. Қазір бұрынғыдай алыстағы ағайынға ақша жөнелту үшін вокзал жағалап, әуреге түспейтін болдық. Зейнетақы мен айлық еңбекақыны да бухгалтердің есігін торуылдап, кезекке тұрмай кез келген уақытта өзіміз ала береміз. Қажет кезде ақша да алып, бітпегенімізді бітіріп жатырмыз. Осы ретте, аталмыш банктың да біз үшін берері мол болып тұр. Жалпы, «Банк Центр Кредиттің» акционерлік қоғамы, 1988 жылы қыркүйек айында құрылып, Қазақстан тарихында ең алғашқы коммерциялық банктердің қатарына енген. Қазіргі таңда республика бойынша банктің филиалдары өте кең тараған. Сондай-ақ, 100-ден астам банк филиалдары мен бөлімшелері заңды және жеке тұлғаларға жоғары деңгейде қызмет көрсетуде. Отыз жыл ішінде «Банк Центр Кредит» акционерлік қоғамы өз клиенттері мен қызметкерлері үшін сенімділік пен тұрақтылықты қамтамасыз етіп, олардың өз мақсаттарын жүзеге асыруға мүмкіндік жасап келеді.
Аталмыш шараға аудан әкімі Ә.Оразбекұлы қатысып, ел игілігіне жұмыс жасайтын осынау мекеменің болашақтағы жұмысына табыс тіледі. Сонымен қатар, салтанатты жиында «Банк Центр Кредит» АҚ басқарушы директоры Т.Ишмуратов, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры акционерлік қоғамы Қызылорда облыстық филиалының директоры А.Тастанов сөз сөйлеп, банктің алдағы уақытта атқаратын жұмыс жоспарларымен таныстырып өтті.

Е.Даткен.
02 маусым 2018 ж. 1 488 0