Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ақтөбеде этномедиация мәселелері талқыланды

Ақтөбеде этномедиация мәселелері талқыланды

Ақтөбеде этномедиация мәселелері талқыландыАймақтарда, елдімекендерде туындайтын дау-жанжалдарды шиеленіссіз шешу жолдары, мәмілегерлік институтты дамыту, этномедиаторлар мен этнокеліссөз жүргізушілерді дайындау мәселелері Ақтөбеде өткен «Бірлік пен келісімге 30 жыл» атты республикалық конференцияда талқыланды. ҚР ҚХА хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов құрамына 4 мыңнан астам қоғамдық ұйым мен этномәдени бірлестіктерді біріктірген Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелері елдігімізді, егемендігімізді нығайтуда зор еңбек сіңіргенін атап өтті. Соңғы жылдары Ассамблеяның жастар қанаты өте белсенді жұмыс істеп, ел ішінде атқарылатын игілікті істерден құр қалып жатқан жоқ. Солардың бірі – Ақтөбе облыстық Ассамблеясының мүшелері.
Конференцияда Ассамблеяның медиация бағытын дамыту жолдарына талдау жүргізілді. Дау-жанжалға тап болған тараптарды татуластыру, келеңсіз жағдайлардың алдын алу, жанжалдарды сотқа жеткізбей шешуде кәсіби медиаторлар дайындаудың ерекшеліктері жөнінде қазақ-неміс университетінің доценті Гүлмайдан  Оразбаева баяндама жасады. Ол этномедиаторлар мен этнокеліссөз жүргізушілерді еліміздің мәдени және аймақтық ерекшеліктерін ескере отырып, шиеленістің алдын алатын, дау-жанжалдарды реттеуші мамандар ретінде оқытудың қажеттілігін көрсетті.
Сарапшы Айгүл Кәкімбекқызының айтуынша, елімізде 2021 жылдан бастап этномедиаторлар дайындаудың арнайы бағдарламасы жасалды. Соның нәтижесінде Ассамблеядағы медиация кеңесі жанданып, аймақтарда  кәсіби медиторлар, этносаралық кикілжіңді анықтайтын сарапшылар оқытылды. Маманның айтуынша, қазіргі уақытта жасырын сипаты бар шиеленістерді анықтауда ерекше біліктілік керек. Әсіресе, тұрмыстық  сипатта басталған дау-жанжалды шиеленістірмеу керек.
«Өкініштісі, тұрмыстық кикілжің өршіген кезде, оған этносаралық бояу жағатындар табылса, қоғам басқаша қабылдайды. Жанжал өршігенде өшпенділік тілі қалыптасып, қарама-қарсы тарап бірін айыптай бастайды. Сол үшін де жанжалдың түпкі себебін барынша тез анықтап, адамдармен барынша ашық сөйлесе білу өте маңызды. Кей жағдайда жергілікті билік органдары қызметкерлері дау-жанжалға тап болған адамдармен ашық сөйлеспегендіктен, мәселе шиеленіседі. Егер жанжал жасөспірімдер арасында туындаса, оны тек ата-ана мен мұғалімнің мойнына артып қоймай, жан-жақты көмек керек. Түпкі мақсат – жағдайды ушықтырмау», дейді маман.
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров қазіргі уақытта қоғамдық пікірді зерделеуде этномедиацияның маңызды құралға айналғанын атап өтті. «Ақтөбе облысында этносаралық жағдай тұрақты. Бәріміз бір елдің азаматымыз, ел – ортақ, мәселе де ортақ болғандықтан, кез келген мәселені ашық талқылау өте маңызды», деп түйіндеді.
Ақтөбе облысы
20 ақпан 2025 ж. 77 0