ОБЛЫСТЫҚ ӘЙЕЛДЕР ФОРУМЫ ӨТТІ
Аймақтың қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық мәселелеріне белсенді араласып жүрген қызкеліншектер көп-ақ. Кеше олардың бір тобы жаңадан ашылған «Руханият» орталығында басқосты. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында ұйымдастырылған «Әлемнің әміршісі – еңбек» атты әйелдер форумына 150-ге жуық нәзікжанды жиналды.
Олардың қатарында қоғам белсенділері, кәсіпкер, білім және денсаулық, өнеркәсіп саласының қызметкерлері, көпбалалы аналар болды. Жиналғандар алдымен ғимараттың ішкі көрінісімен танысты. Форумның жұмысы жергілікті әйел-кәсіпкерлердің өздерінің төл өнімдерін халыққа ұсынған көрмеден басталды. Олардың қатарында қол өнер бұйымдары, ұлттық киімдер мен қолмен пісірілген тәттілердің түр-түрі көздің жауын алды. Келуші қонақтар ұсынылған бұйымдарды тек тамашалап қана қоймай, ұнағанын сатып алуға да жағдай жасалды.
Ал орталықтың мәжіліс залында өткен басқосуда азаматтық сектор мен қоғамдық ұйым өкілдері отбасылық-демографиялық саясат жөнінде, әйелдердің қоғамдағы рөлі турасында маңызды мәселелерді талқылады. Бұл қатарда отбасыларды әлеуметтік және экономикалық қолдау, бала құқығы және әйел теңдігіне қатысты да ұсыныс-пікірлер айтылды.
Форумның ашылу салтанатында аудан әкімі Айтбай Жандарбеков өткен жылы ауданда атқарылған жұмыстарға аз-кем тоқталып, әйелдердің қоғамдағы рөлі, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі жайлы айтты.
– Біздің ортамызда тек өз өмірін ғана емес бүкіл қоғамның өмір сүру дағдыларын жақсартуды қалайтын белсенді әйелдер өте көп. Бәріне белгілі, қазіргі таңда бизнесті дамыту үшін жақсы жағдайлар қарастырылған. Тек жұмыс істеп, тәжірибе алмасып және қиындықтан қорықпау қажет. Бүгінгі форум – жаңа көптеген пайдалы жаңалықтар алмасу үшін ашық сөйлесу алаңы бола алады, – деді аудан басшысы.
Одан соң облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы Райкүл Байназарова, облыстық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Манат Алмашева, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының еңбек мобильділігі орталығы директорының орынбасары Ақерке Ахметова баяндама жасады. Жиын барысында отбасы құндылықтары, жұмыссыздық, әйелдердің қоғамдағы, жанұядағы рөлі жайлы бірқатар мәселелер талқыланды. Сонымен қатар жұмысшы мамандықтар жылы аясында тұрғындарды кәсіптік оқумен қамту мәселесі бойынша Шиелі индустриалды-аграрлы колледжі директорының орынбасары Бақтияр Дайрақұлов баяндады.
Форум барысында өңірдің әлеуметтікэкономикалық, қоғамдық-саяси өміріне үлес қосып жүрген белсенді әйелдер сыр бөлісті. Олар әңгімесін жетістікке жету жолындағы қиын да қызықты сәттерден бастап, қазақ әйелдерінің асыл қасиеті жөнінде мазмұнды оймен түйіндеп жатты. Ізінше бірқатар белсенді нәзікжанды облыс әкімінің орынбасары А.Зебешев пен облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы Р.Байназарованың алғыс хаттарымен марапатталды.
Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ