Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АНАЛАР ФОРУМЫ – ДӘСТҮР ЖАЛҒАСТЫҒЫ

АНАЛАР ФОРУМЫ – ДӘСТҮР ЖАЛҒАСТЫҒЫ

Қоғамдағы әйел рөлінің маңыздылығын дәріптеп, ауыл әйелдерінің мәртебесін арттыруды мақсат тұтқан аналар форумы Шиелі ауданында өтті. Іс-шараға батыр аналар, әр салада жұмыс істеп жүрген әйел-аналар, мемлекеттік қызметкерлер, ҮЕҰ мен БАҚ өкілдері қатысты.
Шиелі ауданы – даласы дархан, қойнауы қазына, тарихы телегей теңіз шежірелі өлке. Киелі өңір қашанда Еңбек Ері, Батыр аналарымен мақтанған қасиетті ел. Ақ күріштің ортасында жүріп, еңбегі еленген Ұлбала, Заһира, Шырынкүл, Айша, Жадыра сынды аналарымыз – өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге.
«Еңбек – абырой. Еңбек – бақыт. Еңбек – даңқ» деген тақырыпты арқау еткен форум аудан әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Арман мәдениет үйінің алдында шатыр тігіліп, онда түрлі кәсіптің көзін тапқан әйелдер өз өнімдерін ұсынды. «Сырлы саз» ансамблі ән шашуын арнап, қонақтарға ерекше көңіл-күй сыйлады. Ұлттық аспаптардан құралған өнерпаздардың құлақ құрышын қандырар күймен қарсы алуы қазақтың ұлттық құндылықтарын айшықтап тұрды.
Алаңда аяулы аналарды дәріптейтін «Еңбегі жанған арулар» атты кітап көрмесі және ісмер аналардың қолынан шыққан қолөнер бұйымдары көрмеден орын алды. Сондай-ақ көздің жауын алатын кілемдер мен Бала би ауылының сапалы сабыны, Шиелінің шұжығы және Омар торттың дәмді тәттілері де көрменің сәнін кіргізді.
Аудан әкімінің орынбасары қоғамдағы аналардың рөліне баса мән бере отырып, форумның мақсатына тоқталды.
– Қазақ әйелінің ұлттық болмысын және отбасы құндылықтарын сақтау жолында осындай кездесулердің маңыздылығы жоғары деп есептеймін. Бұл басқосу нәзік жандылардың көкейінде жүрген көп сауалының жауабын табуына, жетістіктерімен бөлісіп, тәжірибе алмасуына мүмкіндік берері сөзсіз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сыр еліне жасаған сапарында «Шын мәнінде, еңбек адамдары – халқымыз үшін ең қажет азаматтар. Ең алдымен, біз еңбек адамдарына құрмет көрсетуіміз керек» деген болатын. Бүгінгі форумның да дәл еңбек тақырыбына арналуының артында үлкен мән жатыр. Осы жиын арқылы біз еңбек адамының қоғамдағы рөлін насихаттау, ауыл әйелінің әлеуетін арттыруды мақсат етіп ­отырмыз, – деді Алмат Алдабергенов.
Одан кейін облыс әкімінің отбасы және әйелдер істері жөніндегі уәкілі Гүлнар Жұмашева, Қызылорда облысы бойынша Әйелдер Күші Альянсының төрайымы Рахима Ахметова, облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы Райкүл Байназарова арнайы қонақ болып, ана мен бала және қоғамдағы түрлі келелі мәселелер жайлы баяндамаларын оқып, бірқатар әйел-аналарды алғыс хатпен марапаттады. Осы тұста айта кетейік, ауданның мәдениеті мен тарихын қадірлеп, әлеуметтік-экономикалық дамуына, мемлекеттік саясаттың жоғарғы деңгейде жүзеге асуына үлес қосып жүрген ақжаулықты аналарымыз бен қыз- келіншектер де құрмет төрінен көрінді.
Рухани әрі тәрбиелік мәні зор басқосу жоғары дәрежеде өтті. Осылайша, аналар форумы концерттік бағдарламамен жалғасын тауып, қонақтар ризашылықпен тарқасты.

Айнұр ИБРАШЕВА,
Сурет Бақытжан БӘЙІМБЕТТІКІ
27 қараша 2023 ж. 139 0