Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Анасын ұлықтаған ел ардақты

Анасын ұлықтаған ел ардақты

Еңбекші ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастырумен ерлі-зайыпты Батыр ана, Социалистік Еңбек Ері Ұлбала Алтайбаева мен соғыс ардагері Сұлтанхан Төрениязовтың 100 жылдығына орай «Жұлдызы жанған ана» атты шара өтті.
Айтулы шараға Еңбекші ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Бекходжаев, ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы Ұ.Бәтішова, Ұлбала Алтайбаева мен соғыс ардагері Сұлтанхан Төрениязовтың ұрпақтары, зиялы қауым өкілдері, ауыл тұрғындары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Шара барысында Еңбекші ауылдық округінің әкімі Бағдат Серікбайұлы сөз алып, Ұлбала Алтайбаеваның ерен еңбектеріне тоқталып:
– Шиелі ауданы – ақ күріштің отаны атанған киелі мекен. Осы топырақта 41 Социалистік Еңбек Ері дүниеге келген. Солардың бірі, Шиелінің атын Алашқа әйгілеген, қос жұлдызды ана атанған – Ұлбала Алтайбаева екені мәлім. Он үш баланы мәпелеп өсірген ардақты жан «Батыр ана» атанып бір марапатталса, егін даласындағы көрсеткен қайсарлығы мен ерлігі үшін тағы еленіп, «Социалистік Еңбек Ері» атағын алды. Осылайша қос жұлдызды тағынған ана елдің алғысына бөленді. Иә, жақсының артында ізгілікті ісі қалады. Биыл туғанына 100 жыл толған Еңбек Ерінің ұрпақтары шырайлы Шиелінің топырағында әр салада толымды еңбек етіп, қоғамның дамуына өз үлестерін қосып келеді, – деді.
Одан кейін Ұлбала Алтайбаеваның көзін көрген ­ауылдастары сонау ескі жылдарда өткен естеліктерімен бірге, батыр ананың елге жасаған еңбектерін тілге тиек етіп, жақсы адамның артында қалдырып кеткен әдемі иірімді өмірін ауыл жастарына айтып мақтан тұтты.
Шарада ауыл ардагері М.Бекходжаев пен С.Бекмұратұлы батыр ана Ұлбала Алтайбаева атындағы мұражайдың лентасын қиып, музейдің ашылуы­мен құттықтады. Кеш соңы Еңбекші ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастырған концерттік бағдарламасына ұласты.

Дархан Ғалымжанұлы
31 қазан 2023 ж. 312 0