Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ДАЛАСЫ ДӘНГЕ, БАСЫЛЫМЫ МӘНГЕ ИЕ ШИЕЛІ

ДАЛАСЫ ДӘНГЕ, БАСЫЛЫМЫ МӘНГЕ ИЕ ШИЕЛІ


Күн күлімдеп ерекше нұрмен оянды. Айналаға шуақ шашып, жер мен көктің арасын ыстық лебімен жалғады. Бұл қазанның 19-шы жұлдызы болатын. Киелі Шиелінің төрінде дүбірлі диқандар тойы «Алтын дән – 2024» мерекесімен қатар ауданның төл басылымы «Өскен өңір» газетінің 85 жылдық мерейтойы, ертеректегі «Қызыл Ту», қазіргі Ыбырай Жақаев ауылының 95 жылдық және Жақаевшылар қозғалысының 60 жылдық мерейтойы аталып өтті.

«Алтын дән» мерекесі әдеттегіше жәрмеңкеден бастау алып, аудан тұрғындары орталық стадионға қарай бет алды. Ежелден келе жатқан егіншілер мен жұмысшылардың көптен күткен мерекесі сабантой да, дайындық та жоғары деңгейде. Көктем шыға кетпенін күнге сүйдіріп еңбектенген шаруалар ала жаздай алқабын баптап, қоңыр күзде жиын-терім уақытында жылдық азығын еселеп еңсеріп алды. Бұл еңбеккерлер үшін молшылық айы болып саналады. Егінін жинап, төл басын көбейтіп, еңбегінің жемісін, табиғаттың сарқылмас сыйын көретін де осы шақ. Төккен тер мен еткен еңбек еленіп жатса, тіптен ғанибет! Күзде ел етек-жеңін жинап, дала жұмыстары демін басып, табысты таразылайтын шаққа саяды. Пейілін кеңге, қырманын дөңге сала келген диқандардың төл мерекесімен қатар өрбіген а у д а н д ы қ « Ө с к е н өңір» газетінің 85 жылдық мерейтойына жанжақтан келген қонақтар м е м л е к е т ж ә н е қ о ғ а м қайраткері Алтыншаш Жағанова, мемлекет және қоғам қайраткері, әдебиеттанушы, ғалым Сауытбек Абдрахманов, қоғам қайраткері, жазушы, баспагер Әлібек Асқаров, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, жерлесіміз Нұртөре Жүсіп, Қазақстан Жазушылар одағының және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі Сәрсенбек Бекмұратұлы, жазушы, журналист-заңгер, Қазақстанның Мәдениет қайраткері, қазақ журналистикасының қайраткері, тіл жанашыры, магистральді құбыр көлігінің құрметті қызметкері, Шиелі ауданының Құрметті азаматы Ағайдар Ысымұлы, облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев қатысты. Жылдағы дәстүр бойынша биыл да «Алтын дән – 2024» мерекесі ауданда өз дәрежесінде аталып өтті. «Алтын дән» – тек той тойлау ғана емес, еткен еңбектің есебін де беретін кез. Биылғы жыл шиеліліктер үшін табысты болды. Халқымыз «Жер – жомарт, жерге сенген ел жомарт, еңбек еткен ер жомарт» деп бекер айтпаған. «Ақмаржанның» отаны атанған шиелілік диқандар бұл жолы да сенім үдесінен шықты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа арнаған Жолдауында «Қазіргі ауыл шаруашылығы – жоғары технологиялы сала. Шаруаларды жер жағдайы немесе ауа райы емес, инновациялық амал-тәсілдер табысқа жеткізеді. Заманауи ғылымға сүйенбесе, ауыл шаруашылығы жай тоқырауға емес, құрдымға кетеді. Агроғылымды дамыту және ең бастысы, оны ауыл шаруашылығында іс жүзінде қолдану үшін шаралар қабылдау қажет» деген болатын. Биыл аудандағы шаруашылық құрылымдары 31799 гектар жерге егін егіп, ырзығын еселеп жиып алды. Молшылық м е р е к е с і н і ң ш ы м ы л д ы ғ ы д а л а академигі, даңқты диқан Ыбырай Жақаевты және дала еңбеккерлерінің бейнесін сомдаған көрініспен түріліп, дала дүбірінің үні естілді. Жақаевшылар қозғалысын еске салып, ұрпаққа үлгі еткен керемет шарада аудан айнасы «Өскен өңір» газетінің халық қолына қалай жететінінен де көрініс берілді. Сабантойда ақ лебіздің тізгінін ағытып, өңірдің өріс алған игіліктерін пайымдаған аудан әкімі Жандарбек Айтбай: «Ауданда соңғы 5 жылда барлық салалар бойынша дамудың оң динамикасына қол жеткізілді. Құрылыс, инвестиция көлемі артып, ауданның бюджеті бірнеше есеге артты. Күріштен жоғары көрсеткіш өнім жиналып, Шиелі ауданы облыста бірнеше рет «Үздік, озат аудан» атанды. Бұл – ертелі кеш еңбек еткен еңбеккерлердің жемісі» деді. Сондай-ақ қамба астыққа, ұра қыстық азыққа толатын берекелі күз айының ең қадірлі мерекесін тойлауға алыстан ат арытып келген қонақтар да ізгі тілектерін білдірді. Иә, диқан еңбегі – қашанда марапат мінберінің алтын тұғыры. Ауданның ауыл шаруашылығы саласын өркендетіп, тынбай еңбек еткен егінжай ерлері қашанда мақтауға лайық. Осы орайда ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі «Әсет» шаруа қожалығының төрағасы С.Рановқа, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің құрмет грамотасы «Нұрислам» шаруа қожалығының төрағасы Е.Райсов пен «Алтын дән» шаруа қожалығының төрағасы Қ.Рахманға, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Алғыс хаты «Апбасов» шаруа қожалығының төрағасы Б.Аппасқа табысталды. Мереке қарсаңында «Үздік шаруашылық» номинациясымен «Ақмая» шаруа қожалығының төрағасы Д.Жұмбеков, «Озат инвестор» номинациясымен «Төңкеріс К» шаруа қожалығының төрағасы Б.Көпеев, «Озат азық-түлік өңдеу шаруашылығы» номинациясымен «Әшірбеков» шаруа қожалығының төрағасы Б.Әшірбеков, «Озат су үнемдеуші шаруашылық» номинациясымен «ТАҢ LTD» ЖШС басшысы И.Шағыртаев, «Озат су аяқсу жеткізуші мекеме» номинациясымен «Шиелі су шаруашылығы» өндірістік учаске басшысы Д.Әубәкіров марапатталды.
Сондай-ақ «Озат егін тәртібін сақтаушы шаруашылық» номинациясы «Халық» ферма қожалығы басшысы Қ.Мыхановқа, «Озат ұлттық ойындар демеушісі» номинациясы «БАЛА БИ-2004» өндірістік кооперативі П.Күзембайға, «Озат жанашыр шаруашылық» номинациясы «Бестам елі» шаруа қожалығы Б.Қошқаровқа, «Озат Жақаев ізбасары» номинациясы «Алтын дән Шиелі» шаруа қожалығының төрағасы А.Бердібаевқа бұйырды. Күзгі мереке барысында еңбек озаттары да елеусіз қалмады. «Алтын күзде» «Озат агроном» номинациясымен «Алтын дән Шиелі» шаруа қожалығының агрономы А.Нұртөриев, «Озат егіс бригадирі» «Бидайкөл» шаруа қожалығының бригадирі Ә.Қуатбаев, «Озат комбайншы» «Шолпан ана» шаруа қожалығының комбайнері Б.Жолдасбек, «Озат жатка машинисі» «Сейтжанов» шаруа қожалығының жатка машинистрі М.Сейтжан, «Озат күріш өсіруші» «Алтыбас-1» шаруа қожалығының күрішшісі Т.Сыздықов, «Озат инженер механик» «Жер жомарт Д» ЖШСның инженер-механигі Ж.Ермаханов, «Озат бидай өсіруші» «Бестам елі» фермер қожалығының жұмысшысы Н.Ортаев марапат мінберінен табылды. Сонымен қатар, «Озат көкөніс өсіруші» «Шоқай ата» шаруа қожалығының жұмысшысы М.Әскер, «Озат бақша өсіруші» «Мақсат» шаруа қожалығының жұмысшысы Е.Жаңабаев, «Озат жоңышқа өсіруші» «Атамұра» шаруа қожалығының жұмысшысы Ұ.Сәрекеев, «Озат мақсары өсіруші» «Алтын дән» шаруа қожалығының жұмысшысы Ш.Бөлегенов, «Озат гидротехник» «Қазсушар» республикалық кәсіпорны Қызылорда филиалының «Шиелісушар» өндірістік учаскесінің жетекші маманы З.Рахметова, «Озат ветеринар» Телікөл ауылдық округі ветеринариялық пункт меңгерушісі Е.Амангелді, «Озат шопан» «Асан» шаруа қожалығының жұмысшысы Ж.Мадияр, «Озат бақташы» «Марғұлан» шаруа қожалығының төрағасы А.Сапарбай, «Озат жылқышы» «Құлагер» шаруа қожалығының төрағасы Ә.Тілеубаев, «Озат түйекеш» «Аруана» шаруа қожалығының төрағасы А.Өмірәлі, «Озат орманшы» Шиелі орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесінің орманшы инспекторы А.Раймханов, «Озат газет тілшісі» әріптесіміз «Өскен өңір» газетінің тілшісі С.Мадиярова, «Озат теледидар тілшісі» Қызылорда телеарнасының сарапшы редакторы Е.Әбділдә марапатталды. Жерден ырзығын тауып, көптің несібесін арттырған дала қосындағы еңбеккерлердің еңбегі еленген осы бір сәт мерекелік ән-шашуға ұласты. Орталық стадиондағы ақ шаңқан киіз үйлер мен ұлттық киімді үйлестіре киген арулар шараның шырайын кіргізіп-ақ тұр. Мерекелік шарада қазақтың ұлттық ойындары да көрініс тапты. Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталды. Дүбірлі тойға 85 мыңға жуық халқы бар шиелілік ағайынның бәрі қатысқандай алаң толы адам. Ақ киіздің ішіне жайылған дастарқанда қонақтарға ақ маржаннан дәм ұсынды. Құт қонған әулиелі мекеннің мерекелік шарасы одан әрі концерттік бағдарламамен ұласты. Концертке Қазақстан эстадасының жарық жұлдызы Маржан Арапбаева, Гүлнұр Оразымбетова, Мұхтар Ханзада, Еркеш Хасен арнайы келді. Кешкі бағдарлама аясында облыс әкімінің «Құрмет» грамотасымен Қазақстанның құрметті журналисі, Қазақ журналистикасының қайраткері, Шиелі ауданының Құрметті азаматы С.Бекмұратұлы, Аудан әкімінің «Құрмет» грамотасымен Шиелі ауданының «Құрметті азаматы», Жуантөбе ауылдық округі әйелдер кеңесінің төрайымы, «Өскен өңір» газетінің штаттан тыс тілшісі А.Әбдіхамитқызы, Шиелі ауданының «Құрметті азаматы», аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ө.Исмаил сахна төрінен табылып, марапатқа ие болды. Елдің берекесін паш еткен мерекеге Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген қонақтарды аудан әкімі Жандарбек Айтбай мен қала әкімі Нұржан Ахатов арнайы әуежайға барып, жылы лебізін білдіріп шығарып салды.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
22 қазан 2024 ж. 144 0

Қоғам

ҒАСЫРҒА ИЕК АРТҚАН БАСЫЛЫМ
03 желтоқсан 2024 ж. 42

Толағайлар тартысы

03 желтоқсан 2024 ж.

ОЛЖАЛЫ БОЛУ ОҢАЙ МА?

03 желтоқсан 2024 ж.

PDF нұсқалар мұрағаты

№96 (9260)

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (9259)

01 желтоқсан 2024 ж.

№95 (9259)

29 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031