Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбек мерекесі – елдің берекесі

Еңбек мерекесі – елдің берекесі

Күн күлімдеп ерекше нұрмен оянды. Айналаға шуақ шашып, жер мен көктің арасын ыстық лебімен жалғады. Бұл қазанның 30-шы жұлдызы болатын. Киелі Шиелінің төрінде дүбірлі диқандар тойы «Алтын күз – 2021» мерекесімен қатар даңғайыр диқан Ыбырай Жақаевтың 130 жылдық мерейтойы аталып өтті. Таң бозарып атқаннан тынымсыз тіршілікке кіріскен диқан қауымы ала жаздай баптаған өнімдерін халыққа ұсынды. Шара барысында қонақтар Ыбырай атаның басына барып, құран бағыштап, дұға етті. Одан соң аты әлемге танылған даңғайыр диқанның атындағы күріш өсіру тарихы музейін аралап, Ы.Жақаевтың тұтынған заттарын көзбен көріп, өнегелі өмір жолымен танысты. Одан әрі салтанатты шара Ы.Жақаев саябағында еңбек озаттарын марапаттаумен жалғасын тапты.
Қыс азығын қамдаған күн
Өткен аптаның сенбі күні. Таң сәріден базар маңындағы орталық стадионға жиналған халықтың қарасы қалың. Барлығы қалтасындағы қаражатқа қолайлы бағамен азық-түлік алу үшін келгендер. Тұрғындар бұл жолы базардан емес, «Алтын күз-2021» мерекесіне орай ұйымдастырылған жәрмеңкеден азық-түлік өнімдерін сатып алу үшін келген. Жалпы, соңғы уақытта ауданда жыл сайын жәрмеңке ұйымдастыру дәстүрге айналған.
Аудан әкімі Н.Мақұлбековтың ұйымдастыруымен өткен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі әуезді әнмен басталды. Қазан айының ең соңғы күндері өткен бұл жәрмеңкенің жөні тіптен бөлек. Себебі, аудан орталығының қақ ортасынан қанат жайған жәрмеңкеге келген халықтың қарасы қалың. Сауда таңсәріден қызу басталып, ұзын-сонар кезек қалыптасты. Саудаға түскен тауар арзан бағамен сатылып, келушілердің көңілін бір қуантты. ­Ауылдардан артынып-тартынып келген тауар өндірушілер тұтынушыларға қолайлы баға ұсынып, сауданың көркін ашты. Қалтаны қақпайтын, шығынды ақтайтын сауданың қызғаны сонша, өнімдердің барлығы түс ауғанша сатылып кетті. Аталған жәрмеңкеге «Qyzylorda» телеарнасының тілшілері түсірілім тобымен арнайы келді. Сондай-ақ, аудан басшысы бұл жәрмеңкеге қойылған өнімдердің бағасын тексеріп, тауар өндірушілердің азық-түлік сапасына оң бағасын берді.
Мерекелік жәрмеңкеде ет, сүт, жұмыртқа өнімдері, сондай-ақ, көкөністер мен жеміс-жидектер, дәнді-дақыл түрлері сатылды. Оның қызығы саудасында ғана емес, молшылығы мен берекесінде. Сондықтан болар, жұртшылық картоп пен пиязды қап-қабымен сатып алды. Әр ауылдан жиналған мұндағы тауарлар базар бағасынан 10-15 процентке арзан. Мәселен, сиыр етінің келісі 1800 теңге болса, картоп – 160, пияз – 150, қырыққабат – 150, макарон – 250, пісте майы – 3500, сәбіз – 160, қызанақ – 200, қауын – 200 теңгеден сатылды. Ал, «лидер» деп аталатын күріш сортының 25 килограмы 5000 теңге болса, балық өнімінің бір келісі 600 теңгеден басталды. Көкөністер де қолайлы бағада саудаға түсті. Атап айтар болсақ, алма – 350, жүзім – 450, құрма – 450, алмұрт – 500 теңгеден сатылуда. Мұнда бал өнімдерінің түр-түрі, тіпті, асқабақ, дәнді-дақылдарға дейін нарықтағы бағадан әлдеқайда арзан саудаланды.
–«Жәрмеңке болады» дегенді естіп, орталық алаңға таңғы сағат 7-ден бастап келіп алдым. Ертерек келгенім дұрыс болды. Себебі, саудаға түскен өнімдер түске дейін сатылып кетті. Мұнда келушілердің қарасы қалың болғандықтан, азық-түлік сатып алу үшін кезек күтуге тура келді.
Есесіне, жәрмеңкедегі барлығы базар бағасына қарағанда арзан. Мәселен, сиыр еті базарда 2100 теңгеден сатылса, мұнда 1750 теңгеден саудаға қойылған. Бұл баға аудан тұрғындары үшін өте қолайлы. Алдағы уақытта осындай жәрмеңке жиі болып тұрса, біз келуден шаршамаймыз,–дейді аудан тұрғыны Саягүл Саматқызы.
Алтын күз мерекесіне орай ұйымдастырылған ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі аудан тұрғындарының көңілінен шықты. Ал, сахнадан төгілген әуезді ән жәрмеңкеге келгендерге күздің лебін сездірмей, көңілдерін сергітті. Мерекелік жәрмеңке молшылығымен есте қалып, аудан тұрғындарын мәре-сәре етті.
«Алтын күз» мерекесі орталық стадион маңында өткізілетін жәрмеңкеден бастау алса, ал сабантой биыл ­Ыбырай Жақаев саябағында өткізілді. Сонау 2011-ші жылдары ардагер ағамыз Пердәлі Архабаевтың бастауымен күтімі қолға алынған бұл саябақ бүгінде жасыл желекке оранып, жас пен кәрінің жанына сая болатын демалыс орнына айналған. Саябаққа жақындағанымызда ежелден келе жатқан егіншілер мен жұмысшылардың көптен күткен мерекесі – сабантойға деген дайындықтың жоғары деңгейде екендігін байқадық. Бір бөлігінде ақ шатырлар тігіліп, киіз үйлер қаз-қатар тізіле орналасса, бір бөлігінде жас шеберлердің қолөнер бұйымдары көпшіліктің назарына ұсынылыпты.
Көктем шыға кетпенін күнге сүйдіріп еңбектенген шаруалар ала жаздай алқабын баптап, қоңыр күзде жиын-терім уақытында жылдық азығын еселеп, еңсеріп алды. Бұл еңбеккерлер үшін молшылық айы болып саналады. Егінін жинап, төл басын көбейтіп, еңбегінің жемісін, табиғаттың сарқылмас сыйын көретін де осы шақ. Пейілін кеңге, қырманын дөңге сала келген диқандардың төл мерекесімен қатар өрбіген Ы.Жақаевтың – 130 жылдық мерейтойына Қызылорда облыстық мәслихат хатшысы Байқадамов Наурызбай Сейтқалиұлы, аудан әкімі Мақұлбеков Нариман Әскербекұлы және аудан асқақалдары мен сала үздіктері қатысты.
Мерекелік шара ерекше концерттік қойылыммен басталып, еңбек ардагерлері Заһира Ержанова, Ұлбала Алтайбаева, Ыбырай Жақаев сынды тұлғалар оған арқау болды.
Еңбеккерлерді марапаттау шарасында алғаш болып сөз алған облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов ­«Армысыздыр, құрметті Шиелі ауданының тұрғындары! Биылғы ең басты мерекеміз саналатын Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында аталып өтіліп жатқан мерекеде сіздермен аман-есен қауышқанымызға қуаныштымыз. Бүгін Шиелі ауданында Ы.Жақаев атамыздың 130 жылдығына арнап кең көлемде өткізіліп отырған мейрамға республикамыздың түкпір-түкпірінде қызмет етіп жүрген жерлестеріміз сәлем айтуда. Атап айтсам, Қырымбек Көшербаев, Мұрат Бақтиярұлы, Нұртөре Жүсіп, Ақмарал Әлназарова сынды тұлғалар өздеріңізге ыстық-ыстық сәлемін жеткізді. Сондай-ақ, облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова да сәлем жолдап, алғыс хатын сіздерге тапсыруымды өтінді. Тағы бір айта кетерлігі, қазіргі таңда ҚР Премьер Министрі «Өңірлік даму кеңсесінің меңгерушісі» қызметін атқарып жүрген, кезінде осы өңірде қызмет атқарған ұлдарыңыз Нұрлыбек Нәлібаев та құттықтау хатын жолдады», – деп қос хатты Шиелі жұртына таныстырды. Екінші болып сөз алған аудан әкімі Нариман Мақұлбеков болса, «Құрметті жерлестер, қадірлі қауым! Баршаңызды ырыс пен берекенің бастауы «Алтын күз» мерекесімен және ақ күріштің атасы ­Ыбырай Жақаевтың 130 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Биыл қазіргі ұрпақтың маңдайына бұйырған бақ, біз үшін қастерлі ұғымға айналған Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын тойлаудамыз. Киелі Шиелі топырағы еңбегімен, бірлігімен қоғам игілігі үшін бейнет етіп, тер төккен қаншама асыл азаматтарды дүниеге әкелді. Алты алаштың анасы атанған сыр өңірінен 102 - Социалистік Еңбек Ері шықса, соның 41-і осы Шиелі ауданында еңбек етіп, Еңбек Ері атанған. Аймағымыздағы еңбек ерлерінің арасында өз есімін тарихта алтын әріптермен қалдырған әлемдік рекордтың иесі Ыбырай Жақаевтың орны ерекше. Осындай асыл азаматтың атын ардақтау, құрметтеу – біздің парызымыз. Атамыздың 130 жылдық мерейтойына орай ауданымызда «Жалпақ жұртқа аты мәлім Жақаев» атты республикалық ғылыми-танымдық конференция өткізіліп, сонымен бірге ауыр атлетикадан республикалық турнир өтті. Бүгінгі мерейтойға ауданымыздың ауылшаруашылығы саласы судың тапшылығына қарамастан жетістіктерге жетіп отыр. Аудан күрішшілері жоғарғы өнімге қол жеткізіп, жыл қорытындысымен егін шаруашылғы бойынша облыс көлемінде «Озат аудан» атанды. Жалпы ауыл шаруашылығы саласында өткен жылмен салыстырғанда өндірілген өнім көлемі артып, биылғы жылдың 9 айында ауыл шаруашылығы саласында 26 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, 102 процентке артты. 30 мың 189 гектар жерге егін егіліп, негізгі дақыл күріштің әр гектарынан 55 центнерден өнім алынып, 66 мың 214 тонна күріш жиналды. Біз бұны халықтың несібесі, алтын күзге деген берекелі тарту деп білеміз», – деп ауданның ауыл шарушылығы саласында жеткен жетістіктерін тілге тиек етті.
Ал, енді мерекелік кеште құрметке бөленіп, марапат бигінен көрінген еңбеккерлерге тоқталайық. Алғаш болып облыс әкімінің алғыс хатымен «Заңғар» шаруа қожалығының директоры Жылқайдар Машырапұлы, «Халық» фермерлік қожалығының төрағасы Халықберді Мыханов, «Асан» шаруа қожалығының төрағасы Гүлмира Жұмаділова, «Төңкеріс ИК» шаруа қожалығының төрағасы Бауыржан Көпеев, «Таубай» ШҚ төрағасы Нұрлан Бөрібайұлы марапатталды. ҚР Ауыл шаруашылығы Министрлігінің наградасы бойынша: «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен Қанат Тасболатұлы, Талғат Байдалиев, ҚР Ауыл шаруашылығы Министрлігінің құрмет грамотасымен Мақсат Ташматов, Серік Арысбаевтар марапатталды. Сондай-ақ, марапаттау шарасында көптеген шаруашылық қызметкерлеріне «Агроөнеркәсіп саласының үздігі», «Үздік қызметкер» сынды медальдар табысталды. Номинацияларға келер болсақ, Үздік шаруашылық I дәрежелі номинациясымен «Жер-Жомарт Д» ШҚ директоры ­Асхат Ермаханов, «Үздік шаруашылық» II дәрежелі номинациясымен «Алтын дән Шиелі» ШҚ төрағасы Асқар Бердібаев, «Үздік шаруашылық» III дәрежелі номинациясымен «Алтын дән» ШҚ төрағасы Қоңырат Бүркітбайұлы, «Үздік жаңашыл шаруашылық» номинациясымен «Ақмая» ШҚ төрағасы Дәулет Жұмбеков, «Озат агроном» номинациясымен «Аппасов» ШҚ төрағасы Бәкір Төлесұлы, «Оза бригадир» номинациясымен Шорабек Ерханұлы сынды өзге де азаматтар марапатталды.
Жерден ырзығын тауып, көптің несібесін арттырған дала қосындағы дихандардың еңбегі еленген шара әрі қарай мерекелік ән-шашуға ұласты. Дүбірлі тойға 82 мыңға жуық халқы бар шиелілік ағайынның бәрі қатысқандай саябақ толы адам. Ақ киіздің ішіне жайылған дастарханда қонақтарға ақ маржаннан дәм ұсынылып, құт қонған әулиелі мекеннің мерекелік шарасы одан әрі концерттік бағдарламамен ұласты.

Рамазан ӘНӘПИЯ,
Сымбат СҰЛТАН,
Бақытжан БӘЙІМБЕТ (фото)


02 қараша 2021 ж. 813 0