Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қыс азығын қамдаған күн

Қыс азығын қамдаған күн

Күн күлімдеп ерекше нұрмен оянды. Айналаға шуақ шашып, жер мен көктің арасын өз жылуымен жалғады. Жұмыр басты пенденің маңдайына жазылған төрт мезгілдің өзіне тән ерекшелігі бар. Бірақ аса сұлу, ешбір жанды оңайлықпен жақындатып, жылыта қоймайтын тәкаппар күздің өз артықшылығы бір төбе.
Мәселен, күздің иісі. Иә, бұл мезгілде тазалықты, пәктікті, балғындықты сезінуге болады. Күздің өзіне тән суық мінезінде тәкаппарлық пен ешкімге мойынсұнбайтын тоңмойындықтың да иісі аңқып жатыр-ау. Одан кейін күздің дыбысы. Басқа уақытты қайдам, бірақ күзгі сарын тіптен бөлек екенін ешкім жоққа шығара қоймас. Жылы жаққа ұшып кетіп бара жатқан құстардың қанат қағыстары мен қимастықпен қоштасқан үні, ағаш сыбдыры, ызғырық соққан жел, бұтасын қимай жер жастанған жапырақ үні. Күздегі әр құбылысқа қанығып қарайтын болсақ, оның жазғы кештен жылуы молырақ, көктемгі таңнан балғынырақ, аязды қыстан тынышырақ екенін байқаймыз. Ең бастысы, күз еңбеккерлер үшін молшылық айы болып саналады. Егінін жинап, төл басын көбейтіп, еңбегінің жемісін, табиғаттың сарқылмас сыйын көретін де осы шақ. Күзде ел етек-жеңін жинап, дала жұмыстары демін басып, табысты таразылайтын шаққа саяды. Осындай молшылық пен тоқшылықтың бір парасы сенбі күні орталық стадионда өткен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесінде байқалды. Таң бозарып атқаннан тынымсыз тіршілікке кірісетін диқан қауымы ала жаздай баптаған өнімдерін халыққа ұсынды.
Таңмен таласа оянатын шиеліліктер үшін күзгі жәрмеңкенің жөні бөлек. Қыстың қамын ойлаған тұрғындар орталық стадионға қарай ағылды. Биыл еліміздегі ахуалға байланысты «Алтын күз» мерекесін өз дәрежесінде атап өте алмасақ та, 24 қазан күні орталық стадионда ауыл шаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып, азық-түлік өнімдері арзан бағада сатылды. Еліміз тәуелсіздігін жариялағаннан бері қол жеткізген жетістіктері аз емес. Ең бастысы, халқымыз бейбітшілік бесігінде тербеліп, бақытты ғұмыр кешуде. Шиелі ауданы да мемлекеттік қолдаудан қуат алып, ісін өркендетіп, кәсібін дөңгелетіп отыр. Жәрмеңкеде сол көмектің шарапаты байқалып тұрды. Күзгі жәрмеңкеде жалпы көлемі 150 тонна өнім қойылған. Сатылатын өнімдердің ішінде қауын-қарбыз, қызанақ, ара палы, жеміс-жидектің түр-түрі бар. Бұл күні 22 ауылдық округ және Шиелі кентіндегі кәсіпкерлер мен диқандар белсенді түрде өз өнімін базар бағасынан 10-15 процент арзандатылған бағамен сатты. Мәселен, осыдан бір жеті бұрын базар бағасына шолу жасағанда картоптың бір келісі 120-150 теңгеден екеніне көз жеткіздік. Ал сенбі күнгі жәрмеңкеде картоп 100 теңгеден саудаланды. Сол сияқты пияз базарда 80 теңге болса, жәрмеңкеде 60-70 теңгеден сатылды. Жәрмеңкеде жұртшылық жанталаса алған сәбіз – 90, қырыққабат – 70, қызанақ – 200 теңгеден ұсынылды. Бұдан бөлек жеміс-жидектердің құны да нарық бағасынан арзан болды. Алма түріне қарай 200-400 теңгенің арасында саудаланып, құрма – 300 теңгеден, лимонның бір келісі 800-900 теңгеден, жүзім – 500 теңгеден сатылды. Әсіресе, картоп, сәбіз, пияз сынды өнімдерді көпшілік кезекке тұрып таласып алып, картоп сәскеге дейін өтіп кетті. Аудан тұрғыны Жеңіскүл Перімбетқызы:
– Бір қарағанда жәрмеңкедегі баға базар бағасымен бірдей көрінеді. Бірақ базардағы тауарлар сапасына қарай қымбаттай береді. Ал жәрмеңкеде сапасы жақсы өнімді де арзан алуға болады. Мәселен, 100 теңгелік картоп базарда да бар, бірақ дәмін соншалықты керемет деп айта алмаймын. Мұнда 100 теңгеге қандай картопты алатыныңызды өзіңіз таразылап, таңдап аласыз. Сондықтан базар бағасынан арзан болатын жәрмеңкелердің пайдасы көп. Әсіресе, бау-бақша өнімдерін қабымен алсаңыз, қысқы мезгілді еш алаңсыз өткізуге болады, – дейді.
Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында «Агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толық іске асыру керек. Негізгі міндет – еңбек өнімділігін және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есеге көбейту керек» деп атап көрсеткен болатын. Ендігі мақсат – агроөнеркәсіп кешенін одан әрі қарай дамыту. Міне, берекелі күздің мерекелі жәрмеңкесі осындай қарқынмен өтті. Алтын күздің берекелі байлығын көңілге қонымды бағаға алып, көңілдері көншіген тұрғындар да, саудасы қызған кәсіп иелері де шат көңілмен жүрді. Ел несібесін молайтқан жәрмеңке осылайша тәмамдалды.

Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА
26 қазан 2020 ж. 312 0