Ұстаз болу – бір бақыт
Дана халқымыз «Ұстазы жақсының, ұстамы жақсы» деп бекер айтпаса керек. Сол себептен осынау жауапкершілігі мол мамандықтың қыр-сырын жетік меңгерген, ыстығы мен суығына төзіп, балаларға білім беріп қана қоймай, тәрбиелік бағытты ұштастыра білген мұғалімнің мәртебесі қай кезде де биік. Талай жыл білім саласында тер төгіп келе жатқан ұлағатты жандардың қатарында – Айзат Жүсіпова да бар.
Ол бүгінде №46 А.С.Пушкин атындағы мектеп-лицейде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қызметін атқарады. Өзіне артылған сенімді ақтай отырып, табысты еңбек етумен қатар шәкірт тәрбиелеп жүрген кейіпкеріміздің ұстаздық жолға келгеніне 26 жылға жуық уақыт болған. Ол Қызылорда қаласындағы М.Мәметова атындағы гумманитарлық колледжіне оқуға түсіп, «Орыс мектептерінде қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі» мамандығы бойынша 1998 жылы тәмамдаған. Содан кейін 2000-2003 жылдары Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетіне «Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі» мамандығын алып шығады. Алғашқы еңбек жолын 1998 жылы №207 «Жаңатұрмыс» мектебінен бастаған. Ал қазір 1999 жылдың қаңтар айынан осы күнге дейін №46 А.С.Пушкин атындағы мектеп-лицейде қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі болып жұмыс істейді. Ұлағатты ұстаз еңбек жолында біршама жетістікке жетіп, облыстық, республикалық сайыстарға қатысып, білім ордасының абыройын көтеріп жүрген ізденімпаз ұстаз. Елімнің болашағы деп үміттенетін бүгінгі жас ұрпаққа білім нәрін сеуіп, еңбексүйгіштік пен адамгершілікке тәрбиелеп, білімі мен өнегесін оқушыларға арнап, бойындағы бар күш-жігерін шәкірт тәрбиелеуге жұмсауда. Мәселен, шәкірттері жалпы білім беру ұйымдарының 8-11 сынып оқушылар арасындағы республикалық Әбіш оқуларының облыстық кезеңінде орынмен марапатталып, республикалық додаға жолдама алып, мектеп намысын қорғады. Жауапкершілігі мол қызметте еңбегі ескеріліп, қызмет мәртебесі үнемі сатылап өсіп жүрген Айзат бала күнінде тележүргізуші болуды армандаса керек. Жалпы, ұстаздық жолды таңдауыма әкем себепкер болды. Анам мен әкемнің тәлім-тәрбиесімен осындай жоғары деңгейге жетіп отырмын. Бала кезімде теледидардағы жүргізушілерге қатты қызығып, диктор болуды армандаған едім. Алайда, ұстаздық жолды таңдадым. Десе де, таңдауыма еш өкінбеймін, оқушылармен бірлесіп жұмыс істеген ұнайды. Оларды жарысқа дайындау, сайысқа қатысқаннан кейін үздік нәтиже көрсету, оқушыларыңмен бірге қуану – бұл ерекше сезім сыйлайды, – дейді А.Ерденбекқызы. Сонымен қатар кейіпкеріміз қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, көне көз қарияларға көмектесіп тұрады. Ата-енесімен бір шаңырақта ширек ғасыр мағыналы ғұмыр кешкен соң үлкен кісілерді ерекше құрметтейді. Білікті маман заман талабына сай, қоғамға білімді ұстаз ретінде оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытуда үнемі өзін жетілдіріп отырады. Ұжым ортасында беделі, адамгершілігі мол, мейірімді, мінезі ашық, жас мамандарға кеңес беруден жалыққан емес. Ол отбасында үлгілі келін, төрт баланың ардақты анасы, аяулы жар. Расында, ұлттың болашағы ұрпағында болса, ұрпақтың тәрбиесі – ұстаздың қолында. Сондықтан, қадір-қасиеті мол, шексіз жауапкершілікті қажет ететін маман иелерінің еңбегі қашан да өлшеусіз.
Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ