Атырауда 153 түлек әкім грантын иеленді

Оның айтуына қарағанда, облыс әкімінің грантын берудің өзіндік тәртібі бар. Біріншіден, бұл мемлекеттік білім грантын иелене алмаған талапкерлерге арналған. Екіншіден, әкім грантын алу үшін өткізілетін конкурсқа мектеп және колледж түлектері қатысты. Үшіншіден, әкім гранты кадр тапшылығына байланысты сұраныс негізінде бөлінеді. Басты талап – мамыр-маусым айларындағы Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысымен ережеге сәйкес құжаттарды тапсыру. Облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі мәлім еткендей, әкім грантымен оқыған студенттер жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін жауапты мекеменің берген жолдамасымен жұмысқа орналаса алады. Ал биыл білім грантын бөлу кезінде медицина, педагогика, ауыл шаруашылығы, ветеринария, орман ресурстары және орман шаруашылығы, дінтану, туризм бағытындағы мамандықтарға басымдық беріліп отыр. Мәселен, педагогика, бейнелеу өнері, көркем еңбек, музыкалық білім, ветеринария, дене шынықтыру, спорт, туризм және сервистік қызмет мамандығының грантын иеленгендерге Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде оқуына жол ашылды. Әкім грантының басым бөлігі адам жанына арашашы болатын медицина саласының мамандарын даярлауға бөлінді. Енді атыраулық 84 түлек Астана, Алматы, Қарағанды, Ақтөбе қалаларындағы медицина университетінде жалпы медицина мамандығымен жоғары білім алады. Ал дінтану, теология мамандығы үшін берілген грант иелері Нұр-Мүбарак Египет Ислам мәдениеті университетінің студенті атанды.
Атырау облысы