Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Мемлекеттік грант кімге бұйырды?

Мемлекеттік грант кімге бұйырды?

Биыл аудан бойынша 592 оқушы алтын ұя мектебінен түлеп ұшты. Оның 441-і ҰБТ-ға қатысқан. Сондай-ақ 263 оқушының мемлекеттік жоғары оқу орындарының гранттарын жеңіп алғаны белгілі болды.
Грант бөлудегі тағы бір жаңалық – биыл межелі балды жинап, бірақ оқуға түсе алмаған көп балалы отбасыдан шыққан түлектер грантқа түсу үшін екінші рет конкурсқа қатыса алады. Бұл мақсатта аудан бойынша қосымша 390 грант бөлініп отыр. Жалпы, осы грантқа ие болу үшін үміткерлер, ең алдымен, республикалық білім грантының конкурсына қатысып, бағын сынайды. Ал сол жалпы конкурс бойынша грантқа ие болмаған көпбалалы отбасыдан шыққан және атаулы әлеуметтік көмек алушылар санатындағы талапкерлер қосымша берілген грантты иелену үшін өткізілетін байқауға қатысуына болады. Одан өзге жылдағы дәстүр бойынша республика көлемінде өткізілетін мемлекеттік білім грантын иеленбегендер үшін облыс әкімдігі тарапынан тағы бір үлкен мүмкіндік беріледі. Биыл талапкерлерге облыс әкімінің 22 гранты ұсынылып отыр. Мұнда да өңір үшін қажетті, сұранысқа сай мамандықтар басымдыққа ие. Сонда барлығы 475 грант шиелілік түлектерге тиесілі болмақ.
Аудандық білім бөлімінің мамандары әскери грант пен ресейлік университеттерге түсем деушілерге бөлінетін грант бұдан бөлек есептеледі дейді. Сонымен қатар арнаулы оқу орындарына яғни, колледжге түсетін түлектер үшін берілетін грант та бар. Жалпы, биыл аудандағы мектеп бітірушілер 100 пайыз грантпен қамтылады деп күтілуде.
Ал, былтырғы жылы мектеп бітірушілердің саны биылғыға қарағанда біршама көп болған. Мәселен, 892 оқушы жаңа өмірге қадам басса, оның 310-ы мемлекеттік ЖОО-ның грантын жеңіп алған. Ал 2-еуі әскери, 5 мектеп бітіруші ресейлік оқу орындарының грантына ие болған еді.

Гүлхан ЯХИЯ
16 тамыз 2019 ж. 722 0