Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ГРАНТТЫҢ КӨБІН ТЕХНИКТЕР ҚАНЖЫҒАЛАДЫ

ГРАНТТЫҢ КӨБІН ТЕХНИКТЕР ҚАНЖЫҒАЛАДЫ


Қазақстанда Білім гранттарын тағайындау жөніндегі республикалық комиссия өз жұмысын бастады. Комиссия құрамына мемлекеттік органдардың, ұлттық кәсіпкерлер палатасының, қоғамдық бірлестіктердің, Білім және ғылым министрлігі жанындағы білім беру, ғылым және балалар құқықтарын қорғау мәселелері бойынша қоғамдық кеңестің, педагогикалық қоғамдастықтың өкілдері кірді.
Республикалық комиссия отырысында еліміздегі жоғары оқу орындарына қабылдау бойынша жүргізілген үлкен дайындық жұмысының қорытындылары шығарылды. Жыл бойы Білім және ғылым министрлігі студенттік контингентті іріктеу және қалып­тастыру сапасын арттыруға бағытталған бірқатар жүйелі шараларды жүзеге асырғаны атап өтілді.
Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың бес әлеуметтік бастамасы аясындағы тапсыр­ма­сын орындау мақсатында биылғы жылы мемлекеттік білім тапсырысы 20 мың грантқа ұлғайтылып отыр. БҒМ дерегінше, оның 11 мың гранты техникалық мамандықтарға, атап айтқанда ақпараттық технологиялар, робототехника, нанотехнологиялар сала­ла­рын­да мамандар даярлауға берілген. Тағы 5 мыңы еңбек нарығында сұранысқа ие өзге де мамандықтар арасында бөліске салынған.
3 мың білім гранты магистрлерді дайын­дауға ұсынылды. 1 мың президенттік грантқа отандық PhD докторлары оқытылады.
Осылайша, 2018 жылы еліміздегі жоғары оқу орындарында білім алып, мамандық меңгеруге, ғылым игеруге арналған грант­тардың жалпы саны 53 594-ті құрап отыр.
Соның ішінде басым көпшілігі, яғни 50 944 грант күндізгі бөлімдегі оқыту үшін 1-курсқа студенттерді қабылдауға арналды. Ал 2 650 грант ЖОО-лардың дайындық бөлімдеріне берілді.
Елбасы белгілеген басымдықтарды ескере отырып, ең көп – 24 737 грантқа техникалық және технологиялық мамандық­ты қалағандар ие болды.
Педагогикалық мамандықтар болса, әсіресе жаратылыстану бейініндегі пәндер­ден ағылшын тілінде сабақ бере алатын ұстаздардың жетіспеушілігіне байланысты, гранттардың екінші қомақты бөлігіне – 9 499 грантқа қол жеткізді. Тағы 3 246 грант – жаратылыстану ғылымдарының мамандық­тары­на бұйырды.
2 785 грантты ауыл шаруашылығы және ветеринарлық мамандық иелері иеленді. 2 700 грант – болашақ дәрігерлердің, 2 330 қызмет көрсету мамандықтарын игеруге құлшынған талапкерлердің, 1 780 грант – әлеуметтік ғылымдар, экономика және бизнес мамандықтарын таңдағандардың, ал 1 450 грант – гуманитарлық мамандық өрісіне құлаш ұрған жастардың қанжығасын­да кетті.
Әскери іс және қауіпсіздік мамандық­та­рына небәрі 500 грант, өнер мамандықтарына бар-жоғы – 300 грант, ал құқық маман­дық­тарына 100 грант қана тиді.
БҒМ биыл тек гранттар саны ғана ұлғай­ма­ғанын, сонымен бірге мемлекеттік тап­сы­рыс қаражатын игеруге жіберілген жоғары оқу орындарының тізімі де кеңейтілгенін айтады. Бұл еліміздің барлық өңірін қамту үшін жасалған. Әйтпесе, елдің бір шетіндегі елдімекендердің жастарына сапалы әрі тегін оқып, мамандық алып шығу үшін ірі университеттер шоғырланған Астана мен Алматыға сапарлау – күрделі әрі қымбат іс.
Осы жолы білім гранттарын тағайын­дауда тестілеу сынақтарынан сүрінбей өткен 75 430 талапкер бақ сынауда. Соның ішінде 60 327 адам мамандықты қазақ тілінде, 14 810-ы орыс тілінде игеруге ынта білдірген. 293 талапкер ағылшын тілінде оқуды қалапты.
Енді осылар арасында тек алпыс мыңға жуық грант үлестіріледі. Бұл ретте әрине, табалдырыққа баланатын ең төменгі, шекті балды әупірімдеп жүріп жиғандарға қарағанда, мейлінше көп балл алғандардың мүмкіндігі басым.
Сонымен бірге, биыл БҒМ сыртында, жергілікті әкімдіктер де өз өрендеріне жергілікті бюджет есебінен гранттар ұсына алады.
«Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» жобасы аясында студенттерді оқыту квотасы бойынша конкурсқа 5494 адам қатысуда.
Айхан ШӘРІП
05 тамыз 2018 ж. 1 082 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№79 (9243)

07 қазан 2024 ж.

№78 (9242)

01 қазан 2024 ж.

№77 (9241)

28 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031