Көкжөтел: Ақтөбеде қанша дерек тіркелді?
Жыл басынан бері Ақтөбе облысында 102 адам көкжөтелмен ауырып, ем алған. Ал маймыл шешегі өңірде тіркелген жоқ, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Ақзер Сүлейменованың айтуынша, 102 науқастың 100-і — бала, екеуі — ересек.
Көкжөтел — балаларда кездесетін Bordetella pertussis бактериясынан туындайтын жұқпалы ауру. Бұл ауру балаларда, әсіресе, нәрестелерде жиі кездеседі және ол қауіпті, тіпті, өлімге әкелуі мүмкін. Бастапқыда ауру жұққан кезде балаларда аздап құрғақ жөтел пайда болады, кейде мұрнынан су ағып, тыныс алу нашарлайды. Кейін науқастың ұйқысы бұзылады, тамаққа тәбеті болмайды. Уақыт өте келе жөтелі күшейіп, дем ала алмай қиналады. Кез келген ата-ана баласынан осы симптомдарды көрген бойда дәрігерге қаратуы қажет. Бұл ауру ұзақ емдеуді қажет етеді. Жалпы, көкжөтелмен ауырған бала алты ай бойына диспансерлік бақылауда болады, — дейді Ақзер Сүлейменова.
Оның айтуынша, «көкжөтел-дифтерия-сіреспе» вакцинасы сәбилерге 2, 3, 4, 18 айда егіледі.
Ақтөбе облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаевтың айтуынша, маймыл шешегі — адамдарға жануарлардан, кеміргіштерден жұғатын ауру. Бұл аурудың инкубациялық кезеңі 7 күннен 21 күнге дейін созылады.
Бүгінде бұл ауру өңірімізде, жалпы елімізде тіркелген жоқ. Алайда аурудың алдын алу маңызды. Қазір өңірлердегі әуежайлар мен шекаралық өткелдерде бақылау шаралары күшейтілуде. Ауруды болдырмау үшін эндемиялық елдерге баруды жоспарлаған азаматтар сақтық шараларын сақтау қажет. Оның ішінде жабайы жануарлармен қарым-қатынастан аулақ болған дұрыс, — дейді Мұхтар Сербаев.