Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылша дерті асқынып тұр

Қызылша дерті асқынып тұр


Облыстық Cанитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметіне сәйкес, 2023 жылдың басынан бері лабораториялық зерттеулер нәтижесімен өңірде қауіпті індеттің 619 жағдайы тірке­ліпті. Нақтысын айтқанда, 531 жағдай 14 жасқа толмаған балаларда белең алса, оның ішінде 146 жағдай 1 жасқа дейінгі бүлдіршіндер арасында асқы­нып тұр. Ал ересек тұрғындардан 88 науқас анық­талған.

Мамандардың айтуынша, қызылша індетіне шалдыққандардың басым бөлігі ауруға қарсы екпе алмаған жандар. Әсіресе, көп жағдайда екпеден бас тартқандар дертке душар болып, зардабын тартып жатқаны белгілі болып отыр. 

«Қатерлі індетке қарсы қажетті екпе алмаудың салдары дерттің асқынуына соқтырып тұр. Соның ішінде вакцинадан бас тартқан тұрғындардың үлесі өңірде 44 пайызға жеткен. Сондай-ақ тиісті мерзімде жоспарлы вакцинаны алмай жүргендердің көрсеткіші 3,5 пайызды көрсетеді. Бұдан бөлек, 78 науқастың қызылшаға қарсы иммундық мәртебесі белгісіз екені анықталды. Бұл да өз кезегінде аурудың жылдам таралуына жол аша түсті. Жалпы, қызылша індетінің қауіптілігі Қызылорда облысы ғана емес, еліміздің көптеген аумағында айқын сезіледі. Соған орай індеттен сақтану және алдын алу шараларын күшейтпесе, жағдай біз ойлағаннан әлдеқайда қиын­дай түсуі мүмкін», – деп түсіндірді бұл жайында Қы­зыл­орда облысының Санитарлық-эпидемио­логиялық бақылау департаменті басшысы Динара Жаңабергенова. 

Департамент басшысы өз кезегінде ауырған­дардың ішінде екпе алғандар да кездесетінін айтты. Дей тұрғанмен, індетті жұқтыруы қызылшаға қарсы екпенің толық курсын қабылдамауынан туындап отырғанын жеткізді. 

Жалпы, облыс бойынша анықталған деректердің басым бөлігі, яғни 441 жағдай Қызылорда қаласының үлесінде екен. Ал аудандар бойынша Арал өңірінде – 54, Қазалыда – 25, Қармақшыда – 10, Жалағашта – 4, Сырдарияда – 7, Шиеліде – 71, Жаңақорғанда  7 жағдай тіркелген. 

Негізінен, қызылша – қызба, интоксикация, дақты-папулалы бөртпе, энантема, конъюнктива және жоғары тыныс жолдарының зақымдалуымен сипатталатын жедел вирустық инфекциялық ауру. Дәрігерлердің айтуынша, бұл дерт адамнан адамға ауа тамшыларымен жөтелгенде, түшкіргенде, сөй­лес­кенде жұғады екен. Соның салдарынан қызылша­мен ауыратын адаммен тіпті қысқа уақыт қарым-қатынаста болған жағдайда да екпе алмаған адамдар­дың жедел жұқтыру қаупі өте жоғары болатын көрінеді.

«Қызылша пневмония, бронхит, энцефалит сияқты асқынулармен қауіпті. Медициналық көмек­ке кеш жүгінгенде және қызылшамен қатар басқа аурулар болған жағдайда бұл асқынулар өлімге әкелуі мүмкін. Катаральды құбылыстармен (қызба, бас ауруы, әлсіздік) аурудың алғашқы белгілері және бөрт­пе пайда болған кезде дәрігермен кеңесіп, оның барлық ұсынымын орындау керек. Қызылша ауруы бастапқы кезеңде суық тию сияқты көрінуі мүмкін. Сондықтан дәрігерге уақытылы барған жөн. Жіті респираторлық аурулардың белгілері бар балаларды мектепке дейінгі ұйымдар мен білім ошақтарына жібермеу керек. Сондықтан қызылшадан ең тиімді қорғану жолы – уақытылы вакцинация. Екпе тегін жіргізіледі», – дейді департамент басшысы.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлем бойынша бұл індетке  байланысты эпидемиологиялық ахуалдың ушығуы коронавирус пандемиясы салдары­нан халық арасында қызылша ауруына қарсы вак­циналау барысының әлсіреуімен байланыстырады. Себебі ұжымдық иммунитет әлсіреген сайын ауруды жұқтырып алу қаупі күшейе түсетінін алға тартады.
03 қараша 2023 ж. 221 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930