Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жетісудан Балқаш көліне дейінгі жолдың құрылысы 2025 жылы толық аяқталады

Жетісудан Балқаш көліне дейінгі жолдың құрылысы 2025 жылы толық аяқталады

Жетісудан Балқаш көліне дейінгі жолдың құрылысы 2025 жылы толық аяқталадыЖетісуда Балқаш көліне дейінгі 132 шақырым жолдың құрылысы 2025 жылғы туристік мерзімге дейін толық аяқталады, деп хабарлайды BAQ.KZ Жетісу облысы әкімдігіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысының Жетісу облысына келген жұмыс сапары барысында берген тапсырмасын іске асыру бағытында Балқаш көліне дейінгі жалпы ұзындығы 132 шақырымдық жолда, яғни «Лепсі – Балқаш көлі» (27 км) және «Молалы-Лепсі-Ақтоғай» учаскесінде (105 км) құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұл – облыстағы инфрақұрылымды дамытудың басты жобаларының бірі. Осы орайда биылғы жылдың соңына дейін аталған жол төменгі асфальт жабынымен көлік қозғалысы үшін ашылады деп жоспарланған. Ал асфальттың беткі қабаты мен абаттандыру жұмыстары толығымен 2025 жылы аяқталады.
Қазіргі кезде Лепсі ауылынан Балқаш көлінің жағалауына дейінгі 27 шақырым автокөлік жолының қайта жаңғырту жұмысы аяқталып, қолданысқа берілген. Ал «Молалы-Лепсі-Ақтоғай» учаскесіндегі 105 шақырымда құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Соның ішінде 71 шақырымына екі қабат асфальт төселді, қалған 34 шақырымындағы құрылыс жұмыстары жылдың соңына дейін аяқталады дейді мамандар. Осылайша биылғы жылдың аяғына қарай Балқашқа апаратын жол төменгі жабынымен автокөлік құралдары үшін ашылады. Ал беткі қабаты мен жол жиегін абаттандыру жұмыстары - жол белгілері, жол сызықтары, металл тосқауылдар, демалыс аймағы, санитарлық бекет орнату – барлығы келесі жылдың жазғы шомылу маусымына дейін толық аяқталады.

Қазір құрылысқа 90-ға жуық арнайы техника жұмылдырылған. 25 адам асфальт жамылғысын салуға, 50 адам жер төсемі жұмыстарында, тағы 50 адам зауыттағы асфальт дайындау, ұнтақтау, материалдарды өңдеу, тасымалдау жұмыстарында – жалпы саны 130-ға жуық адам жұмыс істеп жатыр. Лепсі ауылынан Балқаш жағалауына дейінгі жолдың бастапқы ені 6 метр болса, жаңғыртылғаннан кейін 8 метрге ұлғайтылды, ал 105 шақырымының ені 7-ден 9 метрге ұлғайтылды. Сонымен қатар жобада 67 дана су өткізу құбырлары толығымен ауыстырылды. Екі көпір салынды. Жоба іске асырылғанға дейін осы жолмен қатынайтын жол көліктерінің ағыны тәулігіне 3 мың автокөлік болса, қайта жаңғыртудан кейін бұл көрсеткіш 6 мыңға жоғарылап отыр. Бұл туристік аймақты дамытуға басты серпін беретін жоба болып отыр, - дейді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Айдос Досжанов.
Бұл ретте жобаны іске асыру барысында құрылыс құнының қымбаттауына байланысты облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың тапсырмасына сәйкес Балқашқа дейінгі жол салу жұмысына облыстық бюджеттен қосымша 15,9 теңге қаржы бөлінді. Соның 5,5 млрд. теңгесі биылғы жылы бөлінді, қалған қаражат 2025 жылы бөлінеді. Балқаш көліне дейінгі жол құрылысы жобасының жалпы құны – 30,4 млрд теңге.

Жалпы биыл облыстың жол саласын дамытуға 37,9 млрд теңге қаражат бөлінді. Осы қаражатқа облыстық маңызы бар автокөлік жолдарды жөндеуге арналған 29 жоба іске асырылып, 54 елді мекеннің ішкі көшелері жөнделеді. Сол сияқты облыс аумағында республикалық маңызы бар ірі жобалар да іске асырылуда. Үшарал-Достық жолы іске қосылды және бүгінгі күнге Талдықорған-Үшарал автожолын жөндеу 95%-ға орындалды, нысан толығымен 2024 жылдың соңында аяқталады деп жоспарланған. Сондай-ақ, Сарыөзек-Көктал, Жаркент-Қорғас автожолдары жөндеуден өтуде.

31 шілде 2024 ж. 78 0