Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ОҚУ ЖЫЛЫ 25 МАМЫРДА АЯҚТАЛАДЫ

ОҚУ ЖЫЛЫ 25 МАМЫРДА АЯҚТАЛАДЫ

Енді санаулы күннен кейін елімізде оқу жылы аяқталып, аудан бойынша 870 түлек мектеп бітіреді. «Соңғы қоңырау» іс-шарасы кең көлемде емес, тек мектеп қабырғасында 11-сынып оқушылары мен сынып жетекшілерінің қатысуымен сынып сағаты ретінде ұйымдастырылады. Бұл туралы бүгін аудан әкімдігінің баспасөз орталығында өткен баспасөз конференциясында Шиелі аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ақпанбетов Марат Асанханұлы мәлімдеді.
«Тойдың боларынан боладысы қызық» демекші, баласының мектеп бітіруі ата-ана үшін де уайым. Оқу жылын ойдағыдай аяқтағанымен сынақ сәттері, салтанатты шараларды өткізудің өз жауапкершілігі бар. Алайда, биыл мектеп бітіру кеші кең көлемде атап өтілмейді, деген білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы М.Асанханұлы оқу жылын қорытындылауға қатысты бірнеше сұраққа жауап берді.
Оның айтуынша, Шиелі ауданы бойынша негізгі 38 орта мектепте 870 түлек биыл мектеппен қоштасады. Соңғы қоңырау салтанатты шарасы 25 мамыр сенбі күні тек 11-сынып оқушылары мен сынып жетекшілерінің қатысуымен өтеді.
Аттестат тапсыру салтанатты іс-шарасы облыста бір мезетте ағымдағы жылдың 14 маусым күні өткізіледі.
Сонымен қатар, мектеп әкімшілігі мен мұғалімдерге сыйлық ретінде қаражат жинауға тыйым салынады. Бұл мақсатта облыстық білім басқармасы арнайы бұйрық шығарып, қалалық және аудандық білім бөлімдері арқылы барлық білім беру ұйымдарына тыйым салу жөнінде ескертілді, – деді Марат Асанханұлы.
Биылғы оқу жылында «Алтын белгіге» 60 оқушы үміткер болса, 81 бала үздік аттестатқа үміткер. Жалпы 741 оқушы ҰБТ-ға қатысады деп жоспарлануда.
Жазғы кезеңде балаларды сауықтыру демалысын ұйымдастыру жұмыстары бойынша биыл 1-10 сынып аралығында 17 510 бала жазғы демалыспен және саяхатпен олардың 100%-ы қамтылады деп жоспарлануда.
Сауықтыру лагерлері бойынша аудандық «Сыр ұланы» лагерінде 700 бала демалады. Мектеп жанындағы бір мезгіл тамақпен 32 мектепте 2338 бала, бір мезгіл тамақсыз 38 мектепте 3395 бала тынығатын болады. Сондай-ақ, 7 мектеп жанынан шатырлы лагерлерге (стационарлық емес) 361 бала тартылса, 6 мектеп жанынан этно лагерге (киіз үйлі стационарлық емес) 543 бала, ұлттық құндылықтар бойынша мектеп жанындағы 6 лагерге 390 бала, 6 археологиялық лагерге (стационарлық емес) 257 бала, спортқа бейімделген 27 мектеп жанындағы лагерге (стационарлық емес) 1318 бала қамтылады деп жоспарлануда.
Білім қызметкерлерінің аудандық кәсіподақ комитеті есебінен 60 бала өзге облыстардың лагерлерінде демалса, кәсіпорындар есебінен демалатын 135 бала, демеушілік есебінен 153 бала, ата-анасының қатысуымен 350 бала сауықтырылып демалады. Жалпы сауықтыру жұмыстары бойынша 10 045 бала қамтылады.
16 мамыр 2024 ж. 144 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930