Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » СОҢҒЫ ҚОҢЫРАУДЫҢ СЫЛДЫРЫ

СОҢҒЫ ҚОҢЫРАУДЫҢ СЫЛДЫРЫ


Биылғы мектеп бітіруші түлектердің соңғы қоңырау шарасы 25 мамыр күні өтеді. Иә, өткен жылы елімізде жарияланған пандемияға байланысты аталған шара атаусыз қалған болатын. Бүгінде елімізде індеттің беті әрі қарады. Ахуал тұрақты деп айта алмаймыз. Дейтұрғанмен халық сақтық шараларын сақтап, шектеу іс-шаралары ескеріліп, шара бірнеше форматта жүзеге асырылмақ.
Бас санитар мен Білім және ғылым министрлігінің рұқсатымен соңғы қоңырау шарасына тек 9 және бітіруші 11 сынып оқушылары қатыса алады. Мереке ашық аспан астында мектеп ауласында барлық сақтық шараларын сақтау арқылы өткізіледі. Ал, қашықтан білім алып жатқандар үшін соңғы қоңырау мерекесі онлайн режимде өтпек. Жалпы, ауданда биыл 827 оқушы мектебімен қоштаспақ. Оның 701 оқушысы ҰБТ-іне қатысады, сондай-ақ, 57 жас түлек «алтын белгіге» үміткер. Енді аз-кем күннен соң емтихан науқаны аяқталып, мұғалімдер мен оқушылардың асыға күткен жазғы демалысы да басталады.
Бұрын 25 мамырда әр мектеп өз форматына қарай кезекті оқу жылымен қоштасатын. 11 сыныпты бітіретін оқушылар түлек атанып, үлкен өмірге қадам басады. ЖОО-на түсуге дайындалып, мектепті, 11 жыл білім нәрімен сусындатқан ұстаздарды, бірге өткізген сәттерді қимай қоштасады. Осы бір айтулы оқиғаның дәстүрін бұзған коронавирустың кесірі былтырғы «соңғы қоңырау» мерекесін өткізуге тыйым салған. 1 жылдан бері аты жаман індеттің салдарынан болатын шараларға бой үйренді ме, биылғы түлектерге соңғы қоңыраудың сыңғырлаған үнін есту бұйырмақ. Орта білім алып шыққан мектеп бітірушілердің арманы биік, көңілі алаң. Өйткені қорытынды аттестаттау, одан кейін ұлттық бірыңғай тестілеу, һәм мамандық таңдау сияқты жауапты кезең күтіп тұр. Ең бастысы, алтын ұядан қанаттанып шыққан жас түлектің өмірдің қазанында қайнап, ел мен жерге қызмет етер өз мамандығының хас шеберіне айналуы ләзім. Абай хәкім айтқандай, «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар, қалан!»

Ақбота БАЯНБАЙ
25 мамыр 2021 ж. 730 0