Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Соңғы қоңырау қалай соғылады?

Соңғы қоңырау қалай соғылады?


Әр оқу жылының соңында салтанатты түрде оқушылар мектептерімен қоштасып, сыңғырлатып соңғы қоңырау соғады. Білім және ғылым министрлігі 2020-2021 оқу жылының соңғы қоңырауы қалай соғылатынын мәлімдеді.
Сонымен биыл қоңырау қалай соғылады? Қысқа-нұсқа айтып көрелік. 9 және 11-сынып түлектері үшін соңғы қоңырау 25 мамыр күні соғылады.. Соңғы қоңырау рәсімі 25 мамырда санитарлық нормаларды сақтай отырып, өңірлердің бас санитарлық дәрігерлерінің келісімімен өткізіледі деп жоспарланған. Соңғы қоңырауды өткізу форматы туралы шешімді әр мектеп өзі қабылдайды. Ал, 9 және 11-сынып түлектеріне арналған салтанатты жиын мектеп аумағында таза ауада ұйымдастырылады. «Соңғы қоңырау шарасын 9 бен 11 сынып оқушыларына, санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып, ашық алаңда өткізуге рұқсат беріліп отыр. Бұл оқушылар үшінші тоқсаннан бастап, негізінен, дәстүрлі форматта оқып жатқанын білесіздер», – деді Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.
Қорытынды аттестаттау аяқталған соң 12-14 маусым аралығында мектеп түлектері үшін ашық алаңда мектеп бітіру кештері ұйымдастырылады. Салтанатты іс-шара барысында орта білім туралы аттестаттар табыс етіледі. Оқушылар саны аз мектептер бітіру кешін барлық сынып үшін бір уақытта өткізе алады. Егер мектептегі түлектер саны көп болса, салтанатты шараны әр түрлі күндерде өткізу ұсынылады. Биылғы оқу жылы ерекше форматта өткені баршаңызға мәлім. Оқу жылының үшінші тоқсанынан бастап, мектеппен бітіруші түлектер қауышқан еді. Ал IV тоқсанда облыстағы оқушылардың 98,6 пайызы, яғни 167 571 оқушы дәстүрлі оқыды. Бірақ эпидемиялық жағдайға бай­ланысты бар-жоғы екі апта білім алып, қашықтан оқуға көшті. Биылғы соңғы қоңырау рәсімінде тек 9, 11 сынып оқушылары және осы сыныптарға білім беретін ұс­таз­дар, әрбір бітіруші тү­лек­­тің бір ғана заңды өкілі бол­мақ. Бұл шектеулер әрине елдегі ахуалға байла­­нысты. Бұрын бұл шараға бар­лық оқушы қатысатын еді.
Естеріңізге сала кетсек, былтырғы оқу жылында соңғы қоңырау шарасы маусым айында, тек қана 11-сыныптар үшін өткізілген болатын. Мектеп бітіретін түлек үшін бұл өміріндегі үлкен іс-шара. Бұл шараның өткізілуіне рұқсат беру көңіл қуантарлық жағдай болды. Болашақ түлектерге сәттілік тілей келе, келесі жылы барлық балалардың аман-есен алтын ұяларына оралып, төрт көзі түгел болғай.

Айбек БЕРІКБОЛҰЛЫ
№244 Ы.Жақаев атындағы орта мектептің оқушысы
18 мамыр 2021 ж. 1 177 0