Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » СОҢҒЫ ҚОҢЫРАУ СОҒЫЛА МА?

СОҢҒЫ ҚОҢЫРАУ СОҒЫЛА МА?

Санаулы күндерден кейін биылғы оқу жылы да аяқталады. Оқушыларының бірі – алтын ұя мектептерімен қоштасып, күрделі өмір белесіне аттанғалы отырса, енді – бірі бірінші сыныпты тәмамдағалы тұр. Отыз төрт аптаға созылған білім бағдарламасы 25 мамырда аяқталады. Ел бойынша 3 миллионнан аса оқушы жазғы демалысқа шықса, 186 мыңы – мектеп түлектері. Жылдағы дәстүрге сай білім ордаларын аяқтаған түлектерге қалың көпшілік жиылып сәттілік тілеп, соңғы қоңыраудың сыңғыры естілетін. Ал биыл еліміздің бірқатар өңірлерінде орын алған табиғи апатқа байланысты оқушылар салтанатты шараға қатыса алмайды. Оның орнына барлық мектепте оқу жылының аяқталуына арналған біріңғай сынып сағаты өтеді.
Бұл туралы ҚР оқу-ағарту министрлігінің қосымша білім беру департаментінің директоры Қарлығаш Құрманбекова:
– Су тасқыны және 25 мамырдың демалыс күніне сәйкес келуіне байланысты 24 мамыр күні барлық мектептерде сабақта 2023-2024 оқу жылының аяқталуына арналған сынып сағаты ұйымдастырылады. Онда сынып жетекшілері оқушылармен бірге өткен оқу жылын қорытындылайды. Су тасқыны болған өңірлердегі сабақ қашықтықтан ұйымдастырылып, сынып сағаттары онлайн форматта өтеді, – деп атап өтті.
Сонымен қатар 11-сынып түлектеріне аттестат тапсыру және ерекше үлгідегі «Алтын белгімен» марапаттау 19-22 маусым аралығында мектептердегі барлық емтихандар аяқталғаннан кейін өтеді. Министрлік өкілдері соңғы қоңырау салтанаты ғана емес, мектеп бітіру кештері, шоу бағдарламалар, автомобильмен шығатын шерулерге, банкеттер ұйымдастырып, ақша жинауға қатаң тиым салды. Бұл бастаманы қолдайтындар да, дұрыс шешім емес деп санайтын тұрғындардың да қарасы көп. Кейбір ата-аналар мектепте балаларымыз ең бастысы жақсы білім алып шықса болды, ақша жинап, мерекелік кештерді өткізуге мен де қарсымын дес-ті. Таяқтың екі ұшы болатыны секілді қоғамда екіұдай пікір қалыптасуда. Мәселен, «соңғы қоңырау салтанаты оқушылардың көптен бері күтіп, ерекше дайындалып өткізетін шарасы. Сондықтан, мектеп алаңында «соңғы қоңырау» салтанатты жиыны өткізілмей, ескерусіз қалуын құптамаймын» – дейді.
Ал мектеп бітіруші түлектердің дені бұл шешіммен келіспейді. Олар он бір жыл күткен тарихи сәттің, дәстүрге сай мектеп алаңында өткенін қалайды.
– Бұл шешім қарапайым сыныпты бітерген оқушылар үшін дұрыс болуы мүмкін. Бірақ жас түлектер, асыға күтіп жүрген салтанатты шараның болмайтынын естіген сәтте көңілкүйіміз түсіп кетті. Соңғы қоңырауды соғып, он бір жыл бойы тәрбиемен шыңдап, білім нәрімен сусындатқан аяулы ұстаздарымыз бен ата-анамызға халықтың алдында алғыс айтып, ерекше естелік қалдыруды жоспарлап едік. Дегенмен, батыр Бауыржан Момышұлы атамыз айтпақшы «тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды». Басқа өңірлердегі апатқа байланысты берілген тапсырманы бір жағынан дұрыс деп есептеймін. Ең бастысы алдағы сыннан сүрінбей өтіп, ҰБТ-дан жоғары нәтиже көрсетіп, мемлекеттік грант иегері атансақ болды, – дейді 11-сынып оқушысы Жанболат Оразмаханов.
Иә, алдымен оқушылар үшін сапалы білім алып, қалаған мамандық иесі болуы басты шарт. Ата-ана үшін, өмірлік бағыт-бағдар беріп, екінші анаңдай болған ұстаз үшін шәкіртінің биіктен көрініп, жеткен жетістігін көрудің өзі үлкен қуаныш әрі сый. Түлектердің биылғы оқу жылын аман-есен абыроймен аяқтап, елдің ертеңіне айналар азама болуына тілекшіміз.

М.ИБРАГИМОВ
30 сәуір 2024 ж. 175 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930