Қызылорда облысында «Алтын белгіге» 537 оқушы үміткер
Биыл елімізде оқу жылы 31 мамырда аяқталады. Сәйкесінше, облыста 8210 түлек мектеп бітіреді. Ал 15 546 оқушы 9 сыныпты тәмамдайды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен баспасөз конференциясында облыстық білім басқармасының басшысы Мейрамбек Шермағанбет мәлімдеді.
– Биыл соңғы қоңырау шарасы 1 маусымда Балаларды қорғау күніне орайластырып өткізіледі. Салтанатты шараны өткізу туралы шешімді мектептер өздері дербес қабылдайтын болады. Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында дипломдарды салтанатты түрде тапсыру рәсімі 28 маусым мен 1 шілде аралығында өткізіледі. Ал 11-сынып түлектеріне аттестат тапсыру шарасы мектеп қабырғаларында 20-22 маусымда өткізілетін болады. Сынып сағаттары мен салтанатты жиын ұйымдастыру кезінде дипломдар мен сертификаттарды салтанатты түрде табыстау болады. Педагогикалық этиканы сақтау және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында іс-шараларды өткізуге, аниматорларды, демалыс агенттіктерін, жеке студияларды тарту үшін ата-аналардан қаражат жинауға жол берілмейді.Сонымен қатар, мектеп әкімшілігі мен мұғалімдерге сыйлық ретінде қаражат жинауға тыйым салынады. Бұл мақсатта облыстық білім басқармасы арнайы бұйрық шығарып, қалалық және аудандық білім бөлімдері арқылы барлық білім беру ұйымдарына тыйым салу жөнінде ескертілді. Ата-аналар мен оқушыларға түсіндірме жұмыстары жүргізілді, – деді Мейрамбек Зинабдинұлы.
Өңірлік коммуникациялар қызметі