Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БАҚЫТЖАН ЖАҢА КӘСІП БАСТАДЫ

БАҚЫТЖАН ЖАҢА КӘСІП БАСТАДЫ

Шынында, мемлекет түрлі бағдарламалар арқылы кәсіпкерлерге тиімді жағдай жасап келеді. Байқап қарасаңыз, жергілікті басылым мемлекеттен көмек алып, кәсіп ашып, кәсібінің берекесін көріп отырған жандарға ұдайы қолдау көрсетіп отырады. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – өз-өзіне қызмет көрсететін автокөлік жуу мен көлік жөндеу орталығын ашып, тұрғындарға тиімді жағдай жасап отырған кәсіпкер Бақытжан Исламханов.
«Еңбек еткеннің еңсесі биік» деген сөз бекер айтылмаса керек. Өйткені ниеттенгеннің екі қолына бір күрек табылары анық. Атақты неміс экономисі, Гарвард университетінің профессоры Иозиф Шумпетер «Кәсіпкер болу – басқаның істегенін істемеу» деген екен. Кейіпкеріміз Бақытжан Әріпжанұлы да Нартай ауылынан алғашқы болып ерекше көлік жуу орталығын ашқан. Ізбасхан Құлтаев атындағы көше бойында орналасқан орталықтың ерекшелігі – уақыт пен қалтаға салмақ салмайтындығында. Мәселен, көлігіңізді жеңіл-желпі шаң басса, толық жууға беріп, қалтаңызды қақпасаңыз болады. Жай ғана аталған орталыққа келіп, арнайы құрылғыға қалауыңызша ақша салып, көлігіңізді тазалап ала аласыз. Бір секундты бір теңгемен өлшейтін аппарат автокөлігіңізді қаласаңыз сумен, тетігін бассаңыз, арнайы көбікпен де тазартып береді.
– Қазір техника дамыған заман. Бұндай өз-өзіне қызмет көрсететін автокөлік жуу орталықтары үлкен қалаларда, аудандарда бар. Ал ауылдарда бірен-саран. Бұл – өз кезегінде үлкен жауапкершілік. Ерекшелігі сол, орталық жылдың төрт мезгілінде де, тәуліктің кез келген уақытында қызмет көрсете алады, яғни құрылғы үздіксіз жұмыс істейді, – дейді кәсіпкер.
Бақытжан Исламханов «Ауыл аманаты» жобасының игілігін көріп, 5 млн теңге несие алып, кәсіпті бастап кеткен. Жаңаша идеямен, тың қарқынмен жұмысқа кіріскен. Көлік жуу орталығы күніне 10-12 көлікке өз қызметін ұсынады. Темір тұлпарын осы орынға сеніп тапсырып, жұмысын жеңілдеткен тұтынушылар да аз емес.
– Ауылда осындай орталықтың ашылғанына қуанып қалдық. Өзім тұрақты тұтынушымын. Уақытқа да, ақшаға да тиімді. Арнайы орталыққа жуғызған бөлек, күнделікті көлікті жуып-шаю үшін үй ауласын ластауға тура келетін. Бұл да – жаңашылдық. Бір жағынан, ауылымызда кәсіпкерлік қарқын алып, халыққа қолайлы жағдай жасалуда. Көңіліміз марқаяды. Бақытжан ағамыздың кәсібіне тек сәттілік тілейміз, – деді ауыл тұрғыны Нұрлыбек Маханбетияров.
Бұл бастаманың ауыл тұрғындары үшін керемет мүмкіндік болғаны рас. Басқа да өңірлерде осы секілді орталықтар ашылса, керемет емес пе?! Аталған тақырыптың төңірегінде аудандық кәсіпкерлер палатасының директоры Бекзатхан Бауыржанұлымен тілдесіп көрген едік.
– Аудандық кәсіпкерлер палатасына кәсіпкерлік бастамамен көптеген тұрғындар кеңес алуға көмекке жүгінеді. Көп жағдайда қандай кәсіппен айналысқысы келетінін білмей жататын жандар болады. Ауылдық жерде болмаған және сұранысқа ие бизнес бастауға кеңес береміз. Бұндай кәсіппен айналысқан жағдайда, тез арада даму динамикасы жоғары болатынын әрі бәсекелестік төмен болатынын түсіндіреміз. Мәселен, ауылдық жерлерде шаштараз, қоғамдық монша және халық қажеттігін өтейтін қызмет көрсету орындарын ашу керегін, ол өз кезегінде тұрғындарға да жағдай жасап, ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға септігін тигізетінін айтамыз.
Осы ретте, халыққа үлгі ретінде, Нартай ауылынан ашылған ТЖО және көлік жуу орталығын айта аламын. Үлкен жолдың бойында орналасқан соң, кенттің теріскей бетіндегі тұрғындар да бұл жаққа келіп көліктерін жуып кетеді екен. Қысқасы, өз ісін бастағысы келіп, бірақ қандай кәсіппен айналысқысы келетінін білмей жүрген азаматтарға өзінің тұрғылықты жеріндегі әлеуметтік және бизнес жағдайға сараптама жасап, тұтынушыларға қажет болатын жаңа бизнес идеяларына көңіл бөлуге шақырамын, – деді.
Кәсіпкер алдағы жоспарларымен де бөлісті. Орталықты кеңейтіп, алдағы уақытта бірнеше адамды жұмыспен қамтығысы келеді. Мақсаты – шағын ауылға жаңашылдық алып келу, халыққа қызмет көрсетіп, қолайлы жағдай жасау.

Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ
08 сәуір 2024 ж. 101 0