Зияткер шәкірт «Іbars»-та

Арамызда жас болса да, қарым-қабілетімен биіктерді бағындырып, көпке танылып жүрген жас өрендер аз емес. Солардың бірі Қызылорда қаласының тумасы, жас талант – Айсана Айдосқызы. Айсана бала кезінен өте зерек, жан-жақты, өнерге де ерекше ықыласты болып өсті. Білімге жаны құштар, көпшіл әрі ақылдылығымен ортада ерекшеленіп тұрады. Жақында ғана Айсана өзінің алғырлығының арқасында балаларға арналған басты телевизиялық арна «Балапанның» жас зияткерлер бағдарламасы «IBARS»-та арнайы қонақ болды.
Қызылорда қаласындағы ағылшын тілі тереңдетілген «YOUR ENGLISH SCNOOL» бастауыш мектебінің мектеп алды даярлық тобында оқып жүрген ол мәнерлеп оқуға ерекше қызығушылық танытқан. Осы қабілетінің арқасында телевизиялық шоу кастингіне қатысып, еліміздің түкпір-түкпірінен бақ сынаған 710 баланың ішінен топ жарды. Бағдарламаға қатысып, бүгінде қанжығасына арнайы алғыс хат пен ерекше сәтті еншілеп қайтты.
– Бағдарламаға қатысу маған ерекше қуаныш сыйлады. Арнайы студияда, өзім секілді оқушылардың қатысуымен білім додасына түстік. Түрлі сұрақтар қойылып, оларға біз жауап бердік. Қызықты ойындар, суретті сұрақтар қойылып, тартысты ойын көрсеттік, - дейді Айсана басылымға берген сұхбатында.