Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Армандарыма жетемін

Армандарыма жетемін


2021 жылдың 21 наурыз-25 мамыр аралығында Алматы қаласында Жазушылылар Одағының мүшесі ­Сансызбай Құттыбаевтың поэзиясына арналған «Шабыт өрені» атты ақындар мүшәйрасы өтті. Мүшәйра 3 кезеңнен «Туған жер», «Армандарым», «Ұлттық сезім» атты 3 тақырып бойынша өрбіген. 30 қатысушының ішінен аталған мүшәйраның барлық сынынан өткен Шиелі индустриалды-аграрлық колледжінің 2 курс студенті Айсана Шекербек ІІ орынды иеленіп, жүлдемен оралды. Жетекшісі колледж әдіскері, қазақ тілі және әдебиеті пәнінің оқытушысы Лиза Рахманберді студенттің шығармашылығын шыңдауда өз үлесін қосты.
– Жер-жерден қатысқан 14 пен 20 жас аралығындағы қатысушылардың беталысы жаман емес. Барлығы да берілген тақырыпқа сай тапсырманы орындады. Мен «Армандарым» атты тақырыбында шығармашылық туындымды оқыдым. Осы туындым үздіктер қатарынан танылып, 2-ші орынды иелендім, – дейді Айсана.
Айсана Арыстанбекқызының шығармашылық жолындағы марапаттары аз емес. Белсенді студент колледж ішіндегі жарыстардан да оқ бойы озып жүр. Мәселен, Worldskills Kazakhstan ұлттық чемпионатында аймақтық іріктеу байқауына қатысып, кеудеше мен белдемше тігу арқылы 1 орын, студенттер күніндегі жарыста «Үздік диктор» номинациясымен марапатталса, Нұр-Сұлтан қаласындағы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай өткізілген байқауда 3 орын иеленген. Сондай-ақ, былтырдан бас­тап өз қолынан шыққан бетперделерді аудан тұрғындарына тегін таратып, игі іс жасаған. «Оқуды тәмамдаған соң атақты дизайнер атану үшін ЖОО-на түсіп, қайырымдылықпен айналысатын тігін цехын ашамын» деген жасөспірімнің арманы мұнымен тоқтамайды. Оны мына бір үзінді өлеңнен байқасаңыздар болады:
...Жалғыз қалсам өздігімнен ойланам,
Өмірімде болмағанды ойға алам.
Неге сонша таусылмайды арманым?
Мақсатым жоқ өз алдыма қоймаған.
Бір арманым – мықты маман атану,
Бір арманым – саусағымнан бал таму.
Бір арманым – Мекке дейтін Жәннатқа
Өз күшіммен ата-анамды апару.

Ақбота БАЯНБАЙ
28 мамыр 2021 ж. 303 0