ЖАСӨСПІРІМДЕРДІҢ ЖАЙЫ ЖІТІ НАЗАРДА
Қазіргі таңда қоғамның өзекті тақырыптарының бірі – жастар мен жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың өсуі. Осы маңызды мәселенің себебін анықтап, алдын алу үшін 28 наурыз күні аудандық ардагерлер үйінде қоғамдық кеңес отырысы өтті. Жиынды кеңес төрағасы Қабілеш Бекішов жүргізіп, күн тәртібіндегі мәселе аудандық қоғамдық кеңес мүшелерінің бақылауынан тыс қалмайтынын және ұсыныс-пікірлердің маңызды рөл атқаратынын жеткізді.
Алғаш сөз алған аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары М.Ақпанбетов аудан бойынша ересектер мен кәмелетке толмаған балалар арасында орын алған құқықбұзушылық фактілерінің туындау себептері мен олардың алдын алу шаралары туралы баяндама жасады.
Бүгінде ауданда 2023-2024 оқу жылында жалпы білім беретін 41 білім ордасы, оның ішінде 34 орта, 3 негізгі, 1 бастауыш, 1 кешкі мектеп және «Samgau School» және «Ziyatker School» жеке мектептері жұмыс істейді. Білім беру мекемелерінде кәмелетке толмағандар арасында қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында жергілікті полиция қызметкерлері, емхана және қоғамдық даму бөлімінен құралған жұмысшы топтар кездесулер өткізген. Сонымен қатар беймезгіл уақытта компьютерлік клубтар мен көңіл көтеру орындарында жасөспірімдердің заңды өкілсіз жүруін болдырмау, құқықбұзушылық пен қылмысқа барудың алдын алу бойынша аптаның әр сенбі, жексенбі күндері бірлескен 167-ден астам білім қызметкерінен жасақталған мобильді топ құрамы рейд жұмыстарын жүргізіп, ескертпе хаттамалар толтырған.
– Қазіргі таңда білім беру мекемелерінен арнайы топ құрылып, рейд жұмыстары кезінде кафе, мейрамханалар, азық-түлік дүкендерінің иелері мен кәсіпкерлерге Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 133 және 200-баптарына сәйкес жауапкершілік көзделгені туралы және Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 132-бабына сәйкес шара көрілетіндігі жайлы ескертулер берілді.
Себебі түнгі мезгіл уақытында жұмыс істеп жүріп, түрлі оқиғаларға тап болған оқушылар бар. 2023 оқу жылында 4 оқушы жол-көлік оқиғасынан жарақат алса, өкінішке қарай, 3 жасөспірім қайтыс болды. Сондай-ақ өткен оқу жылында 1 оқушының суицидке талпыну фактісі анықталса, 1 оқушы суцид бойынша, 2 жасөспірім газдан уланып қайтыс болды. Кешкі мектепте аудан аумағынан тыс жерде 2 оқушы қылмысқа барып, 2 оқушы Тараз қаласындағы девиантты мектеп-интернатқа орналастырылды, – деді М.Ақпанбетов.
Әрине мектеп жасындағы балалардың қылмыстық іске баруы және суицид жасауы – алаңдарлық жағдай. Сондықтан қоғамдық кеңес мүшелері жауапты мамандарды аталған қылмыстардың алдын алу шараларына бір кісідей атсалысуға шақырды. Жиында сөз алған Шиелі кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Болат Күлімбет:
– Бала – біздің болашағымыз. Сондықтан бала тәрбиесіне бейжай қарамаған жөн. Мектеп мұғаліміне қоса, ең бірінші, жауапкершілік үйдегі ата-анаға жүктелетіндіктен, оған күнделікті ақылын айтып, қадағалап отыру керек. Мектеп директоры психологтардың жұмысын жүйеге келтіріп, «Тәуекел» және «Психологиялық қолдау» тобындағы оқушыларға әрдайым диагностикалау, сұхбаттасу, бақылау жүргізіп отыруға тиіс. Алдағы уақытта кездесулер ұйымдастырылса, мен баруға дайынмын, – деді.
Бүгінде оқушы мен персонал саны 300-ден жоғары 30 мектептің 18-інің бейнебақылау камерасы аудандық полиция бөліміне интеграцияланған. Қоғамдық орындар, мектептер мен көшелерде орнатылған бейнебақылау камераларының құқық бұзушылық пен қылмыстардың алдын алуда көмегі көп екенін айтқан жергілікті полиция бөлімінің басшысы Н.Үсенбеков:
– Аудан көлемінде жол-көлік оқиғаларының алдын алу, болдырмау мақсатында жыл басынан бері «қауіпсіз жол», «автобус», «құқық тәртібі» секілді жедел профилактикалық іс-шаралар республика, облыс және аудан көлемінде 5 мәрте өткізілді. Алдағы кезеңде орнатуға жоспарланған бейнебақылау камераларын мемлекеттік сатып алу жұмыстарын жүргізу барысында, ең алдымен, сапасы жоғары, талшықты оптикалық сым арқылы жұмыс істейтін камералармен ауыстыруға аудан әкіміне хат жолданған. Жуық арада өз шешімін табады деп сенеміз, – деді.
Кеңес қорытындысы бойынша жауапты мамандарға ұсыныстар айтылып, тұшымды жауаптар алынды. Бала тәрбиесі мен оның қауіпсіздігінің алдын алу тек үйдегі ата-ана мен мектептегі ұстаздың ғана емес, қоғамның басты міндеті екенін ұмытпағанымыз жөн.
Мейіржан ИБРАГИМОВ