Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ет бағасы «еркелеп» тұр

Ет бағасы «еркелеп» тұр

Қараша түскеннен қазақтың мал байлап, соғым қамына кірісетіні бесенеден белгілі. Әсіресе жылқы етін аңсайтындар көп. Дегенмен әр үй шамасына қарай ірі қарасын іріктеп, көрпесіне қарай көсіледі. Қысы қатал өңірде тұратын халықтың соғымға келгенде тартына бермейтін дағдылы әдеті секілді, көктем келсе де етке деген сұраныс әзір кеміген жоқ. Алайда күн санап құбылып тұрған сол ет бағасының қалтаға мол салмақ салатыны тағы бар.

Ет бағасы «еркелеп» тұр

«Еnergyprom» хабарлағандай, елде жаңа сойылған және салқындатылған ет өндірісі 39%-ға артқан. Былтыр ірі қара, қой, ешкі, жылқының жаңа сойылған немесе салқындатылған ет өндірісі 80,2 мың тоннаға жеткен еді. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 10,1%-ға артық. Биыл қаңтарда 7,1 мың тонна жаңа сойыл­ған немесе салқындатылған ет өн­ді­рілсе, бұл 2023 жылдың қаңтарымен салыс­тырғанда 39,4%-ға артық.
Елімізде сиыр еті өтімді. Оны тұтыну былтыр жан басына шаққанда 18,33 кило болған. Одан кейін жылқы еті тұр. Орта есеппен әр адам 5 килоға жуық тұтынады екен, яғни бір жылда 11,7%-ға көбейген. Керісінше, қой етін тұтыну бір жылда 4% төмендеп, былтыр қаңтар-қыркүйекте орта есеппен жан басына шақ­қанда 4,02 кило болды.
Биыл қаңтардың аяғында ет баға­сын­да өсім байқалған. Оның ішінде қой еті 0,1%-ға, жылқы еті 0,6%-ға дейін қым­баттады. Баға сиыр етіне келгенде де жоғары, бір жыл ішінде осы түліктің өнімі 8,7%-ға өсіпті. Әсіресе өңірлер арасында Алматы, Атырау, Ұлытау облыс­тарында сиыр етінің бағасы көтерілген. Ал жылқы еті қымбаттаған өңірлер – Маңғыстау (11,4%), Ұлытау (10,5%) облыстары. Қой еті Ұлытау (13,4%), Батыс Қазақстан (12,7%), Алматы (12%) облыс­тарында қымбаттады.
Ақпан айының соңын ала бере жылқы еті 4,3%-ға қымбаттады. Оның ішінде қазы 4,8%, жая 2,5%-ға өскен. Мұндай өсім Павлодар, Ақмола және Маңғыстауда байқалады. Бағаның ең аз өсімі Астанада (0,7%) болса, Шымкентте бір жыл ішінде 4,6%-ға арзандаған.
Айта кету керек, биыл қаңтарда ел шаруашылықтарында тірідей сал­мақ­та 20 мың тонна жылқы сатылып, барлық салмағы 10,3 мың тонна жылқы сойылған. Облыстар бо­йынша тірі салмақтағы ең көп жылқы Түркістан, Ақтөбе және Павлодар облыстарында, сою бойынша Түркістан, Ақтөбе, Ұлытау облыстарында сатылыпты. Сондай-ақ 281 тонна жылқы еті өндірілді, бұл бір жыл бұрынғыдан 7,3%-ға аз.
Жаңа сойылған жылқы етінің 62,3%-ы Ақтөбе облысында (175 тонна) өнді­ріл­ген. Үздік үштікке Қызылорда мен Ақмола облыстары да кіреді.
Бір қызық жайт, оңтүстікте Қара­бұлақ деген ауыл бар. Шымкент қаласынан 50 шақырымдай. Мұнда бір күнде 600-700 бас арық-тұрық сиыр кіреді. Сол күні дәл сондай шамада семіз ірі қара сыртқа шығады. Демек бұл ауыл нағыз бордақының орталығы десек те болады. Осы ауылдан еліміздің барлық жеріне ірі қара тасымалданады.
Ет бағытындағы кәсіпкерлердің пікірінше, әр өңір Қарабұлақ сияқты жақын ауылдарына осындай жағдай жасаса, ондағы ет бағасы да ойнамалы болмас еді. Көп арзанға түседі. Өйткені бәсеке көп болады. Қала іргесіндегі ауылдарға жауапты басшылар көңіл бөлсе керек-ті.
Ол үшін қала орталығынан шеткі ауыл­­дарды бордақылау шаруашылығына бейімдеп, сою бекеттерін ұйымдастырып, әр ауданда мал қабылдауды ұйымдастыру қажет. Сондай-ақ сол маңға жоңышқа, жүгері, бидай ексе, жағдай өзгереді. Өйткені жемшөбі өзінен дайындалған соң ондағы барлық ірі қараны жергілікті жерде көптеп бордақылауға болады. Бұл жұмыстар әр аймақтағы ет нарығына бірден әсерін береді. Қазір әр өңірде жекелеген адамдар 100-200 ірі қарадан бордақылайды. Бірақ мұның бағаны түсіруге әсері аз.
Айтпай кетпеуге болмайтын тағы бір нәрсе – еттен бұрын малға тауып берер қысқы азықтың қымбат болып тұрғаны. Мал қоңдану үшін құнары жақсы жем-шөп керек. Арық малдың сыртынан елдің айналып өтетіні тағы анық. Еттің аспандауына бір себеп осы.
«Қонақ келсе, ет қызарар, ет қызар­маса, бет қызарар» дейтін халық­пыз. «Соғымың сүйкімді болсын» деп тілек айтып, туған-туыс, көрші-қолаң, дос-жаранды әндете аралап, қуырдаққа мелдектей тоятын «соғым басы» дейтін дәстүр бұрын көп болушы еді. Бүгінде байқалмайды. Дегенмен соғым басын тойламаса да, тай мен тайыншаның етін кертіп жеп отырғандар баршылық.
28 наурыз 2024 ж. 92 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930