Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Соғым сойдыңыз ба?

Соғым сойдыңыз ба?

Желтоқсан айының бел ортасынан асып, күн райы суыта бастаған уақытта қазақы дәстүр бойынша әр шаңырақта соғым сойылады. Қала халқы бұл рәсімнен алыстап қалса да, ауылдағы ағайынмен айырбас жасап, соғымның етінен ауыз тиері анық. Айырбас дейтініміз белгілі, қаладан ауылға қысқарған, сөрелерде киілмей тұра берген киімдер жөнелтілсе, қыста ауылдан қалаға соғымның еті жіберіледі.
Соғым сою дәстүрін ағайын- туыстың басын қосып, тәтті қуырдақтан дәм татқызатын, жылына 1 рет қана келетін мейрам деп айтса болады. Осы дәстүрдің құндылығын жоғалтпау қоғамның қолында. Соғымға қазақ ірі қара малды сояды. «Қыстың қамын жаз ойла» дегендей соғымға сойылатын мал алдын ала 2-3 ай бұрын таңдалып, жем-суы уақытында беріліп бордақыланады. Таңдалған ірі қараны 2-3 ай бойы орнынан қозғамай, қараңғы қорада жемдейді. Жоспар бойынша соғымның сойылар күні келгенде ағайын-туыс шақырылып, қасапшы жігіттер арнайы соғымға арналған өткір пышақтарын, шарық қайрақтарын дайындайды. Мықты арқанның көмегімен ірі қараны жығып, аяқтарын мықтап байлап соғым бауыздауға дайын болғанда жасы үлкен ақсақал соғымға бата береді. Одан арғы жұмыс ер жігіттердікі. Алқымы тазаланып, терісі сыпырылып, қарыны жарылғаннан кейін қыз-келіншектер ішек-қарынды тазалауға кіріседі. Осылайша үдеріс жалғаса береді. Соңында соғым сойылған үйдің иесі өкпе-бауырдан немесе тек еттен қуырдақ дайындайды. «Соғым шүйгін болсын» айтып келген қонақтар астан дәм татады. Тарқасар уақытта қасапшыларға жұмысының еңбегі үшін бір-бір асым еттен таратылады. Ол қазақта «қол үзік» деп аталады.
Соғымға ірі қараның ішінен жылқы сойылғаны дұрыс. Себебі, жылқы еті қыста адамның күш-қуатын арттырып, ауру-сырқаудың алдын алады. Қазысы дәмді және еті бойға сіңімді келеді. Ертеректе ата-бабамыз жылқы сойғанда оның бүйрек майын шикідей жеген екен. Қазақта «мешкей» деген сөз, осы майды пісірілмеген күйінде жеген адамдарға айтылған деседі. Бірақ соғым уақытында мал базарларындағы жылқының бағасы шарықтап кететіндіктен, көбісі тай құлынға таласып жатады. Кейбіреулер түйенің етін жақтырмай, жағымсыз иісі бар деп соғымға түйе союды қолдамайды. Бірақ халық аузындағы «қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» деген мақалға қарап, түйе етінің басқаларға қарағанда мол болатындығына көз жетеді. Соғымның етін әр аймақта әртүрлі сақтайды. Солтүстік қазақтары соғым сойылғаннан кейін оны міндетті түрде ыстап сақтайтын болса, оңтүстік, шығыс аймақта етті тұздап жаяды. Ал кей өңірде етті сақтайтын жер болмаса, барлық азықты сол малдың қарнына салады екен. Қой мен жылқының еті өзінің қарнына еркін сыйып кетеді.

Әзірлеген
Абылай хан Сақтағанов

10 желтоқсан 2019 ж. 1 818 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930