ЖАҢАРУ КҮНІНДЕ МЕКТЕПТЕ ЖАҢА МҰРАЖАЙ АШЫЛДЫ
Шиелі ауданы бойынша білім бөліміне қарасты №150 орта мектебінде «Наурыз – елдіктің дәстүрі, жаңару мен жаңғырудың рәмізі» атты мерекелік шара ұйымдастырылды.
Шараға аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Ө.Исмаил, әйелдер кеңесінің төрағасы Н.Палымбет, ақсақалдар кеңесінің төрағасы И.Байкенжеев, ардагерлер кеңес мүшелері мен ақсақалдар, білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің жетекшісі Ғ.Төлегенов, аудандық білім бөлімінің кәсіподақ комитетінің төрайымы Г.Тәжбенова және ауданның зиялы қауым өкілдері қатысты.
Мерекелік шараның ашылу салтанатында №150 орта мектеп директоры Нұрлан Батырбаев келген қонақтарды Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекесімен құттықтап, содан кейін осы ауылдағы алғашқы мектептің іргесін қалап, бүкіл ғұмырын ұстаздыққа арнаған, мыңдаған шәкірт тәрбиелеп, шәкірт бойына адамгершілік, ар-ұят, әдептілік пен кішіпейілділік секілді ұлттық тәрбиені ұялата білуімен шоқтығы биік тұлға Мінәт Қалдыбайұлының атындағы мұражайдың ашылу салтанатымен таныстырды.
Мінәт Қалдыбайұлы ұстаздықтың ауыр жүгін арқалай жүріп, қыр-сыры мол, қиын да жауапты мамандықтың майталманы болған. Мұражайдың тарихымен ардагер ұстаз, ҚР Білім беру ісінің үздігі Асанхан Ақпамбетов келген меймандарға таныстырып, қонақтар мұражай лентасын қиды.
Одан әрі қара өлеңнің хас шеберлері Шиелінің майталман ақындары қонақтардың көңілін көтеріп, айтыстың көркін қыздырды.
Шарада салт-дәстүрлер мен ұлттық спорт түрлерінен де көріністер қойылып, мерекелік концерт өткізілді. Қонақтарға дәм ұсынылып, ас берілді.