Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » КҮНІНЕ 300 ЛИТР ШҰБАТ АЛАДЫ

КҮНІНЕ 300 ЛИТР ШҰБАТ АЛАДЫ

Қазақ халқы бағзы заманнан бері ойсылқараны ішсе, сусын, жесе, тағам, мінсе, көлік әрі шипалы дәрі ретінде пайдаланған. Түйе түлігі негізінен жайылымды жерде бағылып, күтімді, құнарлы азық пен жылы қораны аса қажет етпейтіндіктен, басқа малдарға қарағанда, тиімдісі болып саналады. Түйе 150-200 келіні құрайтын жүкпен, 30-40 шақырым жолды жүре береді. Шөлге шыдамды. Сондықтан түйе төрт түліктің төресі болып, ерекше бағаға ие жануар.
Бүгінде дәл осы ойсылқара тұқымын көбейтіп, шұбат өндіріп, кәсіпке айналдырғандар саны аз емес. Көптеген ауруға қарсы емге қолданылатын шұбатқа деген халықтың сұранысы да жоғары. Әрине аруананың бабын тауып, уақытылы сауып отыру да оңай шару емес. Дегенмен түйе сүтінен тиын тауып жүрген 75 жастағы Бала би ауылының тұрғыны Манат Күзембаева үшін бұл – күнделікті дағдыға айналған іс.
Кейіпкеріміз Бала би ауылына 15 жасында келін болып түсіп, сол ауылдағы түйе фермасында сауыншы болып жұмысқа орналасады. Сөзінше күніне 330 литрге дейін түйе сүтін сауып, аудан орталығына жөнелтетін болған. Қазірде үйінде түйе асырап төлдетіп, құрт, сыр, түйе сүтін ашытып, шұбат дайындайды.
– Түйе сүті жүзден аса ауруға ем болады. Әсіресе, жүйке-жүйесінің жақсаруына, ішек-асқазан, өкпе ауруларына таптырмас ем. Сиыр сүтіне қарағанда, бактерицидтік қасиеті жоғары болғандықтан, ұзақ мерзімге сақталады. Дәрігерлердің бақылауы бойынша, шұбатты тұрақты пайдаланатын адамдар туберкулезбен ауырмайды. Осыны ескере отырып, үйдегі немерелеріме көптеп шұбат ішкізуге тырысамын. Себебі дүкен сөрелері адам ағзасына зиян тигізетін түрлі сусындарға толы. Мемлекет тарапынан да энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салу өкінішке қарай әзірге қарастырылмай отыр. Түрлі сусындардың орнына балалар ұлттық өнім қымыз бен шұбат ішсе, белең алған түрлі аурулардың алдын алады. Бұл – әрі сусын, әрі тағам, – дейді Манат Күзембаева.
«Мал баққанға бітеді» демекші, Манат апамыздың үйінде төрт түлік түгел барын аңғардық. Бәріне арнайы уақыт бөліп өзі қадағалайды. Бұл күнде ұлды ұяға, қызды қияға қондырған анамыздың 5 ұл, 3 қыз, 5 келіні бар. Бәрі де ауыл шаруашылығына етене жақын. Осы істің қыр-сырын ұл-қыздары мен келіндеріне үйретіп, еңбекке баулып отырғанын тілге тиек етті.
– Түйе – өте беркелі түлік. Қазір екі мезгіл сүтін сауып отырмын. Жаз мезгілінде үш рет саууға болады. Бір күнде түйе 5 литрге дейін сүт береді. Сауар алдын жақсылап желімін жуып алу керек. Дұрыс жуылмаған болса, шұбат дайындағанда жағымсыз иіс шығады. Мен соны келіндеріме ескертіп отырамын. Ал ұлдарым бәйге аттарын дайындайды. Түрлі додаларға аттарын қосып, жүлдемен оралады. Ұлттық тағамды қолдап, ұлттық болмысымызбен дәстүрімізді жаңғыртатын текті ұрпақ тәрбиелеуге қолдан келгенше атсалысамын, – деп түйіндеді еңбек адамы.
Иә сонымен «жүз рет естігенше, бір рет көрген артық» дегендей, біз де түйені көзімізбен көріп, көңілге түйерін түртіп алдық. Нағыз өз ісінің шебері Манат Күзембаеваға ұзақ ғұмыр, кәсібіне береке тілейміз.

Мейіржан ИБРАГИМОВ
12 наурыз 2024 ж. 117 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930