Түйе сүтінің сыры
Түйе – төзімділігі үшін төрт түліктің төресі саналады. А.Байтұрсынұлы «Қыр кемесі» атаған түйе хақында қасиетті Құранның «Ғашия» сүресінде «Олар түйенің қалай жаратылғанына қарамай ма?» деп, жануардың ерекшеліктеріне назар аудартады. Шынында, мұрнынан кіргізген ыстық ауаны салқын ауаға айналдырып сыртқа шығаруы, көзін құм мен ыстықтан сақтау үшін кірпіктерінің екі қатардан тұруы, терісінің қалыңдығы, аштыққа шыдамды болуы үшін асқазанындағы тамақтың ұзақ қорытылуы, оңай жүру үшін табанының жұмсақ болып, құмның ыстығынан сақтайтын табанының сыртындағы қапшығы секілді тізе берсе жалғаса беретін ерекшеліктері көп. Суды ішкенде де денеге сіңген судың ылғалдылығы біраз уақытқа дейін сақталады. Үй жануарларының денесіндегі ылғал мөлшері 88 %-тен төмендеген жағдайда олар өмір сүре алмайды, ал түйе денесіндегі ылғал 60%-ке дейін түссе де шыдап жүре береді.
Ойсылқара пірі саналатын түйенің сүті – шұбат түрлі дәрумендерге толы қазақ асханасындағы дәстүрлі сусынның бірі. Құрамында су – 86,5% болса, қалған 14,5 %-і белок, альбумин, казеин, глобулин секілді көптеген минералды заттардан тұрады. Айранмен салыстырғанда құрамындағы адам организміне қажетті заттар өте көп. Майлылығы 4,9 проценттен 6 процентке дейін. Этил спиртінің кездесуі 1,1%-ті құрайды. Қанның қызыл формалы элементтерін жасауда керек болатын амин қышқылдары да осы сүт құрамында кездеседі. Бір түйенің беретін өнімі 15 қойдың беретін өніміне тең, ал дару қуаты жағынан сиыр, жылқы сүтінен де күшті. Сиыр сүті 660 ккал, қымыз 499-528 ккал болса, шұбат 789-991 ккал. С, В1, В2 витаминдері бойынша сиыр сүтінен де бай.
Қараған қай малының болсын бабын тапқан қазақ халқы жылқы баласына жастайынан шымыр, шыдамды болуы үшін түйе сүтін берген екен. Ғалымдар адам ағзасына пайдалы шөптердің басым көпшілігі құмда өсетінін айта келе, түйенің етінің құрамында майдың болмауы мен сүтінің химиялық құрамының ерекше болуын 34 тісінің арқасында жантақ, изен, көкпек, жусан, қияқ шөптерін жейтінінен деп түсіндіреді. Сары ауру, өт жолының қабынуы, демiкпе, сусамыр, өкпе, асқазан, бауыр ауруларын емдеу мен иммундық жүйенің нығаюына шұбаттың берер пайдасы зор екенін ұлттық ғылым академиясының академигі Төрегелді Шарманов та үнемі айтып отырады. Ешкі, сиыр, қой сүттерін пісірмей іше алмайтын болсақ, шұбатты ашытып та, сауып алғаннан кейін де ішсе болады. Негізгі сақтау мерзімі екі апта. Десе де, бүгінде ғалымдар сусынды сақтау мерзімі үш жылға дейін жететін таблетка түрінде жасап шығарды. Заманауи технологияның құдіреті болса керек, пайдасы еш кемімей, адам организміне жаңа ашытылған шұбаттың дәруменін береді.
«Асы саудың – дені сау» деп, жұмыр жердің халқын қанының тазалығымен таң қылатын қазақ ертеден нәрі мен дәмі үйлескен асты жасай да, тұтына да білген. Техникасы заманауиланғанымен ғасырлардан жалғасып келе жатқан шұбат жасау ісінің қазір де ұмытылмағанына, халықтың ата асын тұтынатынына басқаны қоя тұрғанда өзіміздің өңірде де бар түйелі ауылдар мен шұбат цехы дәлел.
Өзгелердің коласы мен горилласын таңсық көрмей, өзгеде жоқ ұлттық брендтеріміздің қадірін білейік.
Назерке Серәліқызы.