ТҮЙЕ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ТҮЛЕТСЕМ ДЕЙДІ
«Бақырауық демесең, бағалы көлік түйе ғой», «Нары бардың малы бар», «Көтерем деп түйеден безбе, салтанатың емес пе?» деген мақал-мәтелдерден біздің халықтың түйе түлігін ерекше бағалағанын байқауға болады. Түйе бағып, тіршілігін дөңгелетіп отырған жанның бірі – Ұлжан Аяпбергенова.
Ол 22 жасында Еңбекші ауылына ойсылқара төлін өсіріп, қасиетін сезінген әулетке келін болып түседі. Сол кезден бастап енесінен түйе сауу, шұбат ашытудың қыр-сырын меңгерген. Қазір өзі де шаңырағындағы қос келініне білгенін үйретіп, шаруаға баулудан жалыққан емес.
Ол 22 жасында Еңбекші ауылына ойсылқара төлін өсіріп, қасиетін сезінген әулетке келін болып түседі. Сол кезден бастап енесінен түйе сауу, шұбат ашытудың қыр-сырын меңгерген. Қазір өзі де шаңырағындағы қос келініне білгенін үйретіп, шаруаға баулудан жалыққан емес.
Мал шаруашылығы – қазақтың қанында бар, жанына жақын ата кәсіптің бірі. Төрт түліктің бабын ежелден жетік білген дана халқымыз нәсібін дәл осы кәсіптен тапқан. Бүгінде қой, жылқы немесе сиыр бағумен айналысып жүрген шаруаларды жиі кездестірсек те, төрт түліктің төресі – түйе малын бағуды қолға алған жандарды сирек жолықтырамыз. Негізінен түйе сүті жүз ауруға ем. Ол ішек-асқазан аурулары, өкпе ауруларымен күресіп, жүйке-жүйесінің жақсаруына әсер етеді. Балалар мен ересектердің иммундық жүйесін қалыпқа келтіреді. Сүтінен бөлек еті мен жүні қашанда бағалы.
– Түйені 3 мезгіл сауамыз. Қазір көбіне келіндер сауады. Күніне 5-6 литр өнім аламыз. Шұбат дайындап, алдымен балаларға, үйге келген меймандарға ұсынамыз. Қалғанын сатамыз. Тапсырыс берушілер көп. Берісі Қызылорда, әрісі Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларына алып кетіп жатады, – дейді Ұлжан Әлтайқызы.
Ұлжан апаның шұбатының дәмі шынында да тіл үйіреді. Оның сыры бабын келтіріп дайындағанында болса керек. «Ашытқысын үзбейміз» деген ол, қажетіне қарай бірде түйе сүтін жылыдай құйса, бірде пісіріп құятынын айтады. Содан да болар шұбатқа сұраныс көп. Құны да қымбат емес, 1 литрі – 800 теңге.
Бес ұл мен екі қызды дүниеге алып келген Ұлжан Аяпбергенова бүгінде 8 немеренің сүйікті әжесі. Атадан балаға жалғасып келе жатқан кәсіпті алдағы уақытта ұлдары кеңейткісі келеді. Ол үшін мемлекеттік бағдарламаларға жүгінуге ниетті.
Иә, «Түйесі бардың, киесі бар» деп бекер айтылмаған. Қазір де шұбаттың мыңда бір дертке шипа екенін ғалымдар да дәлелдеп отыр. Енді Ұлжан апаның ұлдары секілді түйе сүтін нарыққа шығаруды көздейтін шаруаларға мемлекет тарапынан қолдау табылса игі.
Адал еңбегі арқылы табыс тауып, құнарлы тағам, шипалы сусын ішіп, әрі балаларын еңбекке тәрбиелеп отырған отбасыға қарап сүйсіндік. Мақсаты айқын, алға қойған жоспары нық жанның дегеніне жетері сөзсіз.
Г.ЯХИЯ