Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Түйелі ауыл –киелі ауыл

Түйелі ауыл –киелі ауыл


Жаратушы иеміз ата-бабаларымыздың несібесін о бастан мол еткен. Төрт түлік мал алдарында болған. Қойдың пірі – Шопан ата, ешкінің пірі – Сексек ата, сиырдың пірі – Зеңгі баба, жылқының пірі – Қамбар ата, түйенің пірі –Ойсыл қара қазақтың кеңбайтақ жазиралы жеріне симай, мидаланың сәні болып өріп жүрген. Мінсе – көлік, жесе – ет, ішсе – сүті сусын болған төрт түлік қыстаудағы халықты тоқ етсе, жайлауда төл өргізіп малшыларды қуанышқа бөлеген.


Әр түліктің ерекше қасиеттері бар. Ата-бабаларымыз осы төрт түлік малмен күн көріп, тұрмысын жөндеген, малын базарға апарып сатып ұл-қыздарын, немерелерін оқытқан. Қалыңмалын беріп келін түсірген, қалыңмал алып қызын ұзатқан. Сонда да өрісі ортаймаған, мыңдаған мал жер қайыстырып, қазақтың ырысына айналған. Төрт түліктің төресі түйені ертеде шөл кемесі деп атаған. Өйткені түйе отыз күн су ішпей, алпыс күн аштыққа шыдайтын жануар саналған. Түйеге байланысты айтылған аңыз не дейді? Ойсыл қара Мұхаммед пайғамбардың замандасы екен. Расулдың атын естігенмен, бір көруге зар болыпты. Қарт шешесіне қарайлап, пайғамбарға жете алмапты. Бірде Мекке жұртына жұт келеді. Ел азық таппай ашығады. Сол кезде Ойсыл қара «пайғамбарға сыйым» деп жүз мың түйе айдапты. Түйесі бүкіл Меккені басыпты. Жұрттың жесе еті, ішсе сусыны, мінсе көлігі, кисе киіміне айналып, ырыс-берекесін молайтқан көрінеді. Пайғамбар Ойсылға риза болып, оны «Түйенің атасы» деп атапты. Осыдан бастап ол ел арасында «түйенің атасы», «түйенің пірі» деген атауға ие болыпты. Пайғамбар дүниеден өтерде үстіндегі жалғыз шапанын Әбубәкір мен Әлиге аманаттап: – Менің шапанымды түйенің атасына апарыңдар! Иығына жабыңдар! Онымен көрісуді Құдай жазбапты.

Қарт шешесін бағып маған келе алмады. Анасын баққан адам – менің ең жақсы көретін үмбетім. Рухымыз көкте, пейіште жолығар, – дейді. Әбубәкір мен Әли пайғамбардың аманатын Ойсыл қараға жеткізіпті. Қазақта түйенің пірін – Ойсыл қара деп содан бері атап келеді. Түйеге қиянат еткен адамды әулиенің киесі ұрады деген сөз де сол уақыттан қалған. Түйелер шөлге де, қатты аязға да төзімді күшті көлік малы. Мұның екі түрі бар: қос өркешті түйе (Бактрия түйесі) – негізгі өсірілетін жерлері: Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Астрахан, Саратов, Чита облыстары. Бұрын КСРО-да мұның Астрахан түйесі, Қазақ түйесі, моңғол түйесі деп аталатын негізгі үш тұқымы өсірілген. Бір өркешті түйе (дромедар) Түркіменстанда, көбінесе Тәжікстан мен Өзбекстанда кездеседі. Сыңар өркешті түйенің қазіргі кезде қолда аруана деп аталатын қолтұқымы өсіріледі. Жабайы түрі жойылып кеткен. Оның жалпы аты –«нар», ұрғашысы – «мая» немесе «аруана», еркегі – үлек деп аталады. Бір өркешті түйе ыстыққа төзімді, бірақ қатты аязға шыдамсыз келеді. Қазір түйені көлік ретінде пайдаланудан гөрі, ет, қымыраны мен шудасы үшін өсіру пайдалы. Мамандардың пікірінше, бір түйенің беретін өнімі (еті) 15 қойдың беретін өніміне тең екен. Сондай-ақ бізде қымыран деп жатса, өзге өңірлерде шұбат дейді. Түйенің ашытылған сүті дертке дәру, шипа болған. Қазақстанда қолға үйретілген айыр өркешті, қос өркешті түйенің қолтұқымы көбірек кездеседі. Оны кейбір аймақта «айыр түйе», ал Арал жағында «түс түйе» деп атайды екен. Айыр өркешті түйенің жабайы түрі «қаптағай» деп аталған. Айыр өркешті түйенің ұрғашысын – «іңген», еркегін – «бура» дейді. Айыр өркешті түйені ғылыми тілде «бактриан» яғни бактрия түйесі деп атайды. Оның денесі ірі, салмағы 450-500 килоға дейін жетеді. Айыр өркешті түйелердің қолға үйретілген үш қолтұқымдас түрі бар. Олар – қалмақ, қазақ, монғол қолтұқымдары. Қоспақ түрлеріне, пайдалануына, қанына қарай: аруана, желмая, нар деп аталады. Түйенің еті қандай мол болса, оның жүні өте биязы болады. Түйенің жүні салынған жастық, көрпеше мен көрпелер жеңіл әрі жылы болатыны баршамызға аян. Түйе шөлге қанша шыдамды болғанымен, оларды күніне 2 рет, қыста 1 рет суарып отыру керек екен. Ол тұзды-кермек суды жақсы ішеді. Қолайсыз табиғат жағдайында азық ретінде пайдалану үшін өркешіне артық май жинайды. Кеудесіндегі, табандарындағы, шынтағындағы, тізесіндегі қажау сүйектерінің арқасында ыстық жерде, құмда жата береді. Түйенің тағы бір биологиялық ерекшелігі – қыста қолда бағуды, сапалы азықтандыруды және қораны керек етпейді. Түйенің сүті, еті, жүні пайдаланылады. Сүтінен емдік қасиеті бар шұбат, май, сыр дайындалса, еті тағамға қолданылады, ал жүнінің 85-90 пайызы таза, өте бағалы түбіт болып саналады. Осынау төрт түліктің төресі атанған түйе тышқанға алданып жыл санақтан қалса да, атын әлемге жайып, Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) үстіміздегі 2024 жылды «Түйе жылы» деп атады.


Мақаланы жазуыма да осы хабар себеп болды. Бала күнімізден түйе көріп өстік. «Қазақстанның ХХХ жылдығы» атындағы совхоз түйе шаруашылығымен айналысты. Қазіргі Бала би ауылының «Ащықұдық» деп аталатын мөлтек ауыл жағында тұрдық. Екі құмның аралығына орналасқан. Батыс жақтағы құмның арғы етегінде Әбділда Жидебаев деген көкеміз түйе ұстап, түйелері ауылға дейін келіп, тайраңдап жүретін. Мойыны жирафтың мойынындай ұзын, көзі бадырайған, еріні салбыраған үлкен жануарды көріп шошитынбыз. Алыстан көрсек болды түрінен-ақ қорқып қашатынбыз. Сөйтсек, зиянынан пайдасы көп, адамды еш қалдырмайтын жануар екенін ес білгелі біліп жатырмыз. Осы жерде ауылдың сол кездегі еңбек десе жанын салатын бейнетқор адамдары, ағаларымыз бен апаларымыз, інілеріміз бен келіндеріміз еске түседі. Қазіргі таңда статистикаға сүйенсек аудан көлемінде 1482 түйе, 24994 жылқы, 80795 сиыр, 111967 қой бар екен. Сол жылдары бір совхозда 1500-дей түйе болған. Мал бағытында құрылған совхозда сол кезде 40-45 мыңдай қойы бар фермалары және 1500-дей түйесі бар түйе фермасы құрылды. Алғаш рет түйе фермасын Амантай Төлендиев ағамыз басқарды. Кейін зоотехник Кәрім Берденов ініміз басқарып, сауын фермасын ұйымдастырды. Түйе сүті сауылып, фляктармен аудан орталығындағы Тұңғышбай Күсепов ағамыз басқаратын «маслпром» деп аталатын мекемеге жеткізілетін.

Сауын түйелерді ұмытпасам Қуанышбай Өтешов ағамыз бен Сайфулла Дүйсенбеков ініміз бағып, олардың жұбайлары Ақтай мен Шолпан сауыншы болды. Сонымен бірге сауыншылар қатарында бүгінгі Бала би ауылының төрағасы Пернебай Күзембаевтың анасы Манат жеңгеміз болса, әкесі Алтынбай ағамыз осы ферманың ветеринар-дәрігері болған. Сондайақ Айсұлу Өтелбаева, Аманкүл Оспанова секілді ауылдың асыл келіншектері түйе сауып, тер төккен. Сауын фермасы жазда Сарысудағы «Кенжесары» деген жерде болса, қыста ауыл сыртындағы «Қыдырбек шұқыры» деген жерде сауын жүргізетін. Түйекештер Қалжан Жұмағұлов, Өмірбек Нарымбетов, Кенжебек Оспанов, Камал Оспанов, Матулла Толжанов, Күлімбет Жүсіпов, Серік Ташматовтар төрт түліктің «Ойсыл қарасын» дамытуда аянбай еңбек етті. «Шаруашылықтың экономикасын арттыруға мол үлестерін қосты деп есептейміз. Осылардың ішінен ең ұзақ – 19 жыл түйе баққан Өмірбек Нарымбетов ағамыз болды. Ө.Нарымбетов Кенжебек Оспановпен бірге Сарысудағы «Жыңғылдыны» жайлау еткен. Сол жерде төл өргізген. Түйе егіз тумайды. Қазақта «түйе егіз туса, жеті жерге көшіп-қон» деген сөз бар. Ө.Нарымбетов өзінің адал еңбегінің арқасында халық депутаттары аудандық кеңесінің депутаты болып сайланған. Жұбайы Раушан Мұсаева екеуі сол бейнеттің зейнетін көріп, бақытты ғұмыр кешуде. Түйелі ауыл – киелі ауыл. Мен Бала би ауылын солай дегім келеді. Себебі, ол ауылда бейнеткеш, сүйкімді, Ойсыл қарадай шыдамды, төзімді халық тұрады. Түйе жылына орай ауыл әкімдері «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша жобаларын ұсынып жатса, төрт түліктің төресі назарларында болғанын қалар едік. Нарық заманы – осы түйелердікі-ау деймін.


Өркен ИСМАИЛ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Фото: mirtesen.ru


30 қаңтар 2024 ж. 280 0