РУХАНИ КЕМЕЛДЕНЕР ШАҚ
11 наурыз күні басталған қасиетті Рамазан айының алғашқы күнін өткіздік. Расында бұл ай – Алла Тағаланың мұсылман қауымына қасиетті етіп берген айларының ең қайырлысы. Бұл уақытта адамзат құлшылықтан қуат іздеп, Жаратқанның шапағатынан үміт етіп, 30 күн бойы ораза тұтады. Өздеріңізге белгілі, биылғы Рамазан көктем мезгілімен тұстас келіп отыр.
Хадис шәрифте: «Қаншама ораза тұтқан адамдар бар, олар ашығу мен шөлдеуден басқа еш нәрсе ала алмайды» деп айтылған. Сондықтан ораза тұтқан кезде дініміздің басқа бұйрықтарына да мән беруіміз керек. Мәселен, көзді пайдасыз нәрселерге, харамға қараудан, жүректі жақсы нәрселерден тыятын жағдайлардан, ал тілді жалған, өсек, арандатушы сөздерден сақтау қажет. Бұл тыйымдардың мақсаты – дұрыс адам болу. «Толық мұсылман болмай, толық адам болмайсың» деген Абай да «Қаймағы бұзылмаған қайран дінім, Қаймағың быт-шыт болды қайдан бүгін?! Құбылаға бет алып қол қусырып, Сәждеге бас қоятын қайда күнім?» деген Мұқағали да діни парыздарға бет бұрып, тыйымдардан тыйылмайынша дұрыс адам болмайсың дегенге меңзеген емес пе?!
Жалпы мұсылман үмбеті өмір салтында қасиетті Құран мен сүннетті басшылыққа алады. Құран Кәрімде («Бақара» сүресінің 183-аяты): «Ей, иман келтіргендер! Тақуалықтан үміттерің болса, өздеріңнен бұрынғыларға ораза ұстау парыз етілгені сияқты, сендерге де ораза ұстау парыз етілді» деген. Ойшылдар адам өмірге келгенде «Кіммін, не үшін келдім, қайда барамын?» дегендей, сұрақтарға жауап іздеу керегін айтады. Мұсылман адам үшін өмірге келгеннен кейін Жаратушыны тану, ғаламды, тіршілікті жаратуындағы құдіретін ұғыну, соған тамсана отырып, құлшылығын орындау аса маңызды. Ендеше, саналы мұсылман Абайша айтқанда, «Әуелден көптің қамын Тәңірі ойлаған» деп, осы өмірге келмей тұрып, тіршілік етуге барлық жағдайды жасап қойған Раббысын тануға тиіс. Міне, осындай таным биігіне жетіп, Жаратушы таныған, Пайғамбарына мойынсұнған жан ислам талаптарына бей-жай қарамайды. Мұсылман баласы күнделікті бес уақыт намазын қаза етпей, жылына бір келетін Рамазан айында ауыз бекітеді. Бұл ай күнә, қате-кемшіліктерден тазару, руханиятқа көңіл бөліп, жаныңды нұрландыру тұрғысынан аса елеулі мүмкіндік береді.
Рамазан айын ел сондықтан қадір тұтып, бірлікке шақырып, рухани байлыққа кенелуге тырысады. Қасиетті айда қайырымды іс жасап, сауапты іске жұмыла атсалысатыны да содан. Айлардың сұлтанында жақсылық жасауға жарысайық. Оразаң қабыл болсын, ұстаған жан!
Г.ДҮЙСЕБАЙ