АНТЫНА АДАЛ НАҒИМА

Мамандық таңдау – әрбір адам үшін ең маңызды кезеңдердің бірі. Себебі кез келген адамның өмір жолы таңдаған мамандыққа тікелей байланысты. Шын жүрегімен қалаған мамандық бойынша оқып, сол салада еңбек ету – жаныңның рахаты. Биік белестерді бағындыру оңайлықпен келмесі анық. Кезінде ақындар «Мен қазақ қыздарына қайран қалам...» деп қазақ қызының қадір-қасиетін әнге қосқаны әмбеге аян. Бұдан бөлек қазақ қыздарына қайсарлық, өжеттілік қасиеттері тән екені даусыз. Олар қашан да ақылдылығы, даналығымен өзгелерден дара болған. Осылай қолға алған ісін жүйелі жүргізіп, абыройлы қызмет етіп жүрген қазақ қыздарын көргенде, бір марқайып қаласың. Біздің кейіпкеріміз Нағима да – өз ісінің нағыз маманы.
– Жанымыз нәзік болса да, рухымыз мықты екенін жылдар бойы атқарған қызметімізбен дәлелдеп келеміз. Күн-түн демей, халықтың сенімі үшін еңбектенеміз, – деді.
Нағиманың осы салада жүргеніне 12 жыл болыпты. Құқық қорғау саласында жұмыс істеуді бала кезден армандаған. Өзінің айтуынша, жанұядағы жылулық оның көздеген жоспарын алаңсыз іске асыруына септігін тигізген. Балалық шаққа саяхаттаған ол осы сәтте осындай қиын салаға қалай келгені жөнінде айтып қалды. ¬Жастайынан форма киіп жүруді армандап, алдына мақсат қоятын. Бала кезінде аудандық полиция бөлімшесі жанынан күнде өтетін. Сонда ол үнемі формада жүрген ұл-қыздарды бақылап, қызыға қарайтын. Содан бастап бала күнгі көрген көріністер оны алға жетелеп, бүгінде өз саласының нағыз тәжірибелі маманына айналды. Армандар орындалады.
Еңбек қоғамында бәсекелестік белең алғалы қызметте әйел мен ердің мойнына артылар жүк тең екені белгілі. Бұл істе Нағима да өз ісінің маманы деуге әбден лайықты. Осындай жандарға арнайы мерекеде ғана емес, жылдың қай мезгілінде болсын құрмет көрсетуге болады.
Айнұр ИБРАШЕВ