ІСКЕР ӘЙЕЛДЕР ҮЛЕСІ АРТЫП КЕЛЕДІ
Бүгінде құшақ-құшақ гүл мен сырлы сезімге толы 8 наурыз атты мерейлі мерекенің түбінде нәзік жанды қауымның өз үні мен еселі еңбегі, қайсарлығы мен қажырлы күресі жатыр. Әсілі, әйелдер қауымы әу бастан ер адамнан бір саты төмен жаратылған деседі. Оған аңыз бен қатталған қалың тарих куә. Дәйекті сөйлетсек, 1857 жылдың 8 наурызында Нью-Йорк қаласындағы тігін және аяқ киім фабрикасындағы жұмысшы әйелдердің теңдік сұраған наразылық шеруін де айтуға болады.
Өмірдің мәні, тіршіліктің сәні – әйел. Ол – тіршіліктің тамыры, шаңырақтың ұйытқысы. Сондықтан әйел затының қоғамдағы, адамзат өміріндегі орны мен рөлі ерек. Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен аналарға құрмет көрсету – күллі адамзаттың парызы. Қазақ халқы да қашаннан қыздарын қадір тұтып, төрінен орын ұсынған. Ақын Жүрсін Ерман айтқандай, «қай жерде, мейлі, қай елде, әлемнің мәні – әйелде».
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының дерегі бойынша, республикада қаржылық қолдау алып отырған кәсіпкерлердің 57,6 проценті әйелдер екен. Бұл елімізде әйелдер кәсіпкерлігінің белсенді дами бастағанын аңғартады. Сондайақ қазір елімізде төрт банкті – «Халық банкті» (Үміт Шаяхметова), «Альфа Банкті» (Алина Аникина), РБК Банкті (Наталья Акентьева) және «Отбасы банкті» (Ләззат Ибргимова) әйел азаматтар басқарып отыр. Сол секілді сан салада басшылық қызметте жүрген шиелілік нәзік жандардың да ауданның өркендеуі жолындағы еңбегі ескерусіз қалған емес. Мәселен, Шиелі аудандық білім бөлімінің басшысы Жібек Баймұратова, санитарлық эпидемиялық бақылау басқармасының басшысы Гүлзада Айтекеева, аудандық статистика бөлімінің басшысы Алтынкүл Құрбанқызы сынды әйел-аналар басшылық қызметте де бедел биігінен көрініп жүр. Ал кәсіптің көзін тауып, аудан игілігі үшін іс атқарып жүрген Рәбибі Нұржанова, Айткүл Әбдіқадірова, Дүйсенкүл Тәжікова сынды кәсіпкерлердің де еңбегі елеулі.
Иә, қазіргі қоғамда «Ер – түздікі, әйел – үйдікі» деп біржақты пікір айтып отыра алмаймыз. Себебі, бүгінгі әйел бейнесі – іскер, басшы, қызметкер сынды лауазыммен толыққан. Олар бала тәрбиелеп қана қоймай, кәсіп ашып, оны дамытуға қабілетті. Бүгінде ақ жаулықты аналардың да жетістікке жетіп, табысқа кенелуіне, сондай-ақ талай-талай асу алып, биік белесті бағындыруға білімі мен білігі жеткілікті. Демек әйелдердің қазіргі қоғамда атқарар рөлі орасан. Мәселен, облыс тұрғындарының 47,8 проценті әйелдер. Оның 54,7 проценті ауылдық жерлерде тұрады. Статистикалық мәліметтерді әрмен қарай сөйлетсек, әйелдердің қоғамдағы барлық салаларда жұмыс істеп жатқанын байқаймыз. Себебі, бүгінгі таңда барлық педагогтердің – 73 проценті, дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің – 87 проценті әйелдер. Ал барлық бюджеттік сала қызметкерлерінің 65 процент нәзік жандардың үлесінде болса, мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі – 35,4 процент. Қазіргі таңда ақ жаулықты аналар саясаттан да шет қалған емес. Бұған дейін облыстағы түрлі деңгейдегі депутаттардың 9 процентін әйелдер құраса, қазір бұл көрсеткіш 21 процентке өскен. Ал шағын және орта бизнесті дамытып отырған әйелдер 48,3 проценті құрайды. Бұлардың барлығы ауылдың өзінде ірі кәсіп арқылы табыс табуда. Бұл ауыл әйелдерінің отбасы, ошақ қасында ғана емес, сауда мен кәсіпте де белсенді екенін білдіреді.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ