Әйел құқығын қорғау – әлемді қорғау

Қазақстанның Конституциясы адамды жынысына қарап кемсітуге тыйым салады. Соңғы 15 жылда осы бағытта бірқатар стратегия мен заң қабылданды. Атап айтсақ, 2006-2016 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының гендерлік теңдігі стратегиясы әзірленіп, 2009 жылы Ерлер мен әйелдердің тең құқықтары мен тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы заң қабылданды. Бұған қоса 2016 жылы Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы жарияланды. Гендерлік тепе-теңдік пен адам капиталын дамытуға, отбасы құндылығын нығайтуға бағытталған осындай бастамалар жиі жүзеге асырылып жатқанымен, әлі де болса қоғамда аталған мәселе шешімін таппай отырғаны рас.
Отбасында өмірлік серігінен опа таппай, опық жеп жүрген нәзік жандылардың мысалын көптеп келтіруге болады. Сотта істі қарау барысында, отбасында орын алып жататын дауларға келгенде адам тағдырының күйзелісті тұстарын сезінуге болады. Сондай-ақ, сот қарауына келіп түскен істерді сараптап қарағанда, әйелдерге қарсы жасалған құқық бұзушылықтардың болуына басты себеп отбасындағы жанжал, тұрмыс келеңсіздігі, ер азаматтардың ішімдікке әуестігі, бір-бірін кемсіту, күш және қоқанлоқы көрсету, жұмыссыздық, күн көріс қиындығы және тағы басқалары болып келеді. Осындай жантүршігерлік жағдайларға қарап, қоғамда әйелдердің қадірін біліп, жете бағаланбайтынын, олардың құқы тиісті деңгейде қорғалмайтынын аңғаруға болады. Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетіп, айналасын үйлестіріп, жарастырып отырған әйелдің өзіне тең дәрежеде, зор құрметпен қараған абзал. Алыс-жақын ағайынды, көрші-қолаңды тату ету арқылы қоғамның ынтымағын сақтауда, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеуде әйелдің ерекше орнын білу – қазақта бұрыннан бар идеология. Тек осы құндылығымыздың құрып кетпеуіне жол бермеген жөн. Сондықтан, біз қай кезде де бұл мәселені басты назарда ұстап, гендірлік саясатқа өз деңгейінде мән беруіміз керек.
Абылайхан Тасмағанбет,
Шиелі аудандық соты кеңсесінің
бас маманы