Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » НӘЗІК ЖАНДАРДАН ҚҰРАЛҒАН ҰЖЫМ

НӘЗІК ЖАНДАРДАН ҚҰРАЛҒАН ҰЖЫМ

Бала тәрбиесі мәселесі – күн тәртібінен түспейтін тақырыптардың бірі. Себебі адам бойындағы абзал қасиеттердің бәрі оның бала кезінен қалыптасады. Ал барлық тәрбиенің бастау бұлағы балабақшада екені сөзсіз. Бала бақытының алғашқы баспалдағы саналатын бұл орынның маңызы бөлек.
Бүгінде ауданда кішкентай бөбектерді тәлім-тәрбиемен қатар білімге баулып, қоғамға бейімдеуді мақсат еткен балабақшалар көп-ақ. Сондай білікті мекемелердің бірі – «Бекарыс» жеке балабақшасы. Бала болашағы жолында бірнеше жылдан бері еселі еңбек етіп келе жатқан балабақша ұжымының қазірде қол жеткізіп үлгерген жетістіктері аз емес. Әрине, әр бүлдіршін қабілетінің мықты болуы ондағы педагогикалық ұжымға тікелей байланысты. Ал бұндағы қызметкерлердің барлығы да – талай тәжірибе жинаған, жоғары білімді мамандар. Әрқайсысы алдындағы бала көңілінің кілтін тауып, олардың тұлға болып қалыптасуына сүбелі үлес қосып жүр.
– «Бекарыс» балабақшасы 2016 жылдан бері халыққа қызмет етіп жүр. Бүгінде бұнда 3-5 жас аралығындағы 60 бала тәрбиеленеді. Мекемеде 17 қызметкер жұмыс істейді.
Өзімнің мектепке дейінгі білім беру саласында 20 жылға жуық тәжірибем бар. Бұған дейін аудандағы мемлекеттік балабақшаларда тәрбиеші, әдіскер қызметтерін атқардым. Ал қазір өзіміздің білім ордамызда балаларға тәрбие беріп, ата-аналардың алғысына бөленіп жүрміз. Ұжым бойынша жыл сайын Білім министрлігінің, аудандық білім бөлімінің алғыс хаттарына ие боламыз. Тәрбиешілер «Үздік тәрбиеші» атанып, балаларымыз түрлі сайыстарға қатысып, жетістіктерге жетіп жүр, – дейді балабақша меңгерушісі Гүлнара Ибраева.
Иә, балдырғанның келешекке басқан алғашқы қадамының нық болуы жолында бала бағбандарына артылар жауапкершілік көп-ақ. Ондағы еркелердің бірі – үйдің кенжесі болса, енді бірі – тұла бойы тұңғышы. Бірақ соған қарамастан, ұлағатты ұстаздар олардың әрқайсысының тілін тауып, бірыңғай тәртіпке баулып, ойлау дағдысы мен таным-белсенділігін арттыруға жағдай жасап жүр. Балабақшада күн сайын балалардың жан-жақты дамуына арналған түрлі оқу іс-әрекеттері ұлттық құндылықтар негізінде жүргізіледі.
– Балаларға күнделікті әртүрлі тақырыпта сабақтар өткізіледі. Оның барлығы ойын түрінде жүзеге асады. Мәселен, ермексазбен мүсіндер жасау, түрлі-түсті қағаздарды қиып, жабыстыру әдістері, театр мен дене шынықтыру сабақтары. Тәрбиеленушілеріміз екі мезгіл серуенге шығып, қызықты қимылды ойындар ойнайды. Себебі үнемі іс-әрекетте болу баланың жанжақты дамуына оң әсер етеді.
Бұл тарапта тәрбиешілерге қойылатын талап жоғары, себебі олар әрқашан бәріне дайын болуға тиіс. Педагогтер балдырғандарға арнап түрлі жануардың бейнесінде ертегіге еніп, көрініс қояды, оларға ән айтып, би билеуді үйретеді, мереке сайын залды түрліше безендіріп, өз қолдарымен гүлдендіреді. Сондықтан тәрбиеші – әрі әртіс, әрі әнші мен биші, әрі дизайнер, ал үйде – ана. Аталған жұмыстың барлығын бір ғана әйел заты атқарып отыр, – деді Гүлнара Маратқызы.
«Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» демекші, жеткіншекті тәрбиемен сусындап, білім нұрымен көмкеріп, бала бұлақтың көзін ашуда осынау алтын қақпаның орны бөлек. Асқан сабырлылықты қажет ететін тәлімді қызмет тәрбиешілерді шаршатпайды. Керісінше, кішкентай балақайлардың жеткен жетістіктеріне куә болып, тәтті қылықтарына қаныққан сайын жұмысқа деген шабыты шарықтай береді. «Бекарыс» балабақшасының қызметкерлерінің де таңертең әр баланы қуана қарсы алуының себебі осында болар.

Таслима ТЕМІРБЕКҚЫЗЫ
07 наурыз 2024 ж. 132 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930